Қазір жұрттың бәрі этнограф. «Биеде екі емшек бар екен» дейді де этнограф болып шыға келеді. Ал «Иттің күшігін не дейді?» десеңіз осының есі дұрыс па дегендей ала көзбен атады. Этнографияның оқуы жоқ. Ізденумен, зерттеумен, тәжірибемен келеді. Ізденгенде жылдар бойы ізденесің. Ширек ғасыр уақытың кетіп жатады. Осыған байланысты әу бастағы көзқарасың да өзгеруі мүмкін. Шүкір дейміз...
Қазақ баласына соғымның не екенін үйреттік және қашан сою керегін де ақжемденіп тұрып айттық дейміз. Қазір жұрт соғымға жылқы малын шығарып, желтоқсанның 13-14-15-і күндері пышаққа жығатын болды.
Қазақтың күздігін де айттық. Одан да нәтиже бар. Арқа қазағы бүгінде күздікке серке соя бастады. Ешкі жарықтықтың өнімін тұтынатын болды. Ешкі сүтінің құтысы қазір 1,5 мың теңге тұрады, ал майына 14 мың теңге сұрайды.
Кейінгі он жылда қасқыр мен ит жөніндегі зерттеулерім мен пайымдарымды жариялай бастадым. Ол жазбаларымнан да нәтиже бар. Ел енді бұрынғыдай бөрітонға өңмендемейтін болды. Ешкі жөнінде де алпыс беттік танымдық жазбамды жұрт назарына ұсындым.
Қазақ баласының ағарғаны жөнінде де тура алпыс беттік жазба қалдырдым. Бұл енді қазақтың табиғи вакцинасы. Ковидке қарсы, әрине...
Ендігі қазақ баласына сіңіре алмай келе жатқаным – қазақтың жаңа жылы!
Айта кетелік. Қазақ баласы әрбір күнін той қылып өткізген. Сондықтан да жіп тағып, даңғазалаған атаулы тойы болмаған. Өйткені қазақ баласының тойы дүниеге келгеннен басталады. Өлгенінің өзін той қылып өткізеді.
«Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген сөз бар. Біздің басымызда сондай күн тұр. Наурыз тойын жаза-жаза қолымызға сүйел шықты.
АЛЫС ТА, ЖАҚЫН НАУРЫЗ
Еліміз 1991 жылдан бері Наурыз мейрамын тойлап келеді. 2009 жылдан наурыздың 21, 22, 23 күндері Наурыз мейрамы деп жарияланды. Іле-шала ЮНЕСКО Наурыз мерекесін материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізді. Ал 2010 жылы БҰҰ бұл мейрамды ресми түрде 21 наурыз күніне белгілеп, Халықаралық Наурыз күні деп жариялады. Содан бері Наурыз тойлап келеміз. Қалай тойлап келеміз?
Жасыратын ештеңесі жоқ, айтуын айтып алып, айтқанымызды жұтып, өзімізді де, өзгені де ыңғайсыз жайға қалдырған жайымыз аз болған жоқ. Басқа жерді айтпағанның өзінде осы Арқа өңірінде Наурыз мейрамын әртүрлі тойлап келдік. Жылымықты тосатын болдық. Соған орай 22 наурыздан басталған тойымыз Арқа төсінде наурызда да, сәуір де, мамырда да тойланып жатты. Үш күнге белгіленген мейрамымыз солайша үш ай бойы тойланатын болды.
Сөйтіп, қолымыз той тойлаудан босамады. Елді де, өзімізді де мезі қылдық. Наурыз мейрамына деген құрметіміз осылайша кеміді.
Содан да бүгінде қарапайым тұрғындардан бастап министрге дейін Наурыз мейрамын жаңаша тойлау форматын ұсынып жатыр. Әрине, бұрынғы жосығымызды жоққа шығарып, ұшпаққа шығамыз десек, бұл да надандығымыздың бір белгісі болар еді. Дегенмен ертеңгі күнге құр қол баруға да болмайды. Біз өзі әсіре әсершіл халықпыз ғой. Онымыз, әрине, кеңістік – Дала баласына жарасымды. Алайда арнамыздан асып-тасып жататынымыз бар. Мәшһүр Жүсіпше айтсақ, жиегімізде тұрмаймыз.
Сондағы тапқан сөзіміз әз сөзі болды. Жер-көктің бәрін әз-Наурыз деген жарнамалар жаулап алып жатты. Оған құлағымыздың үйренгені соншалық, Наурыз десек, есімізге еріксіз әзі қоса түседі. Шын мәнінде, «әз» деген сөз соқыр, ақ деген мағынаны береді. Дұрысырағы, көзінің қарасы кетіп, ағы қалған адамды әз адам деген. Мәселен, әз Жәнібек, әз Тәуке сондай адамдар болған. Өкініштісі, жазушылар әз сөзін әскери шен деп түсініп, елді адастыруға себеп болды.
Тағы бір шегіншек түсінігіміз Наурыз мейрамын діни мереке қылып алдық. Қайда барсақ та дастарқан басында сәлдесін қоқайтып молда отыратын болды. Аузымыз қисаймай біздің той, Шығыстың тойы дейтінді шығардық.
Шын мәнінде, Наурыз – өмір сүру ұстынымыз! Бұл жалпыадамзаттық ұстын!
Оны қазаққа, болмаса өзбекке телу, болмаса түрікке, парсыға телу асылық. Бұл – адамзатпен қоса жасасып келе жатқан мейрам. Керек десеңіз, Наурыз мерекесі XVIII ғасырға дейін ежелгі Грекияда, ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек те бар. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және ортағасырлық жазушылардың еңбектерінде де кездеседі екен. Араға үш ғасыр уақыт түскенде Наурыз мейрамының бірізділіктен ажырап, қилы сипат алуы неліктен?
Қазақы ұғымда бұл көктем мерекесі, жуанның жіңішкерген тұсы. Жағырапиялық тұрғыдан келсек, мұнымыз өзімізге жөн болғанымен, басқа ендіктер мен белдеулерде басқа жыл мезгілі жүріп жатады ғой.
Бабаларымыз Наурызды Қызылбастың наурызы деп жатады. Қызылбасымыз парсы жұрағаты. Мұнымызды тарихи жәдігерлеріміз де қуаттайды.
«Нау» деген парсыша «жаңа» деген мағынаны береді. Латынның «ное»-сі, немістің «нойе»-сі, орыстың «ново»-сы осы «нау»-дан шыққан.
«Руз» да парсы сөзі, «күн» деген мағына береді, яғни Наурыз – Жаңа күн, Жаңа жыл емес! Ал жұртымыздың Наурызды Жаңа жыл деп тойлайтынын қайда қоямыз?!
Адамзаттық күнтізбенің шәмси және қамар жүйесімен есептелгені белгілі. Алайда құдайәлпеттес, аллаәлпеттестердің күштеп таңуымен күнтізбе есебінен жаңылдық. Біздің желтоқсанымыз қазіргі жалпы өркениетте желтоқсан/децембер деп қабылданған. Күнтізбеге он екінші ай болып кірген. Алайда «дека» деген латынша «он» деген мағынаны береді ғой. Олай болса жыл Григориан күнтізбесі бойынша желтоқсанда-оныншы айда біткенімен, астрономиялық санау бойынша ақпан айымен бітеді. Олай болса жыл басы наурыз айымен бірге кіру керек еді, яғни жыл басы – 1 наурыз ғой. Алайда жылдың бізде, басқа да елдерде 21-і болмаса 22 наурызда тойланатыны қалай?
22 наурызда түн мен күннің теңелетіні белгілі. Мұнан былай түн қысқарып, күн ұзара беретін болады. Ендеше бұл – жыл мерекесі емес, күн мерекесі.
Күн ең алдымен сайран болса, соңынан – от! Бұл – Күн мерекесі! Бұл – От мерекесі!
Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерінде парсы тілдес жұрт Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар Наурыз күндерінде әр жерден от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыныаяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою –«күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.
