Маусымдық тұмау өршіген кезде оған қосымша тағы бір инфекцияны жұқтырып алу – қазір өзекті мәселенің бірі. Мұндай жағдайда сырқатты емдеу және оның жазылып кетуі қиындай түседі. Алайда басты мәселе екі вирусты да анықтау екен. Бұрын медицина қызметкерлерін ілеспе инфекция «вирус+бактерия» алаңдатса, қазір коронавирус індетінен кейінгі «вирус+вирус» тандемі өте маңызды мәселеге айналған. Әсіресе, бұл ағзасы толық жетіліп үлгермеген балалар үшін ауыр өтеді. Флурона деген не? 2021 жылы желтоқсанда Израильде жедел респираторлы инфекция симптомдары бар аяғы ауыр екі әйелден коронавирус пен маусымдық тұмау қатар анықталды. Бір қуаныштысы – екі келіншекте ауру жеңіл өтіп, тез сауығып кетті. Осы уақытта Испанияда тұмау және COVID-19-ды қатар жұқтыру дерегі тіркелді. Қосарлы инфекция жұқтырған пациенттер алғаш рет осылай тіркелді. Соған байланысты медицинада «флурона» деген жаңа термин пайда болды. Қазір қосарлы аурудың осы түрін жұқтырғандар туралы Бразилия, АҚШ, Қытайда көп тіркелген. Медицинадағы «флурона» (ағылшынша – flurone) термині – тұмау мен COVID-19 індетінің бір сырқатта қатар кездесуін білдіреді. Яғни, адам бір мезетте екі инфекциямен қатар ауырады. Бірі – тұмау (ағылшынша – flu) және коронавирус. Бұл ағзаның түрлі вирустарды қосарлы жұқтыруы «коинфекция» деп аталады. Бұл – вирустың жаңа түрі емес, тек пациенттің екі инфекцияны қатар жұқтыруы. Оны тек зертхана талдауы не басқа әдіспен анықтайды. Яғни, вирустар бір мезетте жұқпауы мүмкін, алайда олар екеуі де әлдеқандай уақыт ішінде бір-біріне тәуелсіз күйде ағзада қатар кездеседі. Мұның «флурона» екенін сырқат өз бетінше анықтай алмайды. Өйткені тұмаудың не басқа да вирус аурулары мен коронавирустың белгілері бір-біріне өте ұқсас.
«Бұл – дене қызуының көтерілуі, ұдайы шаршап жүру, жөтел, демігу, тыныс алудың қиындауы, тамақтың түйілуі, бұлшық еттердің ауырсынуы, бастың ауруы, құсу, іш өту, дәм және иіс сезудің жоғалып кетуі немесе әлсіреуі. Бұл симптомдар коронавирус инфекциясында және тұмауда, сонымен қатар басқа да респираторлық инфекцияларда кездеседі. Тыныс жолдарының қосарлы инфекциясын анықтау үшін қоздырғыштардың генетика материалын полимерлық тізбекті реакция (ПТР) әдісімен анықтайды. Қазір күдікті науқастағы тұмауды, коронавирусты анықтауға осы амал қолданылады», – дейді Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасының Пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Валентина Новикова.Дәрігердің айтуынша, коинфекцияның белгісі балаларда келесі жағдайларда көрінеді. Бастапқыда жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгісі болады, кейін ол асқынып кетеді. Бұл – демікпе, жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, буындар немесе бұлшық еттердің ауыруы, мұрынның бітелуі. Яғни, бала аздау тұмауратқандай болады да, тәуірленіп келе жатып, қайтадан қатты ауыра бастайды. Осыдан ата-ана барынша сақтану керек. Айта кетерлігі, жоғарыдағы белгілер пневмонияның ауыр түрінде де тура осылай кездеседі. Тыныс алудың қиындауы, цианоз (терінің көгеруі), сатурацияның төмендеуі, ыстық түсіретін дәрілерге қарамастан, дене қызуының жоғары болуы. Егер бала осылай ауырса, оны өз бетінше немесе үйде емдеуден бас тартып, ауруханаға келіп, дәрігердің бақылауына алынуы керек. Вирусты қатар жұқтырғандар қатары артты Валентина Новикованың айтуынша, 2019 жылдың қазан айы мен 2020 жылдың мамыры аралығында елімізде 3,1 млн адам ЖРВИ-мен ауырған. Ал 2021-2022 жылғы тұмау маусымында 3,9 млн адам ЖРВИ жұқтырғаны белгілі болды. Осы сырқаттардың ішінде 850-ге жуық адам тұмаудың A(H3N2) түрін қоса жұқтырып алған. Эпидемиологиялық ахуалға қатысты 2021-2022 жылдағы маусымда тұмауға қатысты талдау 22,4 адамға жасалған, соның 91,5 пайызында талдау оң нәтиже көрсетіпті. Ал 19,2 науқастан COVID-19-ға сынама алынып, олардың 4,2 пайызында коронавирус абр екендігі расталған. Ал осы аралықта тұмау тобына жатпайтын вирустарға қатысты 10 мыңнан астам пациенттен сынама алынып, оның ішінде 7 пайызға жуығында осындай вирус табылған. [caption id="attachment_240429" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] 2022 жылы тек Астана қаласындағы ауыр әрі жедел респираторлы инфекция көрсеткіштерін сараптау барысында А/В тұмауы артқаны байқалды. Сондай-ақ 4 мәрте H1N1 swin тұмауы тіркелген. 2021 жылы анықталған вирустық инфекциялар ішінде hRsv-15 респираторлық-сентициалдық вирустық инфекция саны көп болған.
