Берекелі күздегі егін шығымы ерте көктемде басталатын еңбек дүбіріне байланысты екені дала еңбеккерлеріне жақсы таныс. «Көктемнің әр күні жылға азық» деп әсте бекерге айтылмаса керек. Сондықтан Жер-ана мұз құрсауынан босап, күн жылынғаннан атыз жағалаған ағайынның еңбегі жанданады. Сыр салысымен аты шыққан Қызылорда облысында соңғы жылдары су тапшылығы болып, диқан қауымның жұмысына едәуір қиындық туғызып тұрғаны жасырын емес. Соған қарамастан, қиындықты еңсеріп, қамбаны алтын дәннен кенде қылып жатқан жоқ. Биыл да ауылдағы ағайын кетпені мен соқасын сайлап, дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл өңірде 195,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға артық. Негізінен биыл көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының үшінші онкүндігінде басталып, маусым айының екінші онкүндігінде аяқталады деп жоспарланған.
«Негізінен биыл 83,9 мың гектарға аймақтың негізгі дақылы – Сыр күрішін егуді көздеп отырмыз. Бұған қоса, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, бақша дақылдарын 222 гектарға ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар. Оның ішінде суды үнемдеу техникаларын қолдану арқылы 1,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізіледі. Бұл тұрғыда жергілікті жұртшылықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамту мақсатында 3 мың гектар жер дайындалып жатыр. Жалпы биылғы науқанға қажетті тұқым, минералды тыңайтқыштар мен техникалар сақадай-сай», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.Басқарма басшысының айтуынша, көктемгі егін егу жұмыстарына қажетті 3979 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы толықтай дайын. Сонымен қатар шаруашылықтар минералды тыңайтқыштарды жеткізуші мекемелермен келісімшарт жасасып отыр. Бұл тұрғыда 2023 жылдың егісіне қажетті 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 32,5 мың тоннасы сатып алыныпты. Сондай-ақ көктемгі егін егу және дала жұмыстарын жүргізуге қажетті 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Тұқым мәселесінде де түйткіл жоқ екенін алға тартады. Негізінен вегетация кезеңінде су лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемі қайта нақтыланбақ. Дегенмен ағын су тапшылығынан қиындық көрген Сыр жұртшылығында биыл да қорқыныш басым. Алайда тиісті сала мамандары судың мол болатындығына сендіріп отыр. Мәліметке сүйенсек, бүгінде «Шардара» су қоймасында 4,9 млрд текше метр су қоры бар. Одан төменгі ағысқа секундына 900 текше метр су жіберіліп тұрса керек. Осы орайда «Көксарай» су реттегішіне 1,7 млрд текше метр су жиналып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд текше метр артық көрсеткішке ие. Дей тұрғанмен, табиғат нәрінен тапшылық түбегейлі жойылды деп айту да ерте сияқты. Нақты уақытта дария деңгейі жоғары болғанымен, егін науқаны кезінде қиындықтар орын алуы мүмкін екенін мамандар жоққа шығармайды. Себебі қазірдің өзінде Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы «Тоқтағұл» қоймасында су мөлшері төмен деген ақпарат бар. Сондықтан да вегетация кезеңінде Шардара су қоймасына жоғарыдан келетін су мөлшеріне ешкім кепіл бола алмайды. Инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің техникалық жағдайы да көңіл көншітпей тұр. Соған орай былтырғы қиындықтар қайталанбауы үшін шаруашылықтар тарапынан 102 дана насостар орнату қажеттігі айтылып жүр.
«Жалпы вегетация кезеңінде су жүйелерін тазартудың маңызы орасан. Бұл тұрғыда шаруашылық аралық және ішкі шаруашылық каналдарының 77 пайызы тазартылған. Сондай-ақ су құрылыстары мен насос қондырғыларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бастысы, егін егу жұмыстарын жүргізгенде барлық агротехникалық қауіпсіздіктерді қатаң сақтау қажет. Осылайша, жылда қайталанып отырған қиындықтарды еңсере аламыз», – дейді басқарма басшысы.Осы орайда жыл сайын егістік алқабын жайқалтып, көл-көсір өнімге кенелуді мақсат тұтып жүрген шаруашылықтарды толғандырған мәселелер де аз емес. Бұл тұрғыда күріш бағасын тұрақтандыруда және әртараптандыру бағытында әлі де шешімін күткен мәселелер шаш-етектен екенін алға тартады. Жыл басында күріштің құны өсіп, халықтың наразылығын туғызғаны белгілі. Бірақ шаруалар күріштің бағасы өзіндік құнына жеткенін, төмен баға еселі еңбектерін өтемейтінін айтып жүр.
«Жалпы шаруалардың шаруасын ілгері бастырмай тұрған мәселе аз емес. Соның ішінде күріш бағасына байланысты қиындықтар көп. Жалпы бәрін нарық өзі реттейді деп ойлаймын. Дей тұрғанмен күріш дақылының құнсыздануы шаруалардың еселі еңбегін өтемей отыр. Сондықтан күріш бағасын, оны өткізу жолдарын реттеу қажет деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан күрішке қолдау жоқ деп те айта алмаймын. Қолдау көрсетіліп жатыр. Алайда атқарылған істен гөрі атқарылар шаруа шаш-етектен. Шаруашылық тарапынан егістік алқапты әртараптандыру бағытында да жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл тұрғыда қызылша, картоп пен алма егуді қолға алдық. Біз еккен қызылшаның қанттылық мөлшері 5 пайызға жоғары. Алайда оны өткізу тетіктері әлі де қалыптаспай отыр. Ал қызылшаны өзге облыстарға өз күшімізбен өткізу үлкен шығынға алып келеді. Сонымен қатар су тапшылығына байланысты да мәселе бар. Бірақ ауыспалы егістік жүйесі қалыптасса судан тапшылық болмайды деп ойлаймын. Ең бастысы, суды тиімді пайдалануды жолға қою қажет», – дейді Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов.Негізі биылғы егістікке қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен қамтамасыз ету толықтай жолға қойылған. Осы бағытта бүгінде 21,5 мың тонна күріш, 1782 тонна бидай, 278 тонна жоңышқа тұқымы әзірленген. Сол сияқты арпа, соя, мақсары, жүгері тұқымдары да жеткілікті. Аймақтың басты дақылы – күріш тұқымының 86 пайызы егіске дайын. Биылғы науқанға шаруашылықтар күріштің «Маржан», «Янтарь», «Сыр сұлуы», «Лидер» және «Премиум» сорттарын егіп, мол өнім алуға иек артып отыр.
Қызылорда облысы