Жазушы – адам жанының инженері – Әкім Тарази
Жазушы – адам  жанының инженері – Әкім Тарази
3,520
оқылды
«Жазушылық маған дүниенің сырын ашты. Өзіме-өзімді зертетті, өзімді-өзіме тергетті» деген екен бір сұхбатында Әкім Тарази. Расында да, қаламгерді танығыңыз келсе, шығармаларын оқы дер едік біз. Қазақ әдебиетінің Әкіміне айналған тұлғаның жазған-сызғаны да ел-жұртының көз алдында. Өмірінің әрбір сәулелі сәттерін қағазға түсіріп, оқырманына тарту етті. Қандай көркем дүние жазса да, онда Әкім Таразидің келбеті бар, мінезі бар, болмысы жатыр. Ендеше, Әкім ағаны өзге жазушылардан ерекшелейтін не дүние? Біздің білгіміз келгені де – осы. – Әкім аға, әңгімені Бальзак­тың «Әр суреткер өзін-өзі жазады» деген сөзінен бастағым келіп отыр. Сіз кімді жаздыңыз? Өзіңіз­ді ме? – Мен әрине, өзімді жаздым. Өзімді жазбасам, кімді жазамын?! Басқа адамдардың тағдырын екінші бір адам жазып, еш уа­қытта рахаттанбайды. Тіпті, жазу­шы өзінің екінші дәрежелі кейіп­керінің өзін – өзі арқылы береді. Мен де өзімді-өзім кейіпкер қыл­дым, кейде кей кейіпкер ав­тор­дың өзі болып тұрады. Өзін-өзі сыйлайтын адам басқа біреу­ден үйренбей, өзінен үйренеді. Көп адам өзін «жазушымын» деп айтады. Мен оның шығар­масын, аты-жөнін білмеймін. Оны өз­гелер мойындағанда ғана жазушы деп аталады. Бүгінгі біздің ең үлкен қателігіміз – осы. Алматыда жүргенде жақсы достарым болды. Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Амантай Сатаев, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділ деген. Жарық­тықтар, өмірден өтіп кетті. Олар­дың бәрін мойындаған – оқыр­маны. Олар сол оқырманы арқы­лы өсті, сол оқырманы арқылы қазақ әдебиетіне танылды. – Сіздің әдебиетке келу жолы­ңыз «Етікшіден» басталғанымен, тікелей себепкер болған жан – Ғабит Мүсірепов. Бірақ маған ал­ғашқы әңгімені «Араға» жібер­геніңіз қызық болып тұр. Оған дейін «Араны» жиі оқып жүрдіңіз бе, әлде Ғабеңе жібергіңіз келді ме? – Біріншіден, жақсы көріп, пәленшеге жағынайын деген ойым болған емес. Ғабит ағаны қатты сыйладым. Қарамағында істедім. Ол кісі мені өзінің ұлын­дай көрді. Осы күнге дейін ой­ласам, Ғабит аға менің әкемдей болған екен. Ол кезде әкем қай­тыс болған. Адам жас кезінде шеше емес, әке іздейді. Шешені қыз балалар іздейді, ұл бала әке­сін іздейді. Мені де Ғабеңе жа­қын­датқан дүние осы болса керек. Рас, Ғабең жолымды ашты. Ол кезде небәрі 23 жастамын. Әу бастан осындай жақсы кісінің жо­лыққаны – менің өмірлік жо­лым­ды ашты. Сол кісінің тәр­биесін алдым. Ғабеңнің бір жақ­сылығы, әкем қатты ауырып, үйде болуыма тура келгенінде де қыз­меттен босатпай, ауылда тұруға мүмкіндік жасады. Ауылда жүріп-ақ жалақымды алып тұрдым. Әнеки, үлкен жүректі аға қамқор­лығы осы емес пе?! – Бір әңгімеңізде Өтебай Қанахиннің де тәрбиесін көрге­ніңізді айтқан едіңіз. Ол кісінің «Қарт сарбаз