Бүгін Қазақ халқының біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 12 қаңтарда 111 жыл толып отыр.
Д.Қонаевтың өмірбаянынан сыр шертер жеке тектік құжаттар мен коммунистік партия қатарындағы кадрлық жеке істері бүгінде Қазақстан Президенті Архивінде мемлекеттік сақтауда тұр. Архивтің 708 қорында сақтаудағы жеке ісінде 1939-1986 жылдар аралығын қамтитын партиялық ұйымдастыру және кадрлық жұмыс бөліміне қатысты жеке құжаттары жинақталған. Олардың қатарында Дінмұхамед Ахметұлының 1928 жылғы бау-бақшада қарапайым маусымдық жұмыстан басталған еңбек жолы мен тау-кен инженері мамандығы бойынша жоғары оқуға түскені, 1936 жылғы алғашқы Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кеніне жұмысқа орналасып, оны сол уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.А.Скворцовтың қолдаған хаттамаларынан бастап, 1987 жылғы 28 шілдедегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ІХ пленумындағы оны партияның Орталық комитеті қатарынан шығарып, зейнетке жіберген аралығындағы кадрлық-ұйымдастырушылық құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері бар.
Сонымен қатар бұл істе Д.Қонаевтың еңбегіне баға берілген 50-ден астам мінездеме мен партиялық қорытынды қаулылар, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің пленумы отырыстарының хаттамаларының көшірмелері, өмірбаяндық құжаттары тігілген. Мұнда зерттеушілерді қызықтыратын ең басты құжат ол Дінмұхамед Ахмедұлының өз қолымен жазған өмірбаяндық жазбасын айтуға болады. Сондай-ақ мұнда Дінмұхамед Қонаевтың қызметтегі барлық қайраткерлік ғұмыры баяндалған және оның тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асқан Қазақстанның өндірістік гиганттары мен сол уақытта бой көтерген 44 қаланың салынуы бейнеленген фото-құжаттардан құралған альбомы Архивтің кітапханасында бар.
Сонымен қатар Архивтің қызметкерлері 2002 жылы Д.Қонаевтың 90 жылдығына орай ашылған музейіне де жиі қатынап тұрады. Ұлы тұлғаның өмірімен, саяси еңбек жолымен, 3 мыңнан астам фото-құжаттарымен, қолданыста пайдаланған эскпонаттарымен және шежіре тарихымен, ол туралы қазақтың ғалымдарының және халықаралық саясаткерлердің берген бағаларымен музейдің жетекшісі Елена Ивановна Кубашева әрқашан толық таныстыру жасап, құнды мәліметтермен бөлісіп отырады.
Д.А.Қонаев – 45 жылдай басшылық қызметте еңбек етіп, 25 жыл Қазақстанды басқарған әрі 21 жыл Кеңестік Социалистік Коммунистік партия бюросының мүшесі болған. Оның музейінен 1939 жылы отау тіккеннен бастап өмір бойы қасында болған жан жары Зухра Шәріпқызының күнделікті ұстаған заттарымен, оның қол іздерімен танысып, олардың үлгі аларлық отбасылық қарым-қатынасына тәнті боласыз. Дінмұхамед Ахметұлының тұлғалық тұғыры мен танымын зерттеген сайын ол өзінің әлеміне жетелейді. «Ғасыр саңлағы» қатарына енген Димекеңе берген халықтың бағасының қаншалықты шынайылығына көз жеткізесіз.
Оның мемориалдық пәтерімен сол жердің таныстырушы маманы Тимур Талғатұлы таныстырып шықты. Ондағы Дінмұхамед Ахметұлының 5 мыңнан астам бай кітапханасы мен басқа да хоббилерінің жиынтықтары адамды бірден баурап алып кетеді. Халқы арқа сүйеген ардақты ердің дархандығы мен қазақи бауырмалдық әрекеттерінің тәрбиелік мәні тереңнен бастау алады. Димекең тек елдің еңсесін көтерумен, елдік шекараны анықтап, экономикалық-өндірістік саланы ұтымды жолдармен дамытқан білгір басшы болып тарихта қала береді. Оның бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға қосқан өлшеусіз үлесі, дербес қайраткерлігі халық жадында мәңгіге сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталып отыратын ұлы тұлға болып қала береді деп сенеміз.
Нұрлан ТОҚСАБАЕВ, Қазақстан Президенті Архивінің аға сарапшысы