Бірнеше отбасы Түркияда оқып жатқан балаларын іздеп, бізге жүгінді – Айбек Смадияров
Бірнеше отбасы Түркияда оқып жатқан балаларын іздеп, бізге жүгінді – Айбек Смадияров
1,058
оқылды
Кейінгі тәулік ішінде Түркияда балалары оқып жатқан бірнеше қазақстандық отбасы Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Бұл жайында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтты.
«Кейінгі тәулік ішінде бірнеше отбасы Түркияда оқып жатқан балаларын іздеп жүгінді. Қазір ол ақпараттың бәрі тексеріліп жатыр. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені білесіздер, гуманитарлық апат болған кезде жергілікті билікпен байланыс орнату бойынша кейбір қиындықтар туындайды. Жалпы, түрік билігі біздің азаматтар бар болса немесе жоқ болса, ол туралы дереу хабарлайды. Түрік билігімен жақсы байланыс орнатылған», – деді Айбек Смадияров.
Сондай-ақ ол қазақстандықтарға Түркиядағы туыстарын іздеп, ол елге ұшып шықпауға кеңес берді.
«Егер азаматтарымыз Түркиядағы туыстарын өз бетімен іздеу үшін шыққысы келсе, олай істеудің қажеті жоқ. Өйткені Ыстамбұл қаласының әуежайындағы жағдайды видеодан көрдік. Мыңдаған адам ұшып шығуға дайын жүр. Бірақ алғашқы кезеңде ол жақта бір жерден бірдеңе табу қиын болады. Мамандар осы мәселемен айналысып жатқандықтан, күту керек. Тіпті, олар қираған орындарға жіберілмеуі де мүмкін. Өйткені олардың тиісті біліктілігі жоқ», – деді СІМ ресми өкілі.