От деген – өмір! От деген – жылымық! От деген – көк! Ең соңында от деген – аластау! Терістіктің бәрін отпен аластаған! Сөйтіп жаңарған!
Ал Наурыз мерекесін бабаларымыз наурыз айының он төртінде атап өтіп отырған. Өйткені бұл күні көктем кіреді, Арқада наурызек торғай су ішеді. Ондағы жұрт мұны мейрам суы дейді. Мейрам суы дегеніміз – тірі су. Мұны ғылым да қуаттайды. Бұл мерекеміз еліміздің батысында Көрісу күні деп аталып жүр. Сол Көрісу күні наурызға жалғасқан. Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын қазіргідей үш күн емес, солайша бір апта тойлаған. Тойлағанда дастарқан басынан тұрмады деген сөз емес. Қыс ішінде қатыса алмаған алыс-жақынның аманшылығын білген, адамы опат болған отбасылардың үйіне барып бата жасаған. Күнесіген қарияларын күн көзіне шығарған. Малдың да, жанның да бауыр етінің екі есеге дейін ұлғаятын кезі – осы кез. Ал оның уытын қайтаратын дәрмен – ақ.
ҰЛЫҚ КҮН
Сонымен, Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Сол баяғы бір сарын. Олпы-солпы киіну. Желбегейінің етегіне сүрініп жүрген жастар. Қазақтың сыртаңының (сырттон) размері болмайды. Әу баста ел бөрікпен көрінуші еді. Бүгінде оның да қарасы өшкен. Оның орнына қоқырайған мұрақтар келді. Оның өзін де дұрыс қоқырайтып жүргеніміз шамалы. Бұл да бір білместігіміз, бұл да біздің ішкі надандығымыздың бір көрінісі. Әйтпесе, қарашасы бөріктен аспаған. Мұрақты хандар мен ханзадалар киген.
Мұрақ ақ сүйектердің бастоны деген түсінік бар. Соған орай өздерін қожамыз деп жүргендер де мұраққа таласып жүр. Жылағың келеді. Қайран, қазақтың ұлық күні...
Ең алдымен, қазақта наурыз деген сөз жоқ. Олай болса қазақта ондай мейрам да жоқ. Сол наурыз сөзімен байланысты наурызек, наурыз көже, наурыз бата сынды сөздер қатары да жоқ. Бұл – өзіміздің қызыл коммунистерден, ұлт сатқындарымыздан қалған мұра. Бұл – қазақ халқының ұлттық кодын біржолата жойып жібермесе де соған апаратын жол. От мерекесін тойлауға қызыл саясат барынша жел беріп отырды. Соған орай оны барша түркі жұртының ортақ мерекесі ретінде өткізуіне итермеледі.
Ұлттық кодынан ажырап қалған, болмаса ажырай бастаған жұрт содан да лап қойған. Вермишельден наурыз көже жасаушылар сол кезде шыққан. Қазақ баласының «Ақ мол болсын!» батасын өз түсінігіне бұрып алып, айран көже жасаушылар алдымызды сол кезде ораған.
Қазақ баласы көк шықпай киіз үй тікпейді. Ал біздікілер болса айтақыр асфальтқа қала тігіп тастайды. Соншама тіккен үйдің есігі де ашық бола бермейді. Оны да түсінуге болар. Былжырай бастаған топырақ аяқтоннан ажырай қоймайтын кезең. Бұл қазіргі түсінік. Қайткен күнде киіз үй тігуге ұмтылады.
Одан кейін ұлттық киімімізге шірет жетеді. Қызылды-жасылды киінген жастарымызды жазғырудың реті жоқ болар, алайда сыртаңның барлығының бірдей шапан емес екендігін айыратын уақыт жеткен болар. Бұрынғының шапаны иығыңа ілсең құйып қойғандай қона кетер еді, қазіргінің шапаны қытырлақ, сусымалы. Бір қолыңмен демеп ұстап жүрмесең, иығыңнан ысырылып түсіп қалады.
Одан кейін театрландырылған көріністер, қойылымдар толастамай жүріп жатады. Белдеуге тазы байлап қояды, босағадағы балдақта томағалы құс отырады.
Наурыздың басты дәмі – наурыз көжеден дәм татады. Осы наурыз көжеден кейін де ел тарай қоймайды. Өйткені олар қазақтың басты дәмі – ет күтеді!
Ал ет болса наурыз мейрамының басты дәмі емес болатын.
Ең алдымен айтарымыз, қазақтың ұлық тойларының барлығы да жаз айларына байланған. Ендеше бусап жатқан бірдің айында қандай думан, қандай ұлық той?
Қазақ қашанда тойлай білген. Кішкене қуанышының өзін кәдімгідей атап өткен. Сонда қазақтың өзінің төлтойы – жаңа жыл тойы қайда деген заңды сауал туады. Қазақтың ұлық тойы – ұлыс тойы! Бұл күнгі қазақ баласының кеше де, бүгін де, ертең де айтылатын ақжарма тілегі – «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» айтылады! Сонда ұлысымыз қайсы? Ұлы күніміз қайсы?
Қазақ күнтізбесінде кешегі март, бүгінгі наурыз айы – бірдің айы деп аталады. Ұлыс айымыз осы – наурыз айы. Ұлы күніміз осы ұлыстың 14-і! Өйткені бірдің айының 14-де жаңа жыл кіреді! Ол тойда ешқандай да көже ішілмейді. Ел бір-бірімен қыстай қатыса алмағандықтан ойдым-ойдым отырған ауылдарға барып өлі-тірісін түгендеген, барға қанағат, жоққа салауат айтысқан. Бұл күні ешқандай да көже ішпеген. Бұл күні дастарқан табағына шеке түскен. Ал шеке тек жылқы жарықтықта болады. Бұл күні ешқандай да мал сойылмаған. Қазанға былтырғы соғымға шығарған малының бітеу қартасы мен бітеу қазысы (жазы), жал-жаясы түскен. Бұл қанымызда ойнап тұрған зәузаттық жадымыздың анық көрінісі. Өйткені біз бүгін де Наурыз мейрамында ет жемей қайта қоймаймыз. Сол жаңа жылымыз біржолата тарих қойнауында қалып қойған жоқ. Сол жаңа жылымыз жарым-жартыкеш аталып жүр. Батыста – Көрісу күні, Арқада – Есендесу күні деп атап өтіледі.
Қазіргі қазақ күнтізбесін қайта қарау уақыты жетті деп ойлаймыз. Орыс, парсы, араб күнтізбелерімен тұздықталған күнтізбемізді ұлттық деп айтуға ауызымыз бармайды. Онда басқасын қойғанда ай атаулары амал атауларымен әбден бытысқан. Жылдың басы – ұлыс айымызға көз салсақ бірін-бірі қайталап тұрған үш бірдей мерекені байқауымызға болады. Алғыс күні, Көрісу күні, Наурыз мейрамы. Осы мерекелердің түп негізіне көз жүгіртсек үшеуі де бір болып шығады. Ендеше Ұлыс күнімізді – Жаңа жылымызды түстеп тұрып айтайық, ұлыс айының 14-де атап өтейік.
Ендігі әңгіме көже туралы. Көже қазақ баласының жеңсік асы емес. Олай болса оны аспандатуымыздың жөні жоқ. Оның үстіне, қазақ баласы қай мерекесін көжемен атап өтіп еді? Бұл бабалар жолын қорлау болып шығады.
Қазақ баласының осы ұлыс айында ішетін көжесі бар. Ол – дәруменді көже. Ол көжеміз – жылтыр деп аталады. Жылтыр дегеніміз – қойдың құйрығы деген сөз. Олай болса жылтырымыз таза қой етінен тұрады. Тағы да қайталап айтамыз, бұл – көже емес.
Алты ай қыстан кейін жан-жануар да, адам баласы да кәдімгідей азып шығады. Олардың бауыры айтарлықтай ұлғаяды. Бүйрек, өкпе, бауыр майқаптарынан ажырап қалады. Мұндай ағзаны қалпына келтірудің бірден бір жолы – жылтыр.
Наурыз көженің құрамы жеті дәмнен тұрады деп сайрап жүрміз. Соны дөптеп айтар жан болса, кәне? Бұл жерге діни нанымның да кіріккенін көреміз. Ел жеті санын толтыра алмай әуре. Соның салдарынан наурыз көжемізге вермишельдер түсіп жатады. Қазіргі наурыз көже деп ішіп жүрген көжемізде барлығы бытысып жүр. Ақ мол болсын деген тілеуімізден шығамыз деген ниетпен көжемізді сүтпен болмаса айранмен ұйытуымыз белең алған. Ал жылтырымыз таза қой етінен тұрады. Онда ешқандай да ақ жоқ. Онда құрт, қатық (сықпа), ет (қой еті), жылтыр (қойдың құйрығы), тұз, су (мейрам суы) бар. Мұндағы айтып отырған мейрам суымыз – тірі су. Бұл бұлақ суы деген сөз. Кешегі бабаларымыздың осы ұлық айда бұлақ көздерін ашып жатса, басқа себебі жоқ деп білеміз. Санамалап көрсек, жылтырымыздың құрамы алты дәмнен тұрады екен. Енді бұл дәмге түсетін жетінші дәмді де айтайын, ол – суыршөп. Бұл жерде тағы бір сауал көлденеңдейді. Суыршөптің жылтырға қатысы қанша деген. Дүниедегі еттің бәрі дәмді. Ал ең дәмдісі – кісі еті. Одан кейінгі дәмдісі – суыр еті. Осыған қарап бір қисын шығаруға болмай ма? Болғанда қандай? Суыр – адамның азғыны. Айтып отырған көрісу, есендесу күні Адам мен Азғын көріседі. Екінің айы басында көк иісі шығады. Оны бірінші болып суырлар сезеді. Ұйқысынан оянып, інінен шығып, сол көк иісімен өкпесін кере дем алады. Сонан қайтып ұйықтайды.
Сонан ұлыс кірісімен қайтып оянады. Енді ол ініне қайтып кірмейді. Ол суыршөпті іздейді және жазбай табады. Ал адам болса суырды бағады. Суыр сызған шөпті адам да талғажу қылады. Сөйтіп, адам мен суыр бірге жайылады.
Суыршөп – ағзаның ауру-сырқауларға қарсы тұратын қуатын арттыратын керемет дәрумен. Біздің бабаларымыз сол дәруменді жылтырларына қосқан.
Жылтыр көже десек, басқадай себебі жоқ болар.
Азғынымызға қайтып оралайық. Ақырзаман болғанда адамдар Азғынға айналады. Ақырзаман болғанда азғындар Адамға айналады. Қазақ өңірінің бір алабы Азғынды байбақ (бейбақ) деп біледі. Қазақ өңірінің бір алабы Азғынды тарбаған деп біледі. Қазақ өңірінің бір алабы Азғынды суыр деп біледі.
Қазіргі қазақ омыртқа, қабыртқы, болмаса шеке деп жатады. Жылқы баласының шекесі екі бөліктен тұрады. Олай болса оны жеп қоймай сақтау керек болады.
Сақтағанда кімге?
Қазақтың кәделі асы – шекесі осы ұлыс күні берілген.
Сонда кімге беріледі?
Ұзынсарыға, әрине!
Ал ұзынсарымыз кім әлде кімдер?
Көрісуге келетін адамдар...
Ұзын болатын себебі бұл айға жұрт арып-ашып жетеді.
Сары болатын себебі суыршөпке сарғайып жетеді.
Жә, осы жерден біз де ат басын тарттық.
Атжетер жерімізге жеттік деп білеміз.
Ендігі сөз сізде!
Парсының Наурыз байрамын – от тойын тойлайсыз ба?
Әлде. Бабаларымыздың жыл басы – Ұлыс тойын тойлайсыз ба?
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын!