Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен ұлт ұстазының қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілінде жарық көрген таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті. Сондай-ақ ұйымдасырушылар ғылыми экспедиция дайындаған «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» атты қорытынды жинақты, baitursynuly.kz сайтын көпшілікке таныстырды.
2 ақпан күні өткен ғасырда ұлт шырағына айналып, халық көкжиегін кеңейтіп, қараңғы қазақ көгіне күн болып шыққысы келген зиялыларды біріктірген «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толды. Газеттің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда басып шығарылған. Бес жыл ішінде басылымның 265 саны жұрт назарына ұсынылған. Деректерге сүйенсек, газет алғашында үш мың таралыммен жарық көрген. Сұлтанхан Аққұлы жазбаларында газеттің кейбір сандары ел арасында сегіз мың тиражбен таралғанын атап өткен. Газеттің бір жылға жазылу құны – 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға – 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы – 5 тиын болған.
Ахмет Байтұрсынұлының бай мұрасын таныстыру мен таратуды негізгі мақсат еткен іс-шарада құнды дерек айтылды. Іс-шара аясында «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы директоры, ғалым Ербол Тілешов ұлы тұлғаның өмір жолы мен елеулі еңбегі жайлы сыр шертіп, бірқатар дерек айтты.
Келелі жиында «Қазақ» газетінің сол заманда өзін қаржыландырып қана қоймай, табыс тапқаны, оның бір бөлігін студенттердің шәкіртақысына, жолақысына бөліп отырғаны жайында айтылды. Сондай-ақ газет жабылған 1918 жылға дейінгі көтерген тақырыптары мен ұлт зиялыларының өлшеусіз еңбегі туралы тың мағлұмат берді. Жиынға қатысқан әрбір спикердің ұлт зиялылары мен газет туралы айтқан пікірін көпшілік ұйып тыңдады.
Мәселен, белгілі ғалым, профессор Серікқали Байменше «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі басылған Орынбордағы баспахана үйінің тарихы туралы баяндады. Ол «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының Ресейде жарық көргенін, екі басылымға белгі орнату барысында азын-аулақ еңбегі сіңгенін атап өтті. Ғалым Орынборға «Қазақ» газеті басылған ғимаратты іздеп барған. Алдында жуан терек өсіп тұрған екі қабатты үйге тарих жауһарындай қарап, одан кейін белгі орнату жұмысына кірісіп кеткен. «Айқап» журналы шыққан Троицк қаласындағы «Энергия» баспасына да жолы түскен екен. Сондай-ақ ол «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» атты жинақта бұрын айтылмаған деректің көбін, оқырман қызыға оқитын кітап боларына сенетінін атап өтті.
Айта кетерлігі, ғылыми экспедиция өкілдері «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ұйытқы болуымен бес мемлекетке сапарлаған. Сапар барысында Алаш қозғалысына ғана емес, ұлт ұстазына да қатысты біраз дерек тапқан. Айтулы жаңалық туралы филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов әңгімелеп, Мәскеу сапарының жай-жапсарын тілге тиек етті.
Ал ғалым, аудармашы Жантас Жақыпов Ахмет Байтұрсынұлының үш тілде алғаш жарық көріп отырған таңдамалы шығармалары жинақталғанын, оны аудару жұмысы оңайға соқпағанын айтты. Аудармашы экспедиция аясында Сантк-Петерборға барып, архив ақтарып қайтқан. Алайда онда 1917-1940 жылға дейінгі архив деректерін жауып тастаған соң қолда бар деректі елге әкелген. Ахмет Байтұрсынұлының орысша жазылған еңбегін қазақша аударып, қазақшадан орысшаға аударылғанын редакциялаған. Оның айтуынша, Ақаңның жазғандарынан ана тілінің шұрайы көрініп тұрғаннан, орысша терминдер келіңкіремеген. Десе де, ғалым ұлт ұстазының еңбегін орыс тіліне аударуға атсалысқан.
Ербол Тілешов те Ташкент мұрағатынан дерек алудың қиынын, экспедиция мүшелерінің архивке кіруі мұң болғанын да атап өтті.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп болса, жиынға қатысушылар арасында ой қозғап, ұсынысын ортаға салды. Байтұрсынұлының журналистік қырына тоқталып, алда өтететін Түркітілдес елдердің парламентаралық жиынында архив мәселесін көтеріп, мұрағатты цифрландыру керегін айтуды ұсынды. Өйткені іргелес жатқан Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елінің архивін шаң басып жатқанын, ондағы мұраны цифрландырып, қажетті ақпарат алудың ортақ жүйесін құру керегін сөз етті.
Оған қоса, қайраткер Қазыбек Иса сол заманда сегіз мың тиражбен газет шығарудың орасан еңбек екенін, мұндай цифрға жаңа заман басылымдарының жетпей отырғанын жеткізді. Өзі депутат болған тұста Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйі, ол туған мекеннің жолы мен тіршілігі туралы көтерген депутаттың сауалының 70-80 пайызы орындалғанын да айтты. Еліміздің түкпір-түкпірінде «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған іс-шаралар өтіп жатқаны қуантатынын, мұның идеологияға, ұлттық санаға әсер ететінін баса айтты.
Сондай-ақ академик Кәрімбек Құрманәлі 2 ақпанды «Қазақ баспасөзінің күні» деп жарияласақ деген ұсыныс білдірді. Алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы «Қазақ» газеті қазақ даласындағы тұңғыш тәуелсіз басылым екеніне баса базар аудару қажетін, ұлт зиялыларының жанқияр еңбегі туралы кеңінен көсілді. Жиынға қатысқан алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы да ұлт ұстазының шығармалары мен көсемсөзінің ерекшелігі жайында ой қозғады. Режиссер Мұрат Есжан да Алаш зиялылары туралы рухани кештен қалмауға тырысатынын, мұндай кеште айтылатын естеліктің шынайы екенін тілге тиек етті. Кино түсіру барысында жиында тыңдағанын кәдеге жарататынын да қосты. Сонымен бірге іс-шараға онлайн режімде қатысқан ахметтанушы ғалымдар да пікірімен бөлісті.
Жиын соңында «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы әзірлеген baitursynuly.kz сайты таныстырылды.