Петропавл қаласындағы қоқыс коллапсына қатысты мәселе республикалық деңгейге шығарылып, «AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында қаралды. Бұл мәселе жуырда AIQYN газетінде де қозғалған болатын. Жиын барысында комитет төрағасы Артур Платонов жергілікті жерлердегі әкімдіктердің назарын қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен қоқыс үйінділеріне аударды. Мұндай олқылыққа жалғыз Солтүстік Қазақстан емес, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының басшылары да жол берген екен. Аталған өңірлердің басшылары бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп берді. Петропавл қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Әділбек Әубәкіров шынымен де қаңтар айының басында қаланы қоқыс басып кеткенін мойындап, оның себептеріне тоқталды. «Облыс орталығында қоқыс шығарумен төрт кәсіпорын айналысады. Оның барлығы – жекеменшік. Қоқыс шығарумен айналысатын «Коммунсервис» кәсіпорнының техникасы әбден ескірген, 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол техника сынып қалды. Әрі 30 градустық аяз салдарынан кейбір көліктерге от алдыру мүмкін болмады. Бірақ қазір жағдай тұрақталды. Біз өзіміз техника бөлдік. Мәселені кешенді түрде қарастырған жөн. Бар гәп – тарифке байланысты. Тасымалдаушы өз шығындарын жаба алмай отыр. 27 желтоқсан күні біз жаңа нормаларды бекітіп, жаңа тарифті қабылдау процедурасын бастадық. Қазір тариф қарастырылуда», – деді қала әкімінің орынбасары. Шенеунік енді мұндай жағдай қайталанбайды деп сендірді. Комитет төрағасының келтірген мәліметі бойынша, еліміздегі 3019 қоқыс полигонының тек 633-і, яғни 21 пайызы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай. Былтыр 5 683 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталыпты. Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жергілікті атқарушы органдар заңсыз полигондардың жойылғаны туралы жалған есеп беретініне тоқталды. Тіпті, әкімдіктер мұндай сандарды қайдан алатынын түсінбейтінін айтып таңғалды. Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов экологиялық мәселе адамдарың денсаулығына тікелей әсер ететініне тоқталып, тиісті ұсыныстар жасады. Соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар құрылысының типтік жобасын жасау, ірі қалалардағы автокөлік құралдарының техникалық жағдайын бақылауды күшейту туралы және экологиялық заңнаманы бұзушылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар әзірлеу, өңірлердегі барлық полигондарға ревизия жасау және экологиялық проблемаларды шешу үшін Жол карталарын әзірлеу де бар. Тіпті, мектеп бағдарламасына экология пәнін енгізу де ұсынылды. «AMANAT» партиясының өңірлік филиалдарына экологиялық мәселелерді анықтаумен айналысатын мониторингтік топтар құрып, бұл мәселені жүйелі түрде бақылауда ұстау тапсырылды.
Р.ШӘКЕНҚЫЗЫ