Жаңа Конституция қоғамның ашықтығына жол ашты
Жаңа Конституция қоғамның ашықтығына жол ашты
Фото: akorda.kz
541
оқылды
Өткен жыл еліміз үшін тарихи тұрғыдан өте маңызды жыл болды. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумға шығарылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданғаны  баршаңызға мәлім. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, бір ақ мерзімге сайлау құқығы бар Президент сайлауы енгізілді. Елімізде, жаңа Конституциялық заңға сәйкес, 2022 жылдың 20 қарашасында  Президент сайлауы өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы басталған конституциялық реформалар мен демократиялық қайта құрулар аясында, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу қажеттігін мәлімдеген. Конституциялық заңның 51-бабы 3-тармағында Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі. 2023 жылғы 19 қаңтарда Мемлекет басшысы «VII сайланған  Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау туралы» Жарлыққа қол қойды, кезектен тыс сайлау 2023 жылғы 19 наурызда өтетіні хабарланды. Негізгі заңның 55-бабы  5-тармағына сай  Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау Парламент Сенатына жүктеледі. Демек, әзірше заңнамалар Жоғары палатада талқыланып, қабылданатын болады.    width= Жаңа Конституциялық заң талаптарына сәйкес, өңірлік деңгейде де белсенді сайлау науқаны күтілуде. Өткен сайлау нәтижелері бойынша партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы норма іске асырылғаны өздеріңізге белгілі. Биыл Мәжіліс және мәслихат сайлауының бірнеше ерекшелігі бар. Мәселен, бір мандат арқылы мажоритарлық жүйемен сайлануға кез келген Қазақстан азаматы сәйкес талаптар бойынша сайлануға мүмкіндік алып отыр. Мәжіліс деңгейінде 30 пайыз болса, облыс деңгейінде 50, ал аудан, қала деңгейінде 100 пайыз мажоритарлық жүйемен сайлана алады. Саяси партиялар үшін Мәжіліске өту межесі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілген.  Бұл бәсекелестік арқылы Мәжіліске өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Конституциялық Кеңес орнына Конституциялық сот құрылды. Конституциялық соттың Жоғарғы соттан ерекшелігі, Жоғарғы сот – сот жүйесінің ең жоғарғы кассациялық сатысы. Демек, төменгі тұрған соттардың істерін қарайды, елдегі сот практикасын қорытындылайтын арнайы қаулылар шығарады. Ал Конституциялық сот – елдің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган. Конституциялық соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі. Мәселен, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған. Сондай-ақ Конституциялық сотқа Президент, Сенат пен Мәжіліс Төрағалары, Парламент депутаттарының кемінде бестен бірі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және ең бастысы еліміздің кез келген азаматы жүгіне алады. Яғни, кез келген азамат қандай да бір нормативтік акт оның Ата заңда бекітілген бостандықтары мен құқықтарын шектейді деп санаса, Конституциялық сотқа шағымдана алады. Мұндай құқықтардың ауқымы кең. Конституциялық соттың шешімі қабылданған күннен бастап күшіне енеді, шағым келтіруге жатпайды және еліміздің бүкіл аумағында жалпыға міндетті деп саналады. Конституциялық соттың тағы бір ерекшелігі – жалпы соттар нормативтік-құқықтық актінің тек қана заңға сәйкестігін қарайды, ал Конституциялық сот нормативтік-құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Заңнамаларға енгізілген өзгерістердің ішінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың прокуратура органдарына үлкен сенім артып, "Прокуратура туралы" заңды конституциялық деңгейге көтерді. 2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы «Прокуратура туралы» конституциялық заңға қол қойды. Аталған заң ең алдымен прокуратура органдары қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін белгілейді. Прокурорлармен азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері өзгерді. Осыған дейін шағымдар уәкілетті органдарға қарау үшін жолданып отырса, енді прокурорлар халықтың мәселелерін өздері қарайтын болады. Ол үшін прокурорлармен қаралатын шағымдардың тізімі кеңейтілді. Азаматтардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдар әрекетсіздік танытса, прокурорлар ықпал етіп, тиісті шаралар қабылдайды. Заңбұзушылықтарды жоймау адамның өмірі мен денсаулығына нұқсан келтіретін болса, прокурор осындай арыздарды қарауға құқылы. Сондай-ақ  егер адам физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларға және өзге де жағдайларға байланысты өзінің құқықтарын қорғай алмаса, прокурор арыз-шағымдарды қарай алады. Прокурорлар бизнес мүдделерін қорғау мақсатында жеке кәсіпкерліктің қызметіне мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы, өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының араласуы туралы арыздарды қарай алады. Бұл ретте прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын ауыстырмайды. Жалпы, прокуратура туралы жаңа Конституциялық заңның қабылдануы адамның, мемлекеттің және бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда прокурорлардың құзыреттілігі мен әлеуетін кеңейтетіні сөзсіз. Бас прокурор жаңадан құрылған Конституциялық сотқа Конституция нормаларын, халықаралық шарттардың және нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін түсіндіру жөнінде жүгіне алатын болды. Сондай-ақ  Бас прокурор Жоғарғы сотқа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істер бойынша сот тәжірибесі мәселелері бойынша соттарға түсіндірме беру туралы ұсыныспен жүгіне алады. ​Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында тергеуде азаптауды жою үшін қылмысты тергеуді прокуратураларға жүктейтінін мәлімдеді. Бұл – Президенттің прокуратура органдарына деген жоғары сенімі және қоғамның сұранысы. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаптау туралы істерді тергеу прокуратура органдарына айқындалды. Егер бұрын азаптау туралы істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармалары тергеуге құзырлы болса, қазір бұл істерді тек прокурор тергеп-тексереді. Азаптауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды. Рақымшылық, ескіру мерзімі, өкіну және тараптардың татуласу негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босату жойылды. Бұдан бөлек, азаптау болған органдардың басшыларынын жауапкершілігі көзделген. Мемлекет басшысының прокуратура органдарына қойған міндеттерін орындауға кірістік.

Ж. БАҚАШБАЕВ, Ұлытау облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі