Кореяға жұмыс істеуге кеткен Альбина Кабдулдина әлі іздестіріліп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматы 1 жарым жыл бұрын жоғалған. Бұл туралы Aikyn.kzAstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды.
35 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тумасы соңғы рет 2021 жылдың маусым айында анасымен байланысқа шыққан. Содан бері хат-хабар үзілді.
«Туған-туыстары өтініш білдірген болатын, іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Корея тарапына біздің алаңдауымыз жеткізілді, консулдың ерекше бақылауында. Өкінішке орай, әлі күнге дейін таба алмай жатырмыз. Бар үміт Корея тарапының полициясында болып отыр», – дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Шарасыз күйде жүрген Альбинаның анасы үмітім сөнуге таяу қалды дейді. Себебі Корея елшілігі де арадағы байланысты тоқтатқан.
«Мен соңғы екі айдан бері Оңтүстік Кореяның елшілігі мен консулына «менің қызыма қатысты деректер бар ма, жоқ па?» деп хабарласып, жазып жүретінмін. Ал олар маған жауап бермейді, тіпті елемейтін болды. Осыған дейін бір жыл бойы «іздеп жатырмыз» деп айтуды да қойды. Мен жаңа жылға дейін де, кейін де жаздым, бірақ бірде-бір жауап жоқ», – дейді Альбина Кабдулдинаның анасы Айгүл Болсаева.