Атырауда оқушылар билейтін робот ойлап тапты
Атырауда оқушылар билейтін робот ойлап тапты
747
оқылды
Атыраулық оқушылар билейтін робот құрастырып шығарды. Робот күрделі қимыл-қозғалыстарды жасай алады. Атыраудағы Абай орталығында 7-11-сынып оқушылары үшін тегін STEAM курсы бар. Мұнда мектеп оқушылары түрлі роботтар құрастырып, ғылыми жобалармен айналысады. Мәселен, JasSpace кеңістігінде қосымша білім алып жүрген Құрмет Әйіпқалиев пен Дәмелі Кішібай билейтін робот құрастырған. Құрмет мұнайлы шаһардағы №28 мектептің 7-сыныбында, ал Дәмелі APEC колледжінің 1-курсында оқиды.
«Біз билейтін роботты құрастыруға екі ай уақытымызды жұмсадық. Роботтың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, робот «Қара жорға» биін билейді. Екіншіден, айналадағы адамдармен байланыс жасайтын мүмкіндігі бар. Үшіншіден, күрделі қимыл-қозғалысты жасай алады. Төртіншіден, этностильдегі робот ультрадыбыстық датчик арқылы қосылады», – деп түсіндірді Дәмелі Кішібай.
Оқушыларды өнертапқыштыққа Дияр Әбуханов баулып жүр. Оның айтуынша, оқушылардың робот құрастыруға қызығушылығы зор. Бұған теориядан гөрі практикалық жұмысқа басымдық беру септігін тигізген.
«Шетелде жаңа технологияға, әсіресе түрлі роботтар құрастыруға баса ден қойылып отыр. Робот адам еңбегін алмастырып жатыр. Болашақта Қазақстанның жас өнертапқыштары бәсекеге қабілетті жаңа технологиялар ойлап табатынына сенемін. Ал, біз бастапқыда роботты картоннан дайындап, тексеріп көрдік. Кейін макетті пеноплекстен жасап шығардық. Басқару бағдарламасын әзірлеп, оны ардуино платасына құйдық. Сөйтіп, тетікті басқанда, робот билейтіндей мүмкіндік жасадық. Мұнан соң роботты одан әрі жетілдіруді ойластырдық. Қазір робот ролик арқылы қозғалады. Енді оны аяғымен жүріп, адамның қимыл-әрекетін көбірек жасайтындай еткіміз келеді», – деп алдағы жоспарымен бөлісті Құрмет Әйіпқалиев.