«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Атырау облысының тұрғындарына 4 күн бойына кәсіби заңгерлік кеңестер берілді. Белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған бір топ заңгер маман Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандарында және Атырау қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Пилоттық режимде іске қосылған жобаның атыраулықтар арасында үлкен сұранысқа ие болғандығы байқалады. «Құқықтық көмек» тобы сотта және тағы басқа жағдайда арыз-талап толтыру, өкілеттік ету, өзін-өзі қорғау мәселелері бойынша азаматтарға кеңес берді. Көрсетілген заңгерлік көмек үшін ешқандай ақы алынған жоқ. Газетіміздің өткен нөмірінде айтып кеткеніміздей, Исатай ауданынан басталған кездесулер Индер ауданында жалғасқан еді.
Шешімін таппай жүрген мәселесін айта келген азаматтың бірі – Индербор кентінің тұрғыны Данияр Габсалимов. Ол 2013 жылы шаруа қожалығын қаржыландыру үшін «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ-дан мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы алыпты.
«Алған қаржыны қайтару кезінде қаржыландырушы тараптан қателік кетті. Сондықтан келісімшартты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал Ұлттық банк тарапынан қаржыны қайтару жөнінде талап келген кезде серіктестіктің кейбір құрылтайшысының қаражаты болмады. Сондықтан қаржыны қайтара алмадық. Алайда біз серіктестікті тарату туралы шешімге келіп отырмыз», – деді ол. Абзал Құспан бұл мәселені жергілікті жерде шешуге болатынын, қажетті құжаттарды қосымша алдыртып, осы мәселені Атырау қаласында өтетін жиын кезінде құзырлы органдар алдында баяндайтынын айтты.
Мақат ауданында құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған заңгерлерге хабарласқандардың бірі – жеке шаруа қожалығының иесі Балтагүл Едігеева 2017 жылы 30 бас ұсақ малын ұрлатқан екен. Кейін полиция күдіктіні анықтағанымен, ол ұсталмаған.
«Одан арада бірнеше жыл өткен соң жалғыз сиырым ұрланды. Үйіме ұры түсіп, материалдық шығын келтірді. Оны кім өндіріп береді? Әлі күнге дейін тиісті органдардан мардымды жауап алған жоқпын», – дейді ол. Өз кезегінде, Абзал Құспан бұл мәселе тереңірек зерттеп, толық сараптауды қажет ететіндігін атап өтті. Одан бөлек, аудандық прокурордың орынбасарына әр факті бойынша заң мен нормаларға сәйкес нақты жауап беруді ұсынды. Исатай, Индер, Мақат аудандарында қабылдау жүргізген адвокат жалпы саны 40-тан астан адамды қабылдап, 100-ден астам сұраққа жауап берді.
Ал Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында өткен кездесу барысында қойылған сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік сипатта және тұрғын үй қатынастары туралы болды. Одан бөлек, кадрлық мәселелер де бар. Мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп жүрген бір топ азамат жұмыстан заңсыз қысқарып қалған.
«2020 жылы біздің штат бірлігіміз қысқартуға ұшырап, жұмыстан босап қалдық. Бірақ тура 15 күн өткеннен кейін зауытқа басқа 21 қызметкер алынды. Олардың арасында біздің қысқартылды деген штат лауазымына сәйкес мамандар да болды. Оның ішінде сол кездегі басшының туысқандары, зауыттың басшылық лауазымдағы тұлғаларының ағайындары бар екенін анықтадық. Бұл сыбайлас жемқорлықтың көрінісі, – деп ашынды қабылдауға келген азамат. Арызданушылардың айтуынша, негізінен жұмыстан әділдік талап еткендігі үшін қудаланған. Осыдан кейін олар алдымен бірінші деңгейлік сотқа, кейін апелляциялық сотқа шағымданған.
Абзал Құспан жұмысшылардың құшақтай келген құжаттарына көз жүгіртіп, әрі қарай заң жүзінде қандай әрекеттер жасауға болатыны туралы кеңес берді.
«Қазір жағдайды анықтадым. Бұл жерде тек бір ғана әрекет жасай аласыздар. Екі мәселе бойынша және анықталған жаңа фактілерді тізіп, қажетті құжаттарды тіркеп, «AMANAT» пратиясының облыстық филиалының атына арыз жазыңыздар», – деп кеңес берді.
Ал Атырау қаласында заң кеңесі көмегіне жүгінген Маржан есімді тұрғын: «Мен ағамның мәселесімен келіп отырмын. Ол психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады. Оның атында жекеменшік үйі бар. Қазір оның қамқоршылығымен уәкілетті органдар айналысуда. Анамыз қайтыс болған, әкеміз жасы ұлғайғандықтан мүмкіндігі болмай отыр. Менің сұрағым: «ағама қамқоршылық етуге және үйін өз атымызға аударуға мүмкіндік бар ма?», – деп сұрады.
Адвокат Абзал Құспан бұл мәселелерді құзырлы органдардың араласуымен шешуге болатынын және егер үй сатылатын болса ол кісінің келісімін алу қажеттігін айтты. Партия заңгерлері де бұл мәселені шешуге көмектесетінін жеткізді.