Талдықорған қаласында бір әулеттің бірнеше ғасырлық мұрасын сақтап, бүгінге жеткізген Әуесхан Мажай атты апа тұрады. Кеудесінде «Алтын алқасы» жарқырап тұратын апа былтыр тағы бір мәртебелі орденге ие болған. Оны Жетісу өңіріне іссапармен келген Мемлекет басшысыч Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырған. Сол жолы Президент Әуесхан Мажайқызының сақтап, бүгінгі жеткізген бүтін бір әулеттің мұрасынан бір музей ашуға болатынын айтқан. Шынында, Әуесхан Мажайқызы бір әулеттің бірнеше ғасырлық мұрасын ұқыптап сақтап, шекараның сан қыспағын өткере жүріп, Қытайдан атажұртқа жеткізген.
– Андас әулеті аталарынан бері билік ұстаған, алыс-жақынға сыйлы еді. Жүз сарбазымен қалмақтармен соғысып қайтыс болған Құдайназар батыр, Цин патшалығының патшасы Циянлұнмен кездескен қазақтың алғашқы бітімгерлерінің бірі Есенгелді би, інісі Солтангелді мырза, Қаракерей Қоңыз батырмен Қытай отаршылдарына қарсы шапқан Ұлтарақ батыр, өз кезінде қылтамақты емдеп, ел ішінде «жан қалса, Жансарбайдан қалады» деген сөз қалған Жансарбай емші аталарымыз жайлы үлкендер жиі айтатын. Өкінішке қарай, 1952 жылы Қытайдағы ұжымдастыру кезінде аталарымыз қуғындалып, бар мүлкі тәркіленді. 1966 жылы басталған мәдени төңкеріс кезінде де көп қиындық көрді. Мен осы әулетке 1969 жылы келін болып түстім. Сол 1969 жылдан 1976 жылға дейін біздің үйімізге 3 рет тінту жүргізді. Мен келмей тұрғанда да бірнеше рет тоналған екен. Қызыл белсенділер алдымыздағы қасығымызға дейін тартып алып, қоқысқа апарып тастайтын. Түнде атам Омарақын Жансарбайұлы мені ертіп алып, елге көрсетпей сол заттарды үйге әкеліп, қора-қопсыға тығып қоятынбыз. Тіпті, жәдігерлердің арасында 40 жыл жерге көміліп жатып, кейін қазып алынғандары да бар. Атам 1976 жылы қайтыс болар алдында мені шақырып алды да барлық жиған-терген жәдігерлердің атын атап, қай атамыздың мұрасы екенін қағазға жаздырып, өз қолымен жасаған үлкен ағаш сандыққа салдырды да: «Тірлігімде қадіріне жете алмадым, тапсыратын жеріне өз қолыңмен өткіз», – деп өсиетін айтып, қайтыс болды. Ол кезде жаспын, мұнысы несі деп таңғалып едім. Сол аманаттың астарына не жатқанын бүгін біліп жүрмін, – дейді кейуана.Әуесхан апа бұл аманатты елге жеткізуі де оңай болмапты. Сол үшін қазақ-қытай шекарасын 90 рет кесіп өтіпті. Басында шекарашылардың бірі «Көне затты қайтесіз, апа. Лақтыра салмайсыз ба?» – деп әжуаласа, кейбірі жәдігерді сатыңыз деп қолқа салыпты. Осылай жүріп атасының қара сандыққа жинатқан дүниесін толығымен елге жеткізген. Оның ішіндегі алып жүруге қолайсыз ежелден келе жатқан мыс қазан, жады сияқты заттарды ҚХР-дағы Күнес аудандық музейіне тапсырып кетіпті. Қазір апаның қолында осындай құнды жәдігердің 700-ден астам данасы бар. 2019 жылы 100-ге жуық жәдігерді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қорына тапсырып, мемлекеттік тізімге қостырыпты. Құнды жәдігерлердің қатарында Солтангелді бидің күмістелген ер-тоқымы, (XVIII ғасыр), Шәкіл Ақтүбітұлынан қалған бүркіттің тұмсығы (XVIIІ ғасыр), Ұлтарақ батырдың (ХІХ ғасыр) қару-жарағы, Жансарбай Ұлтарақұлының (XІХ-ХХ ғасыр) емшілікке пайдаланған құрал-жабдығы, аңшылық бұйымдары, ХІХ ғасырда Ресейде жасалған самаурын, Омарақын зәңгінің (ХХ ғасыр) өзі өрген ат-әбзелдерді секілді дүниелер бар. Елге келген соң қарап жатпай, сол мұраларын Астана, Алматы, Түркістан, Тараз, Талдықорған қалалары мен Жетісу облысының аудан-қалаларында өткен көрмелерге апарып, жұртқа таныстырып, елге өнеге көрсетіп келеді. Осыдан кейін бір әулеттің құнды мұраларын қанша қиындық көрсе де елге жеткізіп, ұрпаққа өнеге етіп отырған Әуесхан апаның табандылығы, ата аманатына адалдығы мен игі ісін парасаттылық деуге болады. Қазақта отбасы құндылығы, ерлі-зайыптылар ортасындағы сыйластық, әке-бала ортасындағы сүйіспеншілік деген баға жетпес құндылық бар. Әуесхан апа осылардың барлығын бойына жиып, оны ұрпақтарының санасына ұялатып келеді. Апаның қосағы Андас Омарақын өз кезінде талай айтыста топ жарған айтыскер, шетелдегі қазақтардың тарихын зерделеген тарихшы, қаламын қару еткен жазушы болған. 1944 жылы Қытайдың Күнес деген жерінде туып, 2015 жылы Талдықорған қаласында мәңгілік сапарына аттаныпты. Андас ағамыз – өзге елдің солақай саясатының кесірінен «Бай-манаптың баласы» атанып, шетқақпай көріп, шығармашылықпен айналысуға шектеу қойылған жанның бірі. Жас кезінде жазған дүниелерін қызыл белсенділер өртеп кетсе де, өмірінің соңғы он жылында Қытайдағы саяси жағдайдың түзелген тұста Қытайдағы қазақтардың тарихына қатысты 17 кітап шығарып, сол еңбегі үшін 2010 жылы ҚХР мемлекет дәрежелі сыйлығы беріліпті. Әуесхан апа аталарының жәдігерлерін сақтаумен бірге жолдасы Андастың баспа бетін көрмеген бірнеше мың беттік қолжазбасын, былайша айтқанда, бір жапырақ қағазына дейін қалдырмай, елге ала келіпті. Өткен жылы балаларын ұйымдастырып, Андас Омарақынның 7 томдық еңбегін жинақтап, оның «Тарих талғарында» (тарихи зерттеулер, «Дода» (айтыстар), «Жылдар ізі» (өлеңдер жинағын) атты үш томдығын өз қаражатымен шығарып, оқырмандарға ұсынды. Бүгінде сол еңбек жас ұрпақтың бойына ұлттық қазынамызды сіңірудің құралына айналды. Жетісу облысы әкімдігі Білім басқармасы, Андас әулеті бірлесе отырып, «Андас Омарақын оқулары» атты үлкен жобаны қолға алды. Оған облыстағы ынталы, әдебиет пен тарихқа, айтыс пен өлкетануға құштар отыз оқушы қатысып жатыр. Жарыс нәтижесі жазға қарай шығарылады. Айта кетерлігі, былтыр Әуесхан апа бас болып, Жетісу облыстық мемлекеттік архивінің жанынан Андас әулетінің отбасылық ғылыми тектік қорын ашып, оған 56 іс, мыңнан аса қолжазба құжат, кітап, баспа материалын, ғылыми диссертациялық жұмыстың түпнұсқасын өткізді.
– Қытайда атамыз «Халық жауы» атанып, күйеуім советті аңсайтын «сасық зиялы» деп танылып, 30 жыл қысымның сан түрін көрдік. 1980 жылдардан кейін Қытайдағы жағдай тұрақталған соң біздің өміріміз де түзеле бастады. Балаларымның бәрі ата жолын қуып, әке аманатын ардақтап келеді, – дейді ол.Апамыздың балалары бүгінде әр салада жұмыс істейді. Олар Қытайдың және Қазақстанның таңдаулы оқу орындарын бітірген. Айта кетерлігі, Андас отбасы мүшелері қаламгерлік пен ғылымды тең ұстаған. Бүгінде 8 баласының жетеуі ғылым магистрі. Адал еңбек қашанда адамды алға жетелейді. Өткен жылы Әуесхан апамыз ұйытқы болған Андас отбасы «Мерейлі отбасы – 2022» Ұлттық байқауының республика бойынша лауреаты, Жаңадан құрылған Жетісу облысы бойынша алғашқы жеңімпазы атанды. Өткенде ғана Әуесхан апа тағы да жақсы дүниені қолға алды. Өзінің зейнетақысынан жиналған қаражатымен Жетісу облысының аудан-қаласындағы 30 оқушыны Жетісу облыстық «Жетісу» газетіне жаздырып, қазақ баспасөзіне қолдау танытты.
– Бұл істі ақшамыздың көптігінен істегеніміз жоқ, атақ-абырой алайық деген ниетіміз де болмады. Егер ел өркенді, жұрт берекелі болсын десек, алдымен руханиятқа қайырымдылық жасалуы керек. Осынау ізгілікті қадамды басқа жандарды да руханият сынды ортақ іске тартайық деген оймен қолға алдық, – дейді апамыз.Әуесхан апа бүгінде Талдықорған қаласының Еркін ауылында тұрады. Қарапайым ғана өмір сүріп, балаларына ақыл айтып, немерелеріне үлгі-өнеге көрсетіп жүр.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы