Түйе шаруашылығындағы түйткіл
Түйе шаруашылығындағы түйткіл
1,370
оқылды
Ежелгі көшпелі халықтың негізгі көлік қатынасы болған түйе жануарының адамға пайдасы орасан. Әсіресе, жүк тасуға таптырмас түлік. Шұбатының ағзаға емдік қасиеті болатыны да дәлелденген. Алайда бүгінде Ойсылқара түлігін өрістетуге мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінбей отырғаны түйекештерді толғандырып жүр. Қазір елімізде түйе шаруашылығымен санаулы өңір ғана айналысады. Соның ішінде түйе жануары Түркістан, Маң­ғыстау және Қызылорда облысының табиғатына бейім. Шөл және шөлейтті жерлерде апталап су ішпей, ащы шөп­термен қоректенетін түйелерге айтар­лықтай бап та керек емес. Негізінен Қызылорда облысында 58 643 бас түйе өсірілсе, оның басым бөлігі Арал ауданының шаруаларына тиесілі. Яғни, Арал өңірінде 33 305 бас Ойсылқара тұқымы бар. Себебі жері тұзды, шөлейтті болып келетін Арал өңірінің ащы, сортаңды шөбі – түйе түлігі үшін таптырмас азық. Мұнда сексенінші жылдардың орта шенінде өңірде түйе шаруашылығы кең қанат жайған екен. Бір шаруашылықтың өзінде түйе түлігі 1500-2000 басқа дейін көбейген. Сол жылдары оның еті мен сүтіне, жүніне сұраныс көп болды. Соның арқасында шаруашылықтардың шаруасы дөңгеленіп, түйе бағып, толағай табысқа кенелген. Шетелде түйенің түбіті жоғары бағаға ие. Себебі түйе жүні өте жылы. Сондықтан одан тігілген киімдер мен көрпешелер қымбат бағаға сатылады. Ал біздің елі­мізде оның жүні тұрмақ, еті мен сүтіне де сұраныс жоқ.
«Талай жылдан бері мал шаруашы­лығымен айналысып отырмыз. Жылқы мен түйе өсіреміз. Алайда түйе ша­руа­шылығына қолдау мемлекет тарапынан көрсетілмейді. 2020 жылы субсидия бе­рілді. Одан кейін мемлекеттен қолдау ала алмадық. 2009 жылы «Қалует» шағын шұбат өндіру зауытын да аштық. Бірақ өз-өзін ақтамай, тоқырауға ұшырады. Сол кездегі шұбат өңдеуге арналған техни­калары әлі күнге шаң басып тұр. Егер мемлекеттен қолдау болса зауыт жұмысын қайта жандандыруға болар еді. Бүгінде серіктестікте 40-тан аса жұмысшы бар. Жұмысшылардың айлығын түйелерімізді сойып, сатып өтеп отырмыз. Басқа мүм­кіндік жоқ. Етті арнайы өткізетін орын да жоқ. Жекелеген адамдарға сатамыз. Ал сүті мен шұбатын өткізу тіпті мұң. Сол себепті түйені тек ет бағытында ғана бағып отырмыз», – дейді «Құланды» ЖШС бас зоотехнигі Серік Диханов.
Негізінен Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде орналасқан «Құланды» ЖШС асылтұқымды жылқы және түйе малын өсіреді. Ең алғаш 1964 жылы қой кеңшары ретінде құрылып, 1974 жылдан бастап жылқы мен түйе түлігін өсіруді қолға алған. түйе шаруашылығы Бүгінде серіктестік Мұғалжар тұ­қымды Құланды типті жылқы мен қа­зақтың айыр өркешті түйесін өсіреді. Соның ішінде 847 бас түйенің 511-і – ана­лық інген екен. Мал басын өз төлі есе­бінен көбейтіп, жыл сайын асыл­тұқым­ды жылқы, түйе малдарын сатумен ай­налысып келеді. Сол сияқты Арал өңіріндегі «Ықылас» шаруа қожалығы да Ойсылқара тұқымын өсіріп отыр. Бүгінде Бекбауыл ауылдық округіндегі бұл шаруашылықта 300-ге жуық айыр өркеш бар.
«Түйе шаруашылығын өрістетуге тың серпін керек. Өйткені бүгінде бұл түлікті тү­летіп отырған шаруашылықтарға мем­лекеттен ешқандай қолдау жоқ. Сиыр ма­лына субсидия беріледі. Оның себебін министрліктен сұрағанымызда, түйе еті экспортқа шығарылмайтынын, сол се­бептен мемлекеттен қолдау таппай отыр­ғанын жеткізді. Яғни, мемлекеттің кө­ме­гі­нен қағажу қалып отырмыз. Өйткені көп­шілігі оның еті мен сүтінің, жүнінің адам ағзасына өте пайдалы екенін ескер­мей отыр. Соған орай өз күшімізбен төлін алып, етін халыққа сатып, күнкөріс қамын күйт­теп отырмыз. Шаруа қожа­лығымда ет ба­ғы­тындағы қазақтың айыр өркешті түйесін өсіріп отырмын. Сүт бағытында нар өсіру әзірге шығынға алып келеді. Осы орайда мемлекет тарапынан түйе етін өткі­зетін арнайы орындар ашылып, субсидия­лау мәселесі шешімін тапса деген тілегіміз бар. Жағдай бұлай жалғаса берсе түйе ша­руа­шылығы то­қырауға ұшырауы мүм­кін», – деп базы­насын жеткізді шаруа қожа­лы­ғының төрағасы Ықылас Алпысбаев.
Ал Арал ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сәйкес, ауданда түйе малының көптігіне байланысты арнайы инвестор­лар тарту арқылы алдағы уақытта шұбат өндірісін ашуды көздеп отыр. Осы мақ­сатта Алматы қаласындағы Qazaq Camel жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасы ұсынылып, аталған жоба өңірлік үйлестіруші кеңестің оң қорытындысы алыпты. Бүгінде индустриалды аймақтан 1 гектар жер алынып, құрылыс жұмыс­тарының 60 пайызы аяқталған. Жалпы құны 1 миллиард 533 млн теңгені құрайтын бұл жоба ағымдағы жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріліп, 25 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отырғанын жеткізді. Қалай дегенде де, түліктің төресі саналатын түйе шаруашылығына үлкен қолдау қажет. Мемлекет тарапынан шөл даланың төресінің мәртебесін көтере­тіндей тың бастамаларды қолға алатын кез келген сияқты.

Қызылорда облысы