Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтың несиесі болса, қарызын 13 айдан кейін төлей алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қорғаныс министрлігі бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері Руслан Тапашевтің айтуынша, қазір мерзімді әскери қызметке шақырылатын және мерзімді әскери міндетін атқарып жүрген азаматтардың несиесін кейінге қалдыру мәселесі жиі талқыланып жатыр.
– «Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтыр 5 желтоқсанда меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, іс-қимыл алгоритмі бекітілді және қазір бұл бағытта толыққанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді әскери қызметке шақырылған немесе оны өткеруші азаматтарға әскери бөлім ұсынған анықтама арқылы екінші деңгейлі банктер алдындағы олардың несиесі кейінге қалдырылады. Бұл уақыт 13 ай деп көрсетілген. Өйткені, әскери міндетті өтеу мерзімі – 12 ай. Ал қосымша 1 ай әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасуы үшін беріледі», – деді аға офицер Руслан Тапашев.