Қансонарда Зүлфия шығады аңға...
Қансонарда Зүлфия шығады аңға...
© коллаж: Елдар Қаба
7,316
оқылды
Былтыр 80 мың киікті атуды жоспарлап, ақыры қо­ғамның сынына қалған Экология министрлігі ұстаны­мы­нан әлі айнымаған секілді. Жақында ведомство ғылыми мақсат үшін 2 мыңға жуық киікті аулайтыны жайлы ақ­парат шыққан болатын. Дегенмен министрлік киікпен шектелмепті, таяуда олар бір жылдың ішінде миллион­даған жануар мен құсты жою туралы құжатты жариялады. Министрлік бұл қадамға не үшін бармақ? Көптің көңіліне күмән ұялатқалы тұрған жоба жайлы не білеміз? Ескі соқпақтың елесімен әуре Былтыр Экология министрі болып тұрған Серікқали Брекешов 80 мың киікті қыру жайлы айтқанда дүрлікпеген ел қалмаған еді. Ведом­ство бас­шы­сы бір облыстағы ша­руалардың на­зын сылтау еткенін жақсы бі­леміз. Ақыры, Президент­тен сөгіс алып, таяуда отставкаға кетіп тын­ды. Оның орнына Зүлфия Сүлей­менова келді. Әуелде «ет же­меймін» деп өзін жаңашыл қы­рынан көр­сеткісі келген ведомство басшысы жануарларға аса жанашыр емес тәрізді. Оны бастамасынан аңғар­дық. Экология және табиғи ре­сурс­тар министрлігінің Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитеті бір құжатты жа­риялады. Жаңа Экология және табиғи ре­сурстар министрінің «2023 жылғы 15 ақпаннан бастап 2024 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою ли­митін бекіту туралы» деп аталатын бұйрығының жобасы. Құжатта бір жыл бойы елде қанша жануарды ау­лауға болатынын көр­сеткен. Бұл квотаны бекітер болса, аңшы­лар­дың қанжығасы майла­нып, аталған министрліктің ел та­рихындағы «ең сүйкімсіз» кезеңі бол­ғалы тұр. «Аң­сыраса аңшы тоқ­тамайды» де­ген­дей, аңшылықты ұйымдас­ты­ру­мен айналысатын фирмалар қы­руар қар­жы тапқалы отыр. Оларға тек құ­жаттың мақұл­данғаны ғана қалды. Миллиондаған аң-құсты қырмақ Енді елең еткізбей қоймайтын нақты сандарға көз жүгіртейік. Жобаға сәйкес, биыл 15 ақпаннан бастап 2024 жылдың 15 ақпанына дейін аң аулау лимиті келесідей: 333 499 суыр, 309 233 ондатр, 67 081 түлкі, 49 989 сасық күзен, 23 870 борсық 13 634 жабайы шошқа, 12 706 елік, 22 мыңнан астам қарсақ пен ақкісті жою жоспарланған. Бұл тізім осылай кете береді. Тіпті, бұл «қырғыннан» аман қалатын жануар түрі санаулы тәрізді. Құстарды есепке алмағанда, 853 мыңнан астам жануарға қауіп төніп тұр. Құстарға да қауіп көп. Бұл жерде миллиондап санауға болады. 1,78 миллион үйрек, 1,05 миллион қаз, 480 мың қасқалдақ, 107 мыңнан аса кептер, 72 мыңнан аса қырғауыл нысанаға алынған. Бұдан өзгесімен қосқанда жалпы саны 3,73 мил­лионнан астам құс қырылмақ. Бұл квота осы санмен шектелмеуі мүм­кін. Не де болса, жаңа министр жануар мен құсты аяғалы тұрған жоқ. Әуелде 1845 киікті ғылыми мақсатта аулай­ты­нын жария еткен министрлік оны аз көрді ме, 3 мыңға көбейтіпті. Ен­ді пікірлердің ауанын аңғарып көрелік. Министрлік жауабында мағына бар ма? Оқырманға бәрінен бұрын Эко­логия министрлігінің қандай жауап бергені қызық болары анық. Ең алдымен, ведомство жануар атау­лы аңшылықтан бөлек, ғылыми мақ­сатта да ауланатынын жеткізіпті. Оның да жеке квотасы бар. Бұдан бөлек, түрлі тәжірибелер, сынақтар жүргізеді екен.
«Ғылыми мақсаттарда алып қою квоталары Ветеринария бо­йынша ұлттық референттік орта­лық, Зооноздық инфекциялар инс­­титуты, Зоология институты және Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты үшін кепіл­ден­дірілген, соларға арналған. Қосым­ша квоталар, оның ішінде басқа ұйымдар үшін облыстар деңгейінде де бөлінген лимиттер шегінде бө­лінуі мүмкін», – деп жауап беріпті министрлікке қарасты Орман ша­руашылығы және жануарлар дү­ниесі комитеті.
Ал мына жауапқа зер салсақ, оқырманның күмәнін сейілтетіндей ештеңе байқалмайды. Жай әдеттегі жаттанды жауап сарынында. Осы­ған қарап, біз бірнәрсені болжай­мыз. Былтыр 80 мың киікті ату жайы айтылғанда, бәрінен бұрын бастаманың артында белгілі бір топтардың мүддесі тұрғанын айтқан едік. Себебі министрлік сол киік­тердің мүйізінен түсетін пайданы санамалағандай кездер болды. Бұл тұста сол баяғы аңшылыққа құмар шенді-шекпенділердің ықпалы білініп қалатындай. Әйтпесе, ғы­лыми мақсат пен тәжірибелер үшін мына сандар тым көп. Оны ға­лым­дар да айтып отыр. Мысалы, жо­ғарыда айтылған құжатта 1 жылдың ішінде 125 құдырды аулау көзделген. Алайда бұл жануардың саны жайлы болжамдар болмаса, нақты дерек жоқ, мекен ету аймағы өте тар. Сөйте тұра оны бұл тізімге не се­бепті қосқаны белгісіз.
«Құдыр Қазақстанның тек Шы­ғыс Қазақстан облысында, оның ішінде батыс және оңтүстік Алтайда ғана кездеседі. Салмағы 10-15 келі­лік шағын жануар. Жал­пы, олардың қанша қалғанын нақ­ты айқындау күрделі, себебі құдыр таудағы қыл­қан жапырақты ну ор­манды мекен етеді. Жылына екі бұ­заудан ғана туады. Құдырдың саны азайып ке­леді: 2021 жылы 504 болса, 2022 жылы 495-і ғана қалған. Осы жа­нуарға қатысты шынайы жағдай белгісіз бол­ған­дықтан, біз бұл түрді аулауға ұсы­нуды мүлдем орынсыз деп санап, атуға кеңес бермей­міз», – деген «Зоология инс­ти­ту­тының» Био­ценология және аң­шылықтану лабораториясының меңгерушісі Константин Плахов.
Ғалымдар ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда аюларды, ма­ралдарды, еліктерді, бұландарды, таутекелерді, қабандарды аулауға рұқсат етпеуге ұсыныс тастаған. Тағы бір дәйек, ғалымдардың сөзіне сенсек, Қазақстан аумағында қо­ңыр аюдың екі түрі тіршілік етеді: Тянь-Шань қоңыр аюы және оң­түстік Сібір қоңыр аюы. Тянь­шань­дық түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сондықтан оны аулауға тыйым салынған. Оң­түстіксібірлік қоңыр аю аңшылық объектісіне айналды. Оның Қа­зақстандағы санының көпжылдық динамикасына жүргізілген талдау көрсеткендей, браконьерліктің белең алуы, қорықтар мен бос жер­лердің тарылуы салдарынан бұл аңның саны 1999 жылға дейін күрт азайып кетіпті. Сол жылы оның саны тарихи минимумға жетіп, 980-і қалған. Содан соң саны қайта өсіп, 2 мыңға жетіпті. Елде қоңыр аюдың осы тұқымы жыл сайын орта есеп­пен 10,5 пайызға ғана өсіп отырады. Сол себепті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоңыр аюдың екі түрін де аулауға рұқсат етпеген аб­зал. Тұзаққа ілінгелі тұрған қо­ңыр аю тек Алтайды, Тарбағатай, Сауыр тауларын мекендейді екен. Мекені Шығыс Қазақстан облы­сымен шектелген. Саны айтарлық­тай өсіп те жатпағанға ұқсайды. Ұрғашысы көбіне екі жылда бір рет төлдейді, көбіне екі қонжық табады. Негізі, елімізде қоңыр аю біраз­дан бері әуесқойлық және спорттық аңшылықтың ең танымал ныса­насына айналып үлгерген. Кейбір қалталылардың үйінің төрінде тұ­ратын аюдың бас сүйегі мен тө­сел­ген құнды терісі сол аңшылықтың белең алғанын көрсететіндей. Әрине, біз мәселеге біржақты қарағымыз келмейді. Мысалы, ми­нистрлік осы аңшылық маусымы­нан елге қандай пайда түсетінін егжей-тегжейлі баяндап берсе, қарсыласпас едік. Бірақ ондай жа­у­ап әлі жоқ. Аңсыраған мыңдаған аңшының мүддесін қорғап отырған министрлік ертеңгі күні тағы да қоғам сынына ұшырайтыны анық. Шамасы, Экология министрлігіне келген басшылар табиғатты көр­кейтуден бұрын, қырып-жоюды ойлап тұратын тәрізді.