“AMANAT” партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Аустралияда сәтті өнер көрсеткен Елена Рыбакина мен Альбина Кәкеноваға қолдау білдірді.
"Кеше біз Australian Open турнирінің финалында қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның керемет әрі тартысты ойынына куә болдық. Бұл финал нағыз мықтылардың сайысы еді. Иә, бұл жолы «Үлкен дулыға» бізге бұйырған жоқ. Бірақ Лена бүкіл қазақстандықтарды біріктіріп, бізге нағыз спорт мерекесін және өз елімізге деген мақтаныш сезімін сыйлады! Елена Рыбакина небәрі 23 жасында теннистегі ең беделді екі турнирдің финалында өнер көрсетті және бұл оның спорттағы жетістіктерінің бастауы ғана. Ол алдағы бірнеше жылда «Үлкен дулыға» саналатын төрт бірдей турнирдің бәрінде жеңіске жетіп, әлем тарихындағы ең мықты теннисшілердің қатарына қосылатынына бек сенеміз! Бізді Еленаның артынан жас ізбасарлары өсіп келе жатқаны да қатты қуантады. Бүгін Мельбурнде аяқталған теннистен жасөспірімдер арасындағы Asia-Pacific Elite 14 & Under Trophy турнирінде 14 жастағы жерлесіміз Альбина Кәкенова керемет ойын көрсетті. Теннисшілерімізге сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан түспесін!", – деп жазды Ерлан Қошанов.