Жетісу облысындағы Қапал аймағының жағдайы аудан тарқап, Ақсу және Ескелді аудандарына қосылғалы тіптен нашарлай түсті. Елдің шетіндегі ауылдардың желдің өтінде қалғандай күй кешіп, өз қотырын өзі қасып отырғанын жазған едік. AIQYN газетінің 2022 жылғы 31 мамырдағы №77 санында жарық көрген «Шекарадағы ауылдың шаруасы шатқаяқтап тұр» деген мақалада Қытаймен шекара маңындағы ауылдардың өзекті мәселелері сөз болған. Атап айтқанда, сол мақалаға Ақтөбе ауылында санаулы ғана үй ғана қалғаны, округ орталығы Суықсай ауылымен жалғастырып тұрған жолдың жайы, сол жолдағы көпірдің тозығы жеткенін, сапалы медициналық қызметке, электр жарығы мен ауызсуға зар болған тұрғындардың мұң-зары арқау болғаны есте. Алайда содан бері жылға жуық уақыт өтсе де, жағдай өзгермеді. Ауыл тұрғындары да ауданға бірнеше мәрте жолы түскен облыс әкімінің кездесу сайын «көтерілген мәселелер реттеледі» дегенінен де нәтиже болмай тұр. Облыс басшыларының берген уәдесі орындалмай тұрғанда аудан басшыларынан қайыр болмайтыны түсінікті. Оны айтасыз, қазір жауаптылардан күдер үзген жұрт мәселені өз күшімен шешуге көшкен. Бірақ жақында сел шайып кеткелі ауданмен, округ орталығымен қатынас үзілді. Осылайша, шекара маңында өзгелерден оқшауланған елді мекен далада қалғандай күй кешіп отыр.
– Мен осы ауылда тудым. Жарты ғасырдан астам ғұмырым Ақтөбе ауылында өтті. Шынын айтқанда, елді мекен орналасқан аймақ хан жайлауға бергісіз. Амал қанша, тым шалғайда орналасқанымыз бен ауылға апарар жолдың, бір жылдары құнарлы жеріміздің талан-таражға түсіп кеткенінің кесірінен қолда барды ұқсата алмай отырмыз. Тұрғындардың көбі көшіп кетті. Ең бастысы, жолды жөндеп, көпірді реттеп берсе. Тұрғындар қатары көбейсе, мектептің, медпункттің жұмысы да жөнге келері анық. Былтыр мамырда облыстағы, республикалығы бар бұқаралық ақпарат құралдары Ақтөбенің жағдайын айтып, жазып, көрсетіп, жоғары жаққа жеткізгенде, «әй, енді бір нәтиже болар» деп ойлағанбыз. Қайдам, жылт еткен жақсылық жоқ. Құрғақ сөз бен бос уәде әбден жалықтырды. Наурыздың төрті күні таудан құлай аққан су тасқын онсыз да әрең тұрған жолдың быт-шытын шығарды. Автокөлік пен техниканы былай қойғанда, жылқы өте алмайтындай орлар пайда болды. Жұртпен бірге жабылып жүріп, басты қатерге тігіп болса да амалдап өтетіндей етіп қойдық. 24 наурызда ауылға округтің әкімі келді. Тағы да «жоғарыға жеткіземін, бір ретін табамыз, шыдаңыздар» дейді. Бірақ оның айтуынша, біздің ауылға апарар жол облыстың картасында жоқ болып шығыпты. Кезінде жаппай жекешелендіру жылдарында сол уақыттағы әкімқаралар жол өтетін жерді тұтасымен жекеменшікке беріп жіберіпті. Ендігі жерде, жолды жөндеу үшін оны жекеменшіктен алып, мемлекетке қарату керек екен», – дейді Ақтөбе ауылының тұрғыны Қалқаман Испанов.Қазір медпункті жоқ елді мекендегілер төтеннен келетін аурудан сақтасын деп отыр. Өйткені «жедел жәрдемді» қойып, трактормен округ орталығына жету мүмкін емес. Жеті жүз мыңға жуық тұрғыны бар Жетісу облысындағы халықтың басым бөлігі ауылда тұрады. Жағдайы қалаға бергісіз ірі елді мекендермен бірге, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан, тірлігінде түйткілді тұстары көп қоныстар да жетерлік. Әсіресе, облыстың Қытаймен шекаралас таулы аймақтарындағы, орталықтағы биліктің назарынан тыс қалған, елеусіз ғана күн кешіп жатқан елді мекендерге тез арада көңіл бөлінбесе болмайды. 1997 жылы облыстарды тарқатып, аудандарды ықшамдау кезінде сол кездегі Талдықорған облысының Қапал,Үйгентас, Қоғалы сынды шекаралық аудандары да таратылған еді. Араға он сегіз салып барып Алматы облысындағы Нарынқол аймағы Райымбек ауданы болып, қайта құрылды. Былтыр облыстар бөлінісі барысында Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай, Самар аудандары қайта ашылды. Бүгінде Райымбек ауданы облыстағы алдыңғы қатарлы аймақтар қатарында. Шығыс Қазақстан облысындағы былтыр қайта қалпына келтірілген аудандар біреуден ілгері, біреуден кейінді күн кешіп жатыр. Жаңа аудандарға көшіп келушілердің қарасы мол. Әсіресе, жастар туған жерге қайта оралып, елді мекендердің еңсесі тіктелуде. Ал бұған керісінше, Жетісу облысында жетімсіреп қалған үш аудандағы шекара шебінде орналасқан ауылдар біртіндеп қаңырап қалып жатқаны жанға батады. Осыларды көрген қапалдықтар да «ауданымыз қайта ашылып қалар» деп қатты үміттенген еді. Бірақ оның ауылы әзірге алыс сияқты. Ауданды құруды емес, ауылдарды құртып алмауды ойлайтын кез келіп тұр. Ақтөбе сияқты елді мекендердің түтіні сөнсе, мемлекеттік шекараның бойы мүлде бос қалады. «Бос жатқан жердің жау шақыратынын» ұмытпауымыз керек.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы