Айгүл Қанатқызы: Отандық оқу құралы қажет
Айгүл Қанатқызы: Отандық оқу құралы қажет
English Proficiency Index сайтының зерттеуінше, Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша 111 елдің ішінде 99-орында тұр. 2021 жылы – 96-орын, 2018 жылы 80-орында болғанбыз. 11 жыл мектепте ағылшын тілінің арнайы пәнін, одан қалды қаптаған ақылы тілдік курстарды оқитын қазақ баласы неге ағылшынша таза сөйлей алмайды? Ағылшын тілін оқытуда 20 жылдан астам тәжірибесі бар ұстаз, республика бойынша СES for You атты жиырмадан астам білім беру орталығын ашып, тіл үйретіп жүрген маман Айгүл Қанатқызын әңгімеге тартқан едік. – Айгүл Қанатқызы, балалар 11 жыл мектепте ағылшын тілін оқиды, бірақ мектеп бітірген соң ағылшын тілін толық меңгеріп шықпайды. Неліктен? – Мұның бірнеше себебі бар: мұғалімнің деңгейі, оқулық маз­мұны, әдістеме және тағы басқа. Мектептерде ағылшын үйрететін көп мұғалімнің өзінде тілдік ке­дергі бар. Олар грамматиканы жақсы меңгеріп, дұрыс оқып, жа­за алғанымен балаға ағылшын тілінде дәріс оқып, сабақ түсін­діре алмайды. Бұл – тіл үйретудегі ең негізгі төрт дағдының (оқу, жазу, тыңдау және сөйлеу) бірі. Ауыл мұғалімдерімен көп жұмыс істедім. Тіл оқытатын орталық­тарым ауылды жерлерде орна­ласқан. Ағылшын тілін үйрететін мұғалімдермен жұмыс істеу үшін «Білім-Күш» қорын ашып, ауыл мұғалімдеріне тегін ағылшын тілі курсын ұйымдастырдық. Сонда байқағаным, базалық тесттің өзінен мұғалімдер төмен баға алып, шетелдік маманмен кездесу кезінде сұрақ қоя алмай, қиналған сәттері болды. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ ауыл ұстаздарының жайы сол. Оқулық дайындау – жалпы білім жүйесінің қордаланған мәселесі. Жыл сайын әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде оқу­лық проблемасына қатысты 4-5 дау шығады. Ағылшын тілінің оқу­лығын дайындау, оның са­пасы және тағы басқа мәселелер де күн тәртібінде күйіп тұрғаны қашан? Біздегі ағылшын тілінің оқулықтары ортақ жүйеге ба­ғынады дегенмен, бірізділік жоқ. Мәселен, бастауыш, орта мен жо­ғары сыныпта оқытатын оқу­лықтардың мазмұнында байла­ныс жоқ. Оқушыға түрлі атаумен әртүрлі баспаның кітабын үлес­тіре береміз. Оқушыға сапалы білімді жақсы мұғалім мен са­палы оқулық қана бере алады. Егер оқулығы керемет, мұғалімі нашар болса, болмаса керісінше тамаша мұғалімнің қолына жүйесіз оқулық түссе – бәрі бекер болмақ. – Мектеп оқушылары шетел­дік мамандар құрастырған оқу­лықпен оқиды. Неліктен? Отан­дық тіл мамандарының өз өнімін құрастыруына не кедергі? – Біздің балалар шетелдік мамандар құрастырған, бізге бе­йімделген оқулықпен оқитыны рас. Оның мазмұнындағы кейбір тақырыптар, сөздер өзгертіледі. Әйтсе де, ол отандық өнім емес. Ағылшын тілі оқулықтарын жаңа бағдарламаға ауыстырған уақытта дайын, сапалы, әбден зерттеліп, зерделенген отандық өнім болмады, сәйкесінше жа­уапты ведомство шетелдік оқу­лықтарды біздің оқушыға икем­деді. Десек те, қазір өзіміздің ма­мандар дайындаған бірнеше оқулық бар. Бірақ олар мемле­кеттік комиссиядан өтпей қалып жатыр, көбі тексерудің бірінші кезеңінен-ақ қайтады. Бәлкім, ол оқулықтардың ішінде азды-кем қателіктер бар шығар. Сөйт­се де, отандық тіл мамандарының жұмысы мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс. Сол авторлардың ішінде өзім де бармын. Оқулық құрастыру мәселесінде ұзақ іздендім. Түр­кітілдес халықтардың не оқытып жатқанын зерттеп көрдім. Өйт­кені олардың грамматикасы, синтаксисі біздікімен ұқсас. Сенесіз бе, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия оқушы­сына өз мамандары жазып кі­табын оқытады. Бізде ағылшын тілін, жалпы шет тілін қазақ ба­ласына үйретуді ғылыми негіз­дейтін зерттеу орталығы жоқ. Егер арнайы бір ғылыми орталық ашылып, соның ішінде оқулық авторларын отырғызып, тіпті өзара бәсеке қылса және бұл орталық мемлекет тарапынан қолдау тапқан болса, сапалы еңбек келер жылы-ақ біздің балалардың алдында жататын еді. Айгүл оқушыларымен – Өзіңіз құрастырған New Wave оқулығы туралы толығырақ айтып берсеңіз... – 2016 жылы доллар бағасы өскен кезде біз оқу орталық­та­рына сатып алатын кітап бағасы бірден шарықтап кетті. Ата-аналардың қалтасына ауыр тиіп, бұл оқулықтардан бас тарта бастады. Сол уақытта сауатты методистерді жиып, жаңа оқу­лық құрастыруды қолға алдық. New Wave-тің алғашқы оқушы­сы – СES for You орталықтары­ның балалары болды. Оқулық құрастыру кезіндегі негізгі ұстаным – қазақтың ба­ласына арнап жазу болды. Тілді әріптен бастап үйретуге зейін қойдық. Себебі қазақ баласы ал­дымен әріп танып, содан кейін сөз құрастырады. Одан соң ағыл­шын тілінде ұлттық құндылықты насихаттауды назарға алдық. Жыл сайын оқушылармен Ұлы­британияға лагерьге барамыз. Сондай сапардың бірінде «Ұлт­тар күні» мерекесі болып, біздің бір оқушымыз қазақтың қазысы туралы айтып бере алмады. Басқа ұлттың балалары тарихын да, салтын да, мәдениетін де айтып, сайрап тұрды. Біз оқу­шы­ға өзге тілде өз елі, тарихы, салт-дәстүрі туралы айтуды үйретпей­міз. Сол сапардан кейін оқу ор­талықтарымызда салт-дәстүр сабағын енгіздік, кейін New Wave оқулығының мазмұнына сый­дырдық. Оқулықтың қазір үш бөлімі құрастырылды. Былтыр күзде рес­ми таныстырылым жасадық. Оқулықтардың аудиосын qr код арқылы тыңдайсың. Баяғы кі­таптардағыдай дискке жазып, арнайы құрылғы іздеп қажет емес. Ағылшынша тақпақ, ән­дердің фонына қазақша күй қойдық. Оқулықтың әр бөлімі бір оқиғаға негізделген. Мысалы, оқулықтың екінші бөлімінде Милена есімді қыз Ұлыбрита­ниядан Қазақстанға келеді, сөйтіп оған қазақ балалары елі­мізді таныстырады. Барлық са­бақ осы Милена қыздың Қазақ­стандағы қызықты оқиғала­ры­мен баяндалады. – Билингуал қоғамда ағыл­шын тілін меңгерудің соншалық қиын болатыны не себептен? – Адам баласы кез келген шет тілін саналы түрде меңгеруі керек. Мәселен, бастауыш сы­ныптан бастап мектеп бағдар­ламасына әртүрлі тіл енгізуді құп көрмеймін. Ана тілінде әдемі сөйлеп, ойын ашық жеткізе ал­маған бала жат тілде сайрап кете қоюы екіталай. Тіл меңгеруді неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым таза сөйлеп кетеді, тілі тез сына­ды деп ойлау дұрыс емес. Бала ана тілінде сауат ашуы керек. Оның үстіне қазақ тілі – әуезді тіл. Тілі қазақша шыққан бала өзге тілді үйренуде, әсіресе ды­быстауда аса қиындық көрмейді. Сондай-ақ тіл үйрету белгілі бір методикаға бағынғанымен, жалпы шығармашылық процесс. Білім беру жүйесінде методика мен оқулық дұрыс болса, қазір неге қосымша білім беру орта­лықтары көбейіп кетті? Балаға сапалы білім керек, ата-аналар оны біледі. Қазір ағылшын тілін үйрету орталықтары аяқ бассаң алдыңнан шығады және бар­лығында бала толы. Өйткені ондағы мұғалімде шығарма­шы­лық еркіндік бар. Олар түрлі материал пайдаланып, ізденіп, сабақта жаңа трендті қолдануға тырысады. Ал жалпы білім бере­тін мектепте мұғалімдер көп жағ­дайда ізденуге құлықсыз. Өйткені онда тіл үйретуден бө­лек, көп шаруа бар. Тіпті, тіл үйрететін ұстаздарды сынып жетекшісі етуге қарсымын. Олар тек тіл үйретуі қажет. Мұға­лім­дерге ізденіске, қосымша білім алуға уақыт керек. – Әңгімеңізге рақмет!