хикаясын» өртеп жібергенінен де хабардар болған шығарсыз. Сол сәттерде ол кісіге хабарласа алдыңыз ба? – Өте мәдениетті, өте сыпайы адам еді. Бір адамға қатты ұрыс­қанын көрген емеспін. Ол кісі бізде бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Офицер болатын. Армия­дан кейін келген. Әскерден кел­генінде «жазып едім» деп, бір әңгімесін тастап кетті. «Сынасам, ренжімейсіз бе?» деп сұрадым, «Рен­жімеймін» деді. Оқып шық­тым. Сызып тастайтын жерлері болған жоқ, жап-жақсы шығарма. Ғабит ағаға айтып, журналға шы­ғардық. Содан кейін жиі араласып кеттік. – Социалистік қоғамға қарсы­лығын ақын-жазушылар ептеп шығармаларында көрсеткенімен, нақты ашып айта алмағаны белгілі. Өйткені кеңестік цензураның қай­шысына қиылып, қаншама шы­ғарма кетті. Сіз де қиындық көр­діңіз бе? – Бір қызығы, маған шабуыл жасаған ешкім болған жоқ. Жас бала деп қамқорлықпен қараған сияқты. Ол кезде тым жас едім. Ары қарай кино саласын оқимын деп, Мәскеуге кеттік ғой. – Сатиралық фельетон жаз­дыңыз. Бүкіл шығармаңыздан мысқыл, әжуа, кекесін байқалады. Бірақ сіз киносценарий жазуды жөн көрдіңіз. Киногерлер одағын да сол себепті таңдадыңыз ба? – Киногерлер одағын таңда­ғаным, кино – жазушыға үлкен мүмкіндік береді. Сенің жазған киносценарийіңді бүкіл Қазақ­стан, тіпті әлем халықтары оқиды. Сондықтан өзімнің бұл салаға баруымды ерлік деп санаймын. Бір жағынан, бұл менің таңдауым ғана емес, Киногерлер одағының да шешімі еді. «Осы баладан жақсы кинодраматург шығады» деп сеніммен айтты. Сөйтіп, бұл саланы тереңдеп оқу үшін Мәскеуге кетіп, киноға дендеп бет бұрдым.   Жазушы жеке-дара майданға шыққан адам сияқты – ХХ ғасырдың 60-70 жыл­дары қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп санаймыз. Сол алтын ғасырды тудырған жандардың артық­шы­лығы неде, кемшілігі не деп ой­лайсыз? – Өз достарым болғандықтан, мүмкін, кешіре білген шығармын. Кемшілігін көрген жоқпын. Ар­тықшылықтары көп еді. Менің достарымның бәрі шетінен жақсы адам болды. Жұмыста отырсаң, «Акимушка» деп кіріп келетін. «Жүр, кеттік» дейді. Бірге асханаға барамыз. Ырду-дырду отырамыз. Қазір достарым ту­ралы көп айта алмаймын. Жылап қаламын. Сайын, Қалихан, Амантай, Рамазан... Барлығы кетіп қалды... – Айту қиын ба, жазу қиын ба? – Жазу қиын. Айту деген оңай ғой. Көшеде бірге жүрсең де, қа­сың­дағы адамға сырыңды, мұ­ңың­ды айта беруге болады. Ал жазу­дың жөні бөлек. Сен жақсы жаза алсаң ғана мықты жазу­шысың. – Алдыңғы толқынның Ата буыны ретінде кейінгілер ара­сындағы кикілжіңдерге қалай қарайсыз? – Мен оларды татуластырғым келіп тұрады. Себебі, жазушы «ұрысуға» жаралған адам емес. Бір-біріне ақыл айтуы мүмкін, бір-бірінің жіберген қателіктерін түзетуі мүмкін. Жазушы өзін-өзі тәрбиелейтін, сол тәрбиесі ар­қылы ұлтын да тәрбиелейтін адамдар ғой. Ақын-жазушылар деген ат төбеліндей шағын ғана