Алматы қаласында партияның сегіз аудандық филиалының төрағалары болып өңірдегі нақты жағдайды білетін және партия белсенділері қатарындағы көшбасшылар сайланды.
Сонымен, конференциялар қорытындысы бойынша партияның Алатау аудандық филиалын Жарқын Алдамбергенова басқарады. Ал партияның Алмалы аудандық филиалына кеңесшіден бастап, Алматы қаласы аудандық филиалының атқарушы хатшысына дейін еңбек еткен партиялық жүйеде 11 жылдан астам тәжірибесі бар Ерлан Әлбисенов жетекшілік ететін болды.
Партияның Әуезов аудандық филиалын басқару 20 жылға жуық партия қатарында тәжірибесі бар, түрлі партиялық қызметте 17 жылдан астам уақыт еңбектенген Найля Ордабаеваға сеніп тапсырылды. Партияның Жетісу аудандық филиалының төрағасы болып Ерлан Давов, Медеу филиалының төрағасы болып Азат Ажиманов сайланды. Наурызбай және Түрксіб аудандарында партия белсенділері Тынышқали Сәбен және Серікболсын Сарыбаевты сайлады. Айта кетерлігі, бұған дейін жеті аудандық филиалдың төрағалары атқарушы хатшы ретінде қызмет еткен.
Ал мегаполистегі ірі аудандардың бірі – партияның Бостандық аудандық филиалын қоғамдық негізде қалалық қан орталығының директоры, 22 жылдық еңбек өтілі бар аманаттық Жандос Нәдіров басқаратын болды. Жаңадан сайланған төраға денсаулық сақтау саласында 25 жылдан астам еңбек етіп келеді, жоғары награда – «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері.
«АМАNAT» партиясы қалалық филиалының басшысы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, сегіз ауданның филиал төрағаларын сайлауда партиялық бастамаларды жүзеге асыруда кәсіби тәжірибесі мол, бұған дейін де қоғамдық-саяси істерге белсене араласып жүрген, сондай-ақ өз ауданының жағдайын жақсы білетін адамдар таңдалған.