Түлкібаста 4 жасар қыздың суға ағып кеткенін үш бүлдіршін көріп тұрған
Түлкібаста 4 жасар қыздың суға ағып кеткенін үш бүлдіршін көріп тұрған
Түркістан облысында 4 жасар қыз жоғалып кетті. Оқиға осыдан үш күн бұрын Түлкібас ауданында болған. Болжам бойынша, бүлдіршін өзенге құлап, оны ағыс алып кеткен болуы мүмкін. 17 наурыз күні кешке кәмелетке толмаған 3 туыс қыз Еңбек ауылының маңындағы Арыс өзеніне барған.
«Осыдан үш күн бұрын жұма күні кешкі сағат 6-лар шамасында қызым Нурикамал суға ағып кетті. Қасында 3 қыз болған, солар көріпті ағып кеткенін. Сол кештен бастап жан-жаққа хабар барып, ТЖД ауданнан, облыстан келді. Бірақ бүгін үшінші күн болды, әлі таппай жатырмыз. ТЖД қызметкерлері қолдан келгенін жасап жатыр. Өзіміздің Еңбек ауылына көпірдің астына сетка қойылды, сағат 10.30-да бірақ ары қарай Қарабұлақ көпіріне сетка қойылады деп айтылды, қойдық деп айтты. Бірақ бүгін білдім, ешқандай сетка қойылмаған. Оны сұрап білгенімде, бізде ондай үлкен сетка жоқ деп жауап берді»,  – дейді қыздың әкесі.
Қызды іздеуге Түлкібас аудандық полиция бөлімінің толық жеке құрамы мен аудандық прокуратура, ТЖД қызметкерлері, 30 ерікті жұмылдырылды. Қазір бүлдіршінде іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Түркістан облыстық ТЖД баспасөз қызметі: «Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 37 жеке құрам, 1 кинологиялық есеп және 2 бірлік техника, Шымкент қаласы ТЖД ЖҚЖ 5 жеке құрам және 1 бірлік техника, 1 жүзу құралы, Полиция департаментінен 16 қызметкер және 2 бірлік техника, жергілікті атқарушы органнан 10 қызметкер және жергілікті тұрғындардан 150 адам жұмылдырылды».