Сондай-ақ Алматы қаласы аумағындағы қар көшкіні қауіпсіздігі бойынша филиалымыздың қызмет көрсету аймағында жалпы саны 25 ақпараттық ескерту тақтайшалары орнатылған», – дейді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.Әрине, мұндай жағдайда бірінші кезекте тұрғындардың амандығы ескерілуі керек. Жауапты мекеменің де алдына қойған алғашқы міндеті – осы. Дегенмен төтеншеліктер барлық жауапкершілікті бізге артып қоймай, тұрғындардың өздері де сақтық шараларын алдын ала ойластырса дейді. Ол үшін қала тұрғындары мен қонақтарына ескертуден шаршамайтынын айтады. Олардың айтуынша, қазір қар көшкіні және мұзды-су басу қаупі бар аумақтарда орналасқан тұрғын үй иелері мен шаруашылық нысандарына 232 дана хабарлама-ұсынымдар берілді. Хабарламалармен бірге 985 дана «Абайлаңыз, қар көшкіні!», «Абайлаңыз, сел жүру!» деген ескерту тақтайшалары орнатылған. «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасындағылар апаттың алдын алу үшін үнемі бақылау жүргізіп отырғанын айтады. Айтуларынша, бүгінде 64 жер беті тексерісі және 1 әуеден шолу зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Кіші Алматы өзені алабы бойынша қар жамылғысының биіктігі соңғы жағдай бойынша Медеу бөгеті ауданында – 47 см, Мыңжылқы бөктерінде – 55 см, Қотырбұлақ өзені алабында 60-120 см шамасында көрінеді. Су тасқыны бола қоймайды Алматы таулы аймақ болғанымен қатар, өзендері де көп екені белгілі. Күннің күрт жылынуы кезінде келетін қауіптің бірі де осы өзендердегі мұздардың еруінен болатыны да таныс жағдай. Оны жіті бақылап отырған мамандар биыл өзен тасуларынан келе қоятындай қауіп жоқ деп отыр.
«Кіші Алматы өзеніндегі су өтімі – 0,90 м3/с. Су жоғарғы бөлігінде оң жағалау бойымен ағып жатыр, арнаның ортасында мұздың қалыңдығы 30 дан 35 см-ге дейін, кей жерлерде 40 см-ге дейін. Мұз жамылғысының ауданы – 70-80 пайыз. Кей жерлерде арнаның төменгі бөлігінде мұз бар. Арнада мұздар мен қарлардың қарқынды еруі байқалады. Үлкен Алматы өзеніндегі су өтімі – 1,37 м3/с. Бүгінде су өз арнасы арқылы еркін, кедергісіз өтуде. Қазір арнаның жағдайына келер болсақ, кейбір жерлерде жағалаудың 35 пайызында мұз жатыр. Ақсай өзеніндегі су өтімі – 2,85 м3/с. Қарғалы өзені жағалауының 60 пайызы – мұз. Ақсай өзенінде – 50 пайыз. Қазір өзен бойында мұз кептелістері байқалмайды. Кейбір жерлерде ғана өзендерде мұз көпірлері бар. Жалпы, Ақсай және Қарғалы өзен алаптарындағы мұзды-су тасқынына қатысты жағдай тұрақты», – дейді шаһардың төтенше жағдайына жауапты департамент қызметкерлері.Сонымен қатар сең жүру мен мұз кептелісінен және жауын-шашынның көп мөлшерде түсуінен туындайтын су тасқынын болдырмау мақсатында өзен арналарында үздіксіз тексеру жүргізіліп, қатаң бақылауға алынды. Күнделікті Есентай өзенінде инженерлік құрамнан тұратын мобильдік пост ұйымдастырылған. Профилактикалық жұмыстар жалғасуда Жалпы, осы маусымда адамдар көп шоғырланатын жерлерде қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен дайындықты тексеру мақсатында жеті мәрте жасанды қар көшкіні жасалған.
«Аталған шара кезінде тау баурайынан түсірілген қардың жалпы көлемі 2 460 текше метрге жетті. Қар көшкінінің қауіпті кезеңі басталған кезден бері 35 мәрте өздігінен қар көшу жағдайы тіркелді. Көшкен қардың жалпы көлемі – 39 100 текше метр. Қар жамылғысының биіктігіне, тұрақтылығына және ауа райының жағдайына қарай қар көшкіні кезеңінің соңына дейін бірнеше профилактикалық шаралар өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – дейді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Самат Мағауияұлы.Апат айтып келмейді, десек те... Қар көшкінінің алдын алу бойынша Орталық аппараттың ұсынысы бойынша блокбекеттер ұйымдастырылуда. «Медеу-Шымбұлақ» және «Алматы-ҮАК» автожолдарына, сонымен қатар басқа да қауіпті аймақтардағы жолдар қар көшкіні қаупі күрделенген кезде жабылып, блок-посттар қою жоспарланған.
«Сонымен қатар күннің жылынуына байланысты табиғи сипаттағы апаттардың алдын алу және оның салдарын жою мақсатында Алматы қалалық басқармасында саны 32 адамнан және 21 арнайы техникадан тұратын апаттық және механикаландырылған бригада үнемі тұрақты дайындықта тұр», – дейді С.Мағауияұлы.Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Таулы аймақта орналасқан, климаттық жағдайы жылы өңір деп есептелетін Алматы секілді қалалардың қауіпсіздігіне деген қырағылық басқаларға қарағанда бірнеше есе жоғары болмағы ләзім. Себебі осыған дейін де жауапты мекемелер апаттың алдын алуға дайынбыз дегенімен, дәл маусым кезінде қауқарсыздық танытып қойғанын жақсы білеміз. Оған мысал ретінде, соңғы жылдарда таудан сел болып аққан су қала көшелерін аралап, алматылықтарды бірнеше мәрте үрей құшағында қалдырғанын айтуға болады.
Одан бөлек, былтыр да тау өзендері мен қар көшкіні кезінде тау кезіп кеткен үш туристің екеуінің денесі табылғанын ұмыта қойған жоқпыз. Дәл сол күні «Медеу» мен «Шымбұлақ» демалыс аймағында алаңсыз демалып жүрген бірнеше тұрғын мен қала қонақтары аяқасты болған жағдайдан қашарға жер таппай қалған болатын. Сол жолы Алматы ауруханалары үсік шалғандар мен жараланғандарға әп-сәтте толғандығы туралы мәлімет те есімізде. Аталған жағдайдың алдында ғана селден қорғайтын мекеме қызметкерлері барлық ақпараттық, техникалық жағынан сақадай сай екенін айтқан. Қайғылы жағдай болмас үшін қауіпті аймақтарға туристер мен өзге де мақсаттағы адамдарды жібермеу мақсатында арнайы блокбекеттер қойылды деген еді. Соңы осындай қайғылы оқиғамен аяқталған еді. Оның бетін аулақ қылсын. «Сақтансаң – сақтайды» дегенді жадымыздан шығармасақ игі.
Алматы