Ақтөбелік ірі шаруа қожалықтары қайырымдылыққа 500 миллион теңге бөледі
Ақтөбелік ірі шаруа қожалықтары қайырымдылыққа 500 миллион теңге бөледі
2,364
оқылды
Ақтөбедегі Қарғалы ауданының ірі шаруа қожалықтары ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және дамытуға 500 млн теңге бөледі. Қарғалы ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілдерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімі көлемін және оның қосылған құнын арттыру стратегиялық міндет екенін атап өтіп, кооперативтерді дамытуға 1 трлн теңге бөлуді тапсырды.
Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Ақтөбе облысы республикада алғаш болып ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын бастады. Жоба жүзеге асса, ауылда жұмыс орындары құрылып, мал мен құс саны артып, қатысушылардың табысы екі есеге көбейеді. Біз жауапкершілікпен жұмыс істеуге дайын ауыл тұрғындарының жобаларын жүзеге асыруға барлық көмекті көрсетеміз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ Ералы Тоғжанов «Білім All», «Абаттандырылған ауыл» өңірлік жобаларын іске асыру, облыстағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Кездесу барысында Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев пен ірі шаруа қожалықтарының басшылары жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын 8 меморандумға қол қойды. Қол жеткізілген келісімдер аясында «Степное» ЖШС Ащылысай, Степное, Қайрақты ауылдарындағы орта мектептердің 240-тан астам оқушысын ыстық тамақпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыруға жәрдемдеседі. «ТАС-Қарғалы» ЖШС Бадамша ауылының 5,2 шақырым кентішілік жолына орташа жөндеу жүргізеді, «Дилэнд» ЖШС Әлімбет ауылындағы 10 аз қамтылған отбасының үйлеріне көгілдір отын тартуға қаржылай көмек көрсетеді, Велиховка және Жосалы ауылдарының тұрғындарын жеммен қамтамасыз етеді. «Велиховка» ЖШС орталық көшені ағымдағы жөндеу, сондай-ақ Велиховка ауылын абаттандырса, «Арман» ШҚ Петропавл ауылында спорт кешенін салады, «Рассвет» ШҚ көшені жарықтандырады, қажет болған жағдайда елді мекендерді абаттандыру үшін арнайы техника бөлмек. «Көктас» ЖШС өз қаражатына Ақкөл, Бозтөбе ауылдарының көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізеді, Бозтөбе ауылының орта мектебін өз қамқоршылығына алады. «Байқұла» ШҚ Қос-Естек орта мектебін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және Бадамша ауылында Workout алаңын орнатады.
Жалпы, ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге 500 млн  теңге бөлу жоспарланып отыр. «Осы бастаманы қолдаған барлық шаруа қожалықтарының басшыларына алғыс айтамын. Бұл – аудан үшін үлкен баға жетпес көмек. Басқа кәсіпкерлер сіздерден үлгі алуы тиіс», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Аудан аумағында жұмыс істейтін ірі шаруа қожалықтары халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.