Айта берсек, Қаракөздің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Үздік студенттер арасындағы байқауларда сан мәрте топ жарды. 2019 жылы «Абай университетінің ең үздік студенті» атанды. Сонымен қатар ол «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Қазақстан жастарының 100 жаңа есімі» республикалық байқаудың жеңімпазы, университет қабырғасында ұйымдастырылған «Ғылым декадасы» конкурсының 2 орын иегері. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай шығарылған арнайы жинаққа шығармасы енген. Студенттер арасындағы UNITIMES журналының бас редакторы қызметін атқарғанын айтып өтсек артық емес. Университет жанынан құрылған «Атамекен» дебат клубының белді мүшесі, «Үздік пікірсайысшы», «Үздік төреші» номинацияларымен мараптталған. Алматы қаласында Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының 20 жылдық мерейтойына орай «Патриот» ҒДК ұйымдастыруымен иниститут басшылығының кубогі үшін өткізілген турнирде, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінде өткен «QORQYT ATA CUP» республикалық турнирінде 3 орынға ие болса, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Павлодар қаласындағы С. Торайғыров атындағы университетінің ұйымдастыруымен өткен «Tou-open to New» республикалық турнирінің 2 орын және арнайы сыйақы иегері атанды. Өскемен қаласыдағы С.Аманжолов университеті ұйымдастырған «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты республикалық турнирінде ең үздік пікірсайысшы номинациясын жеңіп алған.
Қаракөз Есенбекова 2022 жылы Абай университетін «қызыл дипломға» бітірді. Қазіргі таңда осы оқу орнының 1 курс магистранты, университетіміздегі ғылыми кеңес мүшесі.
«Ұстаздарымның бәрін мақтан тұтамын. Оларды бөліп-жарғым келмейді. Өйткені, адам баласы кез-келген сәтте өзгеруі мүмкін. Жалпы ұстазға ұстаным, шәкіртке мейірім керек екенін естен шығармау керек. Былтыр 150 жылдығы тойланған ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына мейірім құя алады» дегенін әрдайым көкейімде ұстап жүремін. Әр білім алушы өзінің туған топырағын, мөлдір таза суын, ата-бабасы мекен еткен жерін құрметтеп, елінің патриот азаматы болып өсуі керек. Ал, бұл ұғымдарды шәкірт бойына терең сіңіру үшін ұстаздарға талмай жұмыс істегені абзал», – деді талапты жас.
Біз де Қаракөздің сөзіне қосыла отырып, студентімізге алдағы уақытта үлкен жетістіктер мен табыстар тілейміз!
Болат Жұмынұлы