Мектепте диплом беруге дайынбыз ба?
Мектепте диплом беруге дайынбыз ба?
1,221
оқылды
Білім саласында тағы да реформа. Енді 10-11-сынып оқушылары колледж дип­ломын мектепте алатын болды. Осылайша, небәрі 17-18 жастағы жасөспірім арнайы орта білім алып, еңбек нарығына ерте қадам баспақ. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жоба қаншалықты тиімді? Қос деңгейлі білім берудің бір қайнауы кем емес пе? Осы жылдың қыркүйек айы­нан бастап жүзеге асырылатын пилоттық жоба аясында 10-11-сы­нып оқушылары бір мезетте мек­теп пен колледжде қатар оқи алады. Қос деңгейлі білім беру тәжірибесін экс-министр Асхат Аймағамбетов енгізген еді. Қа­зірше эксперимент 16 мамандық бойынша әр өңірде 2 колледжде жүргізіледі. Биыл 9-сынып оқып жатқан оқушылар келесі жылдан бастап аталған эксперименттік жобаға қатысып, бір уақытта дип­лом мен аттестатын бірдей алып шығады. Қазір пилоттық жоба ая­сында Шымкентте екі кол­ледж­бен келісімшарт жасалыпты.
– Бұл жерде мектеп, колледж, ата-ана тарапынан үшжақты ке­лісім жасалып, ерікті түрде жүзеге асырылады. Егер бала түске дейін мектепте білім алатын болса, түс­тен кейін колледжде білім алуына болады. Колледждегі білім беру 4 сағаттан артық болмауы керек. Жалпы, бізде жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі менен та­мақтандыру индустриясы және сервис колледждерінде осы экс­периментті жүзеге асыруды жос­парлап отырмыз. Бір колледж ті­гіншілерді дайындаса, екіншісі аспаздарды дайындайды. Бүгінде бұл мамандықтар сұранысқа ие, – дейді Шымкент қалалық Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жанар Алтаева.
Мамандықты оқушының өзі таңдайды әрі ол бюджет есебінен жүзеге асырылады. Әзірге мұндай мүмкіндікті мегаполисте 9-сынып оқып жатқан 19 мыңға жуық оқу­шы пайдалана алады. Егер тиім­ділігі дәлелденсе, болашақта жо­баны жандандыру көзделген. Әдетте оқушылар 9-сыныптан кейін мектеппен қоштасып, кол­леджде 2 жылдан аса уақыт оқыса, бұл жоба арқылы 1 жыл 5 айда дипломын қолына алып, бір ма­мандық иесі атана алады. Әрі 11-сыныпты аяқтап, аттестатқа да ие болады. Оқу жоспары өзгеріске дайын емес Дегенмен білім сарапшыла­рының пікірінше, дәл осындай жобаны іске асыруға әлі ерте. Себебі еліміздің білім беру жүйесі бұған дайын емес. Мысалы, Гер­манияда мектептің өзі бірнеше топқа бөлінеді. 4-сыныпты бітір­геннен кейін оқушылар не гим­назияны, не орта мектепті таң­дай­ды. Гимназияға түсетіндер ке­ле­шекте жоғары оқу орнына түсіп, ғылымды игеретіндер. Ал орта мектепке болашақта жұмыс­шы мамандығын таңдап, кол­леджге түсетіндер барады. Ал бізде барлық мектеп бұлай жіктел­меген. Сондықтан әр баланың қабілет-қарымы әртүрлі. Кол­ледж­дің дипломдарын беру бі­ріншіден, жоғары білім алуды қалайтын жастардың болашағына кері әсер етуі мүмкін. Екіншіден, қоғамдағы техникалық білімнің беделін түсіреді. Сол себепті тех­никалық мамандыққа оқушы­ларды баулу мақсатында курстар ұйымдастыруға болады. Ал кәсіп игеріп, бірден диплом алып шы­ғуға әлі ерте. Өйткені колледждің 1-2 курсындағы білім беру бағ­дар­ламалары мектептің 10-11-сыны­бының бағдарламасымен бірдей. Яғни, оқу бағдарламалары қай­таланады. Сондықтан ең бірінші оқу бағдарламасын саралау керек.
– Еңбек кодексінде әр адам­ның апталық жұмысының мөл­шері көрсетілген. 16 жасқа дейінгі балалардың білім алу уақыты 36 сағаттан аспауы керек. Мектепте 36 сағат оқыған баланың шамасы түстен кейін колледжге баруға жет­пейді. Диплом дегеніміз – бі­ліктіліктің деңгейі. Халықаралық біліктілік жүйесі бойынша білік­тілігі 4-тен кем маманға диплом бермейді. Төрттік деңгейі бар көлік жүргізушісі жүк машинасын жүргізе алуы керек. Қауіпсіздік ережесінде ол үшін кем дегенде 70 сағат рөлде үйренуі керек делін­ген. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына диплом беруге асықпай, бірінші куәлік беру ке­рек. Ол мектеп бітірген соң бала­ның еңбек нарығына араласа ала­тынын растайды,– дейді Talap КАҚ президентінің кеңесшісі Қадырбек Қозыбайұлы.
[caption id="attachment_236722" align="aligncenter" width="1540"]мектеп диплом © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Оның айтуынша, Еңбек ко­дексінде жұмысқа тұру үшін білік­тілік куәлігі керек деп көрсетілген. Егер мектеп бітірген соң жастар жұмыссыз қалады деп қорықсақ диплом емес, куәлік беру керек. Дегенмен бұл жаңа министрге де­йін қабылданған жоба. Сон­дықтан алдағы уақытта министр­дің аталмыш жобаға өзгеріс енгізуі әбден мүмкін. Кәсіптік бағдар дипломнан маңызды Ал білім сарапшысы Мейіржан Темірбектің пікірінше, жоғары сы­нып оқушылары мектептің сы­йымдылығына қарай кейде та­ңер­тең оқыса, кейде түстен кейін оқи­ды. Қаладағы мектептер кол­ледж­дерге оқушыларын жі­бер­ге­німен, ауылда колледж жоқ. Ұза­са, әр ауданда бір колледж бар. Сонда он шақты ауыл мектебінің оқу­шы­сы аудан орталығына ба­рып, бір колледжде оқи ала ма? Екіншіден, жоғары сынып оқу­шылары бос уақыттарында көбіне ҰБТ-ға дайындалады, қосымша білім беру орталықтарына барады. Өз кезе­гінде бұл жоба тестілеуге дайын­далуға да кедергісін келтіреді.
– Екі жылда мектеп оқушы­ларынан сапалы кадр дайындау мүмкін емес. Бұрын әр мектеп жо­ғары сынып оқушыларына трак­торист, тігінші сияқты кә­сіпке баулып, курсты бітіргеннен кейін жүргізуші, тігінші куәлік­терін беретін. Бірақ ол үшін мек­тепте трактор, тігін машиналары, кадрлар, әртүрлі жабдықталған кабинеттер болуы керек. Сон­дық­тан мектептің техникалық базасы жетпегендіктен, бұл курстар тоқ­та­тылды. Көп жерлерде оқушылар 9-сыныптан кейін колледжге ке­тіп қалады. Мысалы, кейбір ауыл­дарда оқушы саны қысқарып барады. Бұл жоба мектептердің жа­былмауы үшін де жасалуы мүм­кін, – дейді Мейіржан Темірбек.
Сарапшының айтуынша, оқу­шыларға уақыт жетпейді деп күзден бастап мұғалімдердің са­ғаты қысқарған. Бірақ оқу жылын 31 мамырға созды, жоғары сы­нып­тарды колледжде қосымша оқытуға белді бекем буып отыр. Бұл жерде министрліктің бір жо­басы, екіншісіне қарама-қайшы екенін байқауға болады. Онымен қоса, Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұр­бек биыл Ұлттық тестілеу ор­та­лығы ҰБТ алдында кәсіптік ба­ғыттау функциясын іске қоса­ты­нын айтып еді. Осылайша, оқу­шылардың қабілетін анық­тайтын арнайы тест енгізілмек. Бір оқушының басына бірнеше міндетті үйіп берген қаншалықты дұрыс? Оқушыға кәсіптік бағдар керек пе, техникалық біліктілік керек пе?
– Сапалы, қоғамға керек ма­ман дайындау үшін ең бірінші оқушыларға кәсіби бағдар беруі­міз керек. Жоғары сынып оқушы­ларының барлығына техникалық бағытта білім берген дұрыс емес. Себебі әр оқушының бейіні әр­түрлі болады. Елімізде кәсіби бағ­дар беруге көп көңіл бөлін­бе­ген. Министрлік заңнамалық ак­ті­лерге өзгеріс енгізіп, кәсіби бағ­дар бе­руді міндетті пәндер қатарына кіргізбекші. Әлемдік практикада кәсіби бағдар бала­бақшадан бас­талады. Біз олай жа­сай алмай­мыз, 9-сыныптан бас­талса оның өзі жақ­сы. Кәсіби бағдар беру бола­шақта болатын көптеген проб­леманың алдын алады. Сондықтан 10-11-сынып оқу­шыларына кол­ледждің дип­ло­мын бермес бұрын бірінші кәсіби бағдарын анықтап алуымыз қа­жет, – дейді сарапшы Мерей Аманов.
Осылайша, мектептегі жоғары сынып тағы да эксперимент ала­ңына айналмақ. Білім саласы өссін десек, ең бірінші оқушы­ларға кәсіптік бағдар беруіміз ке­рек. Олай болмаса, өз ісін сүй­мейтін, нарыққа жарамсыз кадр­лар көбейеді. Ал біздің білім нарығы қос деңгейлі білім беруге әлі дайын емес. Сондықтан текке диплом таратқаннан ешнәрсе шешілмейді.