топ. Жұрттың бәрі жазушы бола бермейді. Мен журналистерді кемітпеймін, олардың да өз дәрежесі бар. Ал жазушының еңбегі – ол бөлек. Ол жанымен күйініп жазады. Қиналады, ізде­неді, таба алмай, қамығады, тапса – қуанады. Жазушының табиғаты басқа. Жазушы жеке-дара май­данға шыққан адам сияқты. Жа­зушыны адам жаны­ның инженері деп бекер айтпаған. Жазушы бірде ағасы сияқты, бірде досы сияқты. Түрлі құбылысты бастан кешуі мүмкін. Оның қиналысын, жан тебіренісін, толқынысын шығармасынан іздеңіз. – Қазір түрлі әдеби бәйге бар. Қайсысына түсер едіңіз? – Ешқайсысына түспеймін. Мен үшін ұят. Ол жас жазушыларға ғана жарасады. Әкім Таразиге жараспайды. – Аштықты көрдіңіз. Ұрпақ азған жоқ. Тоқтық адам баласын аздыра ма? – Адам тоқтықтан да азады. Хәкім Абайдың: «Қарыны тоқ­тық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» демей ме? Тоқ­тықтың да қиын кезеңі болады. Күні-түні арақ ішіп, айғайлап, қарқылдап күліп, көшеге шығып, біреулермен төбелесіп жүрсе – азғындық емес пе? Бізді аталарымыз аман сақтап қалды. Әкем мен шешем аштық­тан аман алып қалды. Сол бір күн­дерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақы­рыбын айту – мен үшін өте ауыр. Әкім Тарази – Өмірді қайта бастасаңыз, әдебиетті таңдар ма едіңіз? – Әрине, таңдар едім. Әде­биет­тен басқа ешбір салаға бар­маймын. Бала күнімнен ертегі оқып өстім. Жігіт болған шағымда алғашқы әңгімелерімді жаза бастадым. Менің табиғатым – жазушы. Ішімде бәрі қайнап жатады. Әдебиет – менің әкем, анам, досым, сырласым. Мен жаз­ғанда сырласып отырып, жа­за­мын. Өзімді-өзім аямаймын, жеңемін. Жеңілетін кездерім де болады. Онда қиналамын. Кейіп­кер табудың өзі қиын. Әр шы­ғармаң – өз балаң сияқты. Ал киноға кеткенде, әдебиеттен ке­тіп қалған жоқпын. Кино – ол да әдебиет, театр да әдебиет. Бәрін бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаймын.   Әдебиет адам жанын тазарту үшін қажет – Алдыңызда Ғабең бастаған ұстаздар тобы болды, төменге қарасаңыз ше? Кімді көресіз? – Мен еш уақытта төменге қараған адам емеспін. Үнемі жо­ғары қарадым. Ғабеңнің тәрбие­сін көрдім. Ол өз баласындай еркелетіп ұстады. Ол еркелікті өзгелерге көрсеткен емес. Қасын­да болғанымда еркелетті. «Әкім­тай» деп сөйлейтін. «Қиналып жүрген жоқсың ба?» деп сұрай­тын. Біреу тұрған жоқ па деп, айналама бір бағдарлап қарап алып, сыбырлай жауап қайтара­тын едім. Соның бәрі күні кеше болғандай көз алдымда тұрады. – Сатыбалды Нарымбетовтің айтқаны бар еді: «Әкім аға қазіргі жасында Ғабең сияқты. Ақырын жүреді, сабырмен сөйлейді. Сөйлеп отырған кезінің өзін Ғабеңе ұқса­тамын» деп еді. Ғабең сізге несімен қымбат? – Үртай – менің өз әкем. Ғабең – менің екінші әкем. Оның жақсылығын өте көп көрдім. Ғабең туралы өмір бойы сүйіс­пен­шілікпен, махаббатпен айтып келемін. – «Өмірде ұстаз болған үш адамның есімін жиі айтамын» дейсіз. Олар кімдер? – Олар: Мәлік Ғабдуллин, Ғабит Мүсірепов, Кемел Тоқаев. Үшеуі де – менің рухани әкелерім. Олардан үйренгенім де көп. Әдебиетте ғана емес, өмірде де ұстаз бола білді. Олармен сөз та­лас­тырған емеспін. Мен олардың табиғатын түсінуге тырыстым. Әлі күнге дейін жадымнан бір шығарған емеспін. Қандай ғажап адамдар еді! Қандай талантты жазушылар еді! – «Қорқау жұлдызды» 1988 жылы жаздыңыз. Саяси цензура­дан бұл шығарма қалай аман қал­ды? Бүгінгі «қорқаулар» туралы не айтар едіңіз? – Бүгінгі уақыт туралы еш­теңе айта алмаймын. Себебі, олар туралы нақты ештеңе біл­меймін. Ал сол замандағы «қор­қауларды» өзім көріп жүрдім. «Арычная» дейтін көше бар еді. Арықтан су ағып жататын. Суы лайлы бола­тын. «Қорқауларды» да сондай лайлы сумен теңес­тіретін едім. Ал «Қорқау жұлдыз» цензурадан қалай аман қалға­нына өзім де таңғаламын. Көп байқай қоймады ма, әлде бай­қаса да, байқамаған қалып та­нытты ма, әйтеуір маған ешкім тиіскен жоқ. – Жалпы әдебиет не үшін керек дейсіз? – Адамның жанын тазарту үшін қажет. Жанды тазарту оңай емес. Адамдар бір-бірін «қа­ра­лап», жанын жаралатып жатады. Сондай кезде әдебиетті оқы­сын, әдебиеттен рухани ләззат алсын. Жүрек ауыртуға болады, жүректі қалай таза ұстауға болады?   Олар туралы жүрегіммен жаздым – Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесін» жазды. Қабдеш Жұмаділдің «Таңғажайыбы» бар. Сіздің әріптестеріңіз туралы жаз­ған естелігіңіз бар ма? – Бар. Біріншісі – «Көк аспанда қырағы көз бар», екіншісі – «Тәж». Осы екі кітабымда дос­тарым туралы айтамын. Көбірек әдеби эсселер берілді. Шәкен Айманов, Ғабит Мүсірепов, Мәжит Бегалиннен бастап, тағы басқа ағаларым мен құрдастарым туралы жаздым. Ағаларым туралы айтқан сайын басымды иіп оты­рамын. Ол кісілерге құрметімді осылай көрсеткім келеді. – Достарыңыз жайлы көп жазылды ғой. Дегенмен бесеуіңізді достастырған әдебиет пе? – Әрине, әдебиет деп айтар едім. Әдебиеттің құдіреті сол: шын жазушының досы көп болады. Дарынсыз адам болса, жауы көбейеді. Нашар шығарма жазса, «сенің мынауың нашар екен» демейді. Оқымаған болып, қа­сынан өтіп кетеді. Менің қа­сым­нан өтіп кеткен ешкім болған емес. Достарым да мені қатты сыйлады. Олар мені «Әкітай» дейтін, кейде «Әкімушка» дейді. Мен де оларды қатты құрметтедім. – Достарыңыз неге сізді «көке» деді? – Мен оларға тік сөйлеймін. Орысша айтқанда, «резко» айта­тынмын. Сол үшін ағалап, бәрі «көке» деп еркелейтін. Кейде жаз­ған дүниелеріне көңілім тол­май қалған тұстарда, қатты айтып тас­таймын. «Аға» деп сыйлап, көңіл­деріне алмайтын. Өйткені мен олардың өзін емес, шығарма­сын сынадым. Олар да дұрыс сын­ға ренжіген жоқ, достық қарым-қа­тынасымыз одан ары беки түсті. – Рамазан Тоқтаров сізді «Біздің кеменің капитаны» деп айтқан екен. Рас па? – Алысқа апаратын кемені басқаратын адамды капитан дейді ғой. Солай еркелететін еді бәрі. Бірде-бір досымды сыртқа тепкен емеспін. Өзім сырымды айтамын, оның сырын тыңдаймын. Жазу­шы деген ұғымның түбінде сыр­ласу жатқан жоқ па? Бізді достас­тырған да дүние – осы. Біз бір-бірімізбен сырласа алдық, мұңы­мызды, дертімізді, жүрегіміздегі барды айта алдық. Жұбаттық, жол сілтедік, бір-бірімізге үміт сый­ладық. – Мемуарға күдікпен қарай­тындар көп. Жанр ретінде автор­дың субъективті пікірі болады, кей­де тіпті «қиянат» айтылады деп те санайды. Арнайы мемуар жаз­басаңыз да, әдеби эсселер арқылы үл­кен тұлғалар туралы естелік жаз­ғаныңызды білеміз. Мемуар жазуға қалай қарайсыз? – Олар туралы жүрегіммен жаздым. Бір қарағанда әкемнің, бір қарағанда ағамның рөлін атқарды. Ал мемуар жазуға кел­сек, көзі тірісінде айтпаған сөзді өлгеннен кейін айту – күнә. Ол сол әңгімені тірі кезінде, жұрттың көзінше айтқан болса, сенер едім. «Доспын» деп жүріп, қиянат жа­са­ғандар бар. Қиянат жасап жүріп, «доспын» деп өзін көрсет­кендер болды. Менің бір мақта­натын жайым бар: ешкім туралы ғайбат сөз айтқан емеспін. Қия­нат та жасамадым. Естелік, әдемі эссе жазуға болады. Онда да құрмет көрсеткен, қадір тұтқан ағаларың жайлы жазылса, оны көркем шығарма дер едім. – Әдебиетке келіп жатқан жаңа буынға, жастарға не айт­қыңыз келеді? – Қазіргі жастардың көбінің шығармашылығын біле бермей­мін. Газет-журналдарға шығып жатады. Және менің сезімім бар, ол маған ғана тән. Жақсы шы­ғарманы іздемеймін, сеземін. Сезіне алмасам, онда жақсы шы­ғарма болмағаны. «Оқып едім, жақсы баға қоямын, ризамын» дейтіндер бар. Сен өзіңді-өзің сый­лайтын болсаң, үндеме! Із­дене түссін, көбірек оқысын, со­ған жол сілте! Мен ешқашан әдебиеттен табыс табамын деп ойлаған емес­пін. Жақсы жазушы­лардың тәрбиесін көрдім. Үлгі-өнеге ал­дым. Жол сілтеді. Сол жол еш­қашан мені адастырған жоқ. Мәселен, Мұхтар Әуезов өте биік деңгейдегі жазушы болған­дықтан, ол кісіге жақындап бару­ға жүрексінетін едім. Жақындап бару үшін мықты адам болуың керек. Ол кісіден қорқатын едім. Өмір бойғы өкінішім де сол, қол созым жерде тұрған Әуезовке батылым жетіп, сәлем бере ал­мадым. Мәскеуде оқып жүргенім­де «Москва» қонақүйінде ұшы­расып қалдым. «Кроко­дильге» жазып жүретін кезім. Қонақүйге кіріп келе жатсам, Мұхтар Әуезов сыртқа шығып келеді екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі сыртқа шы­ғып кетті. Кейін қайтыс болғанда да мен Мәскеуде едім. Ұлы жазушының қайтыс болғанын естіп, өз-өзімнен жылдам. Қа­сымда ешкім жоқ. Жалғыздық әсер етті ме, әлде әдебиеттің киесі ме, қатты жылағаным есімде. Сол сияқты жақсы жазушыны оқырман өзі екшеп шығарады. Жақсы шығарманы да солай екшеп тұрады. Жақсы ма, жаман ба, бағаны да беретін – оқырман! Қандай құрметке лайық болсам, бәрі де елдің арқасы! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