«Жаһандық Оңтүстік дауысы» өзгерістерге үндеді
«Жаһандық Оңтүстік дауысы» өзгерістерге үндеді
451
оқылды
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үндістан Премьер-министрі На­рендра Модидің шақыруымен «Жа­һандық Оңтүстік дауысы» вир­туалды саммитіне қатысты. Бұл жиын «Бір дауыс, бір мақсат» ұранымен өтті. Президент сөз басында осы маңызды форумға шақырғаны үшін Премьер-министр Нарендра Модиге алғыс айтты. Сондай-ақ Үндістанды биыл «Үлкен жиырмалыққа» (G20) төрағалығы­ның басталуымен құттықтады. Қазақстанда Үндістан төрағалығын Нью-Делидің жаһандық беделі мен ықпалының әлем­дік қоғамдастық тара­пынан лайықты мойын­далғаны деп қа­растыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде болып жатқан дағдарыстар орнықты дамуды қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі 2015 жылы келі­сілген шараларға кедергі келтіріп отырға­нын мәлімдеді. Сонымен қатар Қа­зақ­стан­ның өзара диалог пен жаһандық деңгейдегі ортақ мүддені іздеу арқылы туындаған проблемаларды шешуге ниетті екенін растады. Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды міндетке назар аударды. Атап айтқанда, Президент барлық елді Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу үшін күш біріктіруге шақырды. Оның пікірінше, ОДМ-ды жүзеге асыру ісі жекелеген мемлекеттер деңгейінде ғана емес, өңірлік және жа­һандық деңгейде де бірлескен күш-жігерді талап етеді.
– Сондықтан Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ жөніндегі БҰҰ-ның Өңірлік орталығын ашу қажет деп санаймыз. Мұндай орталық БҰҰ-ның өңірдегі жобалық қызметін барынша тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент климаттың өзгеруіне қа­тысты мәселеге де тоқталды. Мемлекет басшысы әлемдегі орташа деңгеймен салыстырғанда температура Орталық Азияда тез көтерілетінін атап өтті. Соңғы бірнеше жылда Орталық Азия аймағының бес елінде қатты қуаңшылық болды. Оның пікірінше, климаттың өзгеруі ха­лықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуді қажет етеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. БҰҰ есебіне сәйкес, климаттың өзгеруі салдарынан жер бетінде 5 миллиардтан астам адам ауызсуға зәру болуы мүмкін. Президент су тапшылығы мен тұрақ­сыздықтың белең алуы мемлекеттердің азық-түлік, энерге­ти­калық және эколо­гиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді деп санайды. Бұдан бөлек, экономикалық, геосаяси шиеленіс және тұрақсыздық күшейіп келеді. Түптеп келгенде, оның сал­дары бүкіл әлем­дегі, әсіресе қуаң­шы­лыққа жиі ұшы­рай бастаған Жаһандық Оңтүстіктегі қауіпсіздікке қатты әсер етуі мүмкін.
– Осыған байланысты мен су ресурс­тарын тиімді әрі әділ пайдалануға септігін тигізетін су технологияларын өзара бөлісу үшін айрықша құқықтар мен преферен­циялар жүйесін енгізуді ұсынамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте Қа­зақстан өзінің ауыл шаруашылығы әлеуе­тін одан әрі пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, азық-түлік пен тыңайтқыштардың халықара­лық саудасына санкция салынбауы және басқа да шектеулер қойылмауы керек. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік, тыңайтқыштар мен медициналық бұйым­дардың жаһандық жеткізу тізбегіне сая­сатты араластырмау жөніндегі Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің үндеуін қолдады. Президент қазіргі геосаяси ахуал жағ­дайында сенімді әрі әртараптандырылған жаһандық транзит пен көлік инфра­құ­рылымының маңызы арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан кө­лік бағыттарын әртараптандыру жұ­мыстарын жүргізіп, Транскаспий халық­аралық көлік дәлізін (Орта дәліз) белсенді дамы­тып келеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы пандемия қаупі мен биологиялық қатерді азайтуға бағытталған жаңа бірлескен шаралар қабылдау өзекті екенін жеткізді. Осыған байланысты Президент бұған дейін ұсынған Биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құруға қатысты бастамасын тағы да еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Қазақстан серіктестермен ин­клю­зивті, көпжақты негізде және ізгі ниет рухында ынтымақтастықты нығай­туға дайын екенін атап өтті. Саммитке Қазақстан Президентімен қатар Азия, Африка және Латын Амери­касындағы бірқатар елдің басшылары қатысты.