«Тұмау мен коронавирустың белгілері ұқсас болғандықтан, оларды айыру өте қиын. Зертхана диагностикасы вирустардың қоздырғышын анықтауда ең тиімді әрі ең нақты әдіс болып қалып отыр. Дәрігерлер екі ауруды ажыратып алып, емдеуді бастап кететін болды. Алайда маусымдық тұмау және басқа да респираторлы инфекциялардың белең алуы кезінде флуронаның таралу ықтималдығы да арта түседі», – дейді аталмыш аурухананың педиатры Айнұр Аманбаева.Оның айтуынша, соңғы кездері сарапшы мамандар осы инфекцияны қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін қажетті диагностикалық зертханалық зерттеулердің оңтайлы кешенін таңдап алып, әзірлеп шыққан. Құрамына маусымдық респираторлы инфекция қоздырғышының көптеген түрін анықтау кіреді. Оның қатарында тұмау және коронавирус та бар. Ауруханаға қабылдау бөлімінде алдымен сырқат баладан тұмауды нақтылау үшін қоздырушының үлгілері талдауға алынады. Ол 24 сағаттан кешіктірілмеуі тиіс әрі аптасына 7 мәрте жасалады. Флурона сырқаты ауыр өтетіндер қатарына – 5 жасқа дейін балалар, жүкті әйелдер, қарттар, жүрек-қан тамыры, тыныс жолдары және эндокрин жүйесі ауруы барлар жатады. Сонымен қатар оны жұқтырып алу қаупі жоғарылар санатында – медицина, әлеуметтік сала қызметкерлері, ұстаздар, көп адамдармен жұмыс істейтін мамандық өкілдері бар. Баладағы сырқатты дер кезінде анықтау және диагноз қою арқылы тиімді емдеуді бастап кету аурудың асқынып кетпеуіне және баланың тез сауығуына мүмкіндік береді. Өйткені балаларда емдеу кешіктірілсе, иммунитеті төмендеп, арты бактериалды ауруға айналып кетуі мүмкін. Флурона асқынып кеткендер немесе одан көз жұмғандар арасында сәбилер мен қарттар көп. Сондықтан екі вирустың қосарлы жұқтыру созылмалы ауруы бар балалар үшін де ересектер үшін қауіпті. Инфекциялар барлық ағзаға және дене мүшелерінің жұмысына кері әсері етеді. Өкпеде күшейсе, арты ауыр пневмонияға, басқа таралса – менингит, менингоэнцофалит, жүрегінде асқынса, кардит, перокардит болуы қаупі өте жоғары. Сондықтан мамандар бала осылай ауырса, асқан жауапкершілікпен қарап, білікті дәрігерлерге жүгінуді ұсынады. Флуронаны аурудың алғашқы күнінен емдей бастау керек. Ал сырқат аса қатты болмаған жағдайдың өзінде одан жазылуға жарты ай кетеді. Ауыр пациенттерге толық сауығып кету үшін 2 айдай уақыт керек. Екі сырқатты қалай жұқтырып алуы мүмкін? Педиатр Инна Калакпасованың түсіндіруінше, қыста тұмаумен және коронавируспен ауыратындар қатары артатындықтан аталмыш вирустардың қоздырғышын жұқтыру қаупі өте жоғары болады. Алдыңғы жылдары тұмаумен ауырғандар саны азайғаны байқалды, өйткені оның орнын коронавируспен ауырғандар басты. Алайда былтырдан бастап жағдай керісінше өзгерді. Қазір тұмау белең алып келеді. Сонымен қатар тұмауратқандар COVID-19-ды қоса жұқтырып алып жатыр. Сөз соңында айтарымыз, тұмау мен ковидтің қатар келуі жаңа ауру түріне жатқызылады. Сондықтан елімізде онымен ауырған пациентті емдеуге қатысты стандартты хаттама әзірге енгізілмеген. Ол зерттеліп, жасақталып бітпеген. Алайда балаларды осы аурудан емдеуге ковидтің және тұмауды жекелей емдеудің хаттамасы қолданылады.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