Қазақстанда ауыл тұрғындары үшін 2 855 тұрғын үй салу жоспарланған. Ол үшін 14,3 млрд теңге қарастырылып жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Марат Қарабаев мәлімдеді.
«Халықтың ауылдық және шекара маңындағы аумақтардан көшуін азайту мақсатында бірінші кезекте жаңа өндірістерді іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Аталған жобалар өнеркәсіп қорында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылмақ», – деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Марат Қарабаев ауыл тұрғындарын баспанамен қамту мәселесін қозғады.
«Ауыл тұрғындарына жалға берілетін тұрғын үй салушылардың шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылды. Осы тетік арқылы ауыл азаматтарына 2 855 тұрғын үй салу жоспарланған (14,3 млрд теңге). Бұдан басқа, ауылда жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жыл сайын 22 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылмақ.
«Халықтың сапалы тыныс-тіршілік деңгейін арттыру және инфрақұрылымдық дамудың негізгі проблемаларын шешу міндеті тұр. Жоспар бойынша базалық инфрақұрылым жобалