«Ауыл аманаты»: Қазақстанда алғаш рет жемқордан тәркіленген қаржыға мектеп салып берді
«Ауыл аманаты»: Қазақстанда алғаш рет жемқордан тәркіленген қаржыға мектеп салып берді
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды
779
оқылды
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Мектептің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Есқали Саламатов қатысты. Бұл туралы Aikyn.kz Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға ерекше назар аударды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылы біздің өңірде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жобаны қаржыландыруға 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ  біз «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын бірінші болып іске қостық. Облыста 10 мыңнан астам оқушы, оның ішінде, Құмжарған негізгі мектебінің 50 оқушысын Ақтөбенің үздік педагогтері оқытады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық мекемелердің халыққа қолжетімді ету және медициналық қызметтердің сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешіліп жатыр», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Есқали Саламатов ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген қаражатты мектеп салуға бағыттауды тапсырғанын тілге тиек етті. Тапсырманы орындау мақсатында Қазақстанда алғаш рет Құмжарған ауылында орта мектеп пайдалануға берілді. Оның құрылысына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде тәркіленген қаражат пайдаланылды.    width= Құрылысы ұзаққа созылған жобаны аяқтауға 150 миллион теңге жұмсалды. Нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылыс-монтаж жұмысы тоқтап қалған. Мектеп құрылысы 2022 жылы қайта қолға алынып, биыл аяқталды. 1979 жылы салынған мектепте білім алған оқушылар енді жаңа ғимаратта оқиды.