Берекелі Балқаш өңірінде еңбекқорлығы өзгеге үлгі боларлық азаматтар баршылық. Сонда да болса орталықтан шалғайда орналасқан аймақта екі қолға бір күрек табу оңай емес. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қосымша табыс көзін табу қиын. Бұл орайда шалғай ауданда журналистігімен елге танылып, фотосуретші ретінде дараланған жергілікті азамат Бақтығали Дәуітбаевтың кәсібіне кісі қызығады. Бақтығали аудан орталығы Бақанас ауылымен іргелес қоныстанған Ақдала ауылында тұрады. Көп жылдан бері аудандық «Балқаш өңірі» газетінде журналист әрі фототілші болып қызмет істейді. Журналистер одағының мүшесі. Қаламынан туған, объективіне ілінген дүниелері Алматы облыстық «Алатау арайы», Жетісу облыстық «Жетісу» газеттеріне тұрақты жарияланып тұрады. Сонымен бірге ол – үйінде қоян бағып, істің көзін тапқан азамат. Оның бұл кәсібін көпшілік алғашында дұрыс қабылдай қоймаған. Бірақ уақыт өте қоян баққан журналист ісімен үлгі көрсетіп келеді. Бақтығали әу баста қазаққа таңсық кәсіптен нәсіп табамын және оны табыс көзіне айналдырамын деп ойламаса керек. Бәрі жиен қарындасының то-йындағы сыйлықтан басталыпты. Сол тойда ағайын-туған, дос-жаран, ауылдастар арасында өткізілген ойынға қатысып, кішкентай көжек ұтып алған. Алғашында оны қайда қоярын білмей сасқалақтағаны да рас. Ақыры, үйіне әкелгеннен кейін, балаларының қолқалауымен сүйкімді көжекті өсіруге бел буған. Көп күтімді қажет етпейтін, азығы мен суын уақытында берсең, жатын орнын таза ұстап, тыныштығын бұзбасаң, өсе беретін қоянның жылына үш рет көжектейтінін де осы шаруамен айналысқанда білді. Сөйтіп, қызығушылығы артып, қоянды өсіруге шындап ден қойған. Былай да өсімтал жануардың етті тұқымдарын өсіру мақсатында түрлі тәжірибелер де жасайды. Қолындағы қояндарды «фландер», «великан» тұқымдарымен будандастырады. Мұнда да біраз нәтижеге қол жеткізген. «Великан» тұқымды қоянның тоғыз айлық көжегі 3 келі ет береді екен. Ал бұрын көжектеген аналық қоянды асырауға алғысы келетіндер оның бір басына 25 мың теңгеге дейін төлейтін көрінеді. Бақтығали қоянның жақсы тұқымдары жайындағы деректерге де құлағын түре жүреді. Қажет болса арнайы барып, сатып алудан да жалықпайды. Онысын өзі бап-тап отырған қояндарға қосады. Будандастырады, асылданды-рады. Қоян шаруашылығы жө-ніндегі ғылыми еңбектерді жиі ақтарады.
«Біраз бұрын Есік қаласына арнайы барып, 18 мың теңгеге бір қоян сатып әкелдім. Қояндарға қызығып, Оралдан, Атыраудан, Қостанайдан хабарласатындар бар. Кейде тұқымына қарай, бір қоянның бағасы 60 мың теңгеге дейін барады. Өкінішке қарай, бізде қоянның етіне сұраныс бар да, терісін ешкім керек қылмайды. Көршілес жатқан Қырғыз Республикасында кәсіпкерлер қоян терісін екі мың теңгеден алып, тон тігу арқылы қыруар табыс тауып отыр екен. Болашақта біздің елде де осыны жолға қойса, қоян шаруашылығымен айналысатындардың қатары қалыңдай түспек», – дейді кейіпкеріміз.Отбасымен қоян өсіруді кәсіп қылған журналист, фотосуретші Бақтығалидың ауласындағы қоян саны мыңнан асқан кез де болыпты. Бірақ мұншама жануарды асырау оңай емес екен. Дене тұрқы шағын, көп күтімді қажет етпейтіндігіне қарамастан, мың қоянға азық тауып беру оңайға соқпаған. Жемшөбінің бағасы жыл сайын қымбаттап, қаржы тапшылығы қыса бастаған соң қоянның санын 100 басқа дейін азайтуға тура келіпті. Әріптесіміз олардың қыр-сырын жақсы біледі. Күтімі мен бабын таба алған. Түз қоянындай емес, үй қояны адамнан қорықпайды. Бірақ назар аудартатын өзіндік ерекшеліктері дебар.
«Қоян асырасаң, жолың болмайды» деп жатады кейбіреулер. Мен оған сенбеймін. Барлығын басымнан өткеріп, куә болып келемін ғой. Қоян асырап жүрген он жылда тек пайдасы болмаса, ешқандай зиянын көрмедім», – дейді әріптесіміз.Бақтығали Дәуітбаевтың жеті баласы бар. Қазір барлығы шаруашылықта әкесіне қолғабыс етіп жүр. Сабақтарын да жақсы оқиды. Кішкентайларынан еңбекке, білімді болуға тәрбиеленген балалардың бәрі шаруаға бейім. Тіпті, кенжесі Мадияр да қазір шаруаға жарап қалған.
«Сабақтан бос уақытымда қояндарға тамақ беремін. Жатқан жерлерін тазалаймын. Күркедегі әр қоянның өз аты бар. Қоңыр қоянды «Елік», ақ қоянды «Ақ бұрша» дейміз. «Ақ бантик», «Сұлу қыз» деген қояндарымыз да бар. Әрқайсысының өзіндік мінезі, ерекшелігі болады. Соған сай бабын тауып, дұрыс өсіруге тырысамыз», – дейді Мадияр Бақтығалиұлы.
«Барлығы сол қара ала көжектен басталды. Алғашқы жылдары балалар қолқанат болып, барлығын өзіміз атқардық. 2016 жылы Ауыл шаруашылығын қолдау қорының «Даму» бағдарламасы бойынша 4 пайызбен 1,8 миллион теңге несие алдым. Оған қояндарға арнап қора соқтым, басқа да керек-жарақтарды түгендедім. Төрт жылда несиеден толық құтылдым. Жаман болған жоқ. 2019 жылы қоянның саны мыңнан асып кетті. Бұл уақытта балалардың алды өсіп, студент атанып, өз тірліктерімен кете бастады. Көп қоянды бағу қиындық туғызды. Жемшөбі мен басқа да керек-жарағының бағасы да аспандап кетті. Он бес қоян бір қойдың шөбін жейді. Мың қоянға кем дегенде 65-70 қой асырауға жететіндей жемшөп дайындау керек. Соның бәрін ескере келе, санын азайтып, шамамызға қарай жүз ғана қоян ұстап отырмыз», – дейді.Қоян шаруашылығында табыс мол. Алты айлық он көжектің бағасы бір тоқтының құнына тең. Ол жақында 10 қоянды 105 мың теңгеге сатыпты. Мамандар қоянның еті қан қысымы мен қант диабеті ауруына шалдыққандарға ем екенін алға тартады. Қазір қоян етінің келісі 2 500-3 000 теңге аралығында сатылады. Өкініштісі, оның терісін кәдеге асыру мәселесі кенже қалып келеді. Тіпті, кезінде қоянның жүнін де пайдаға асырғандар болған екен.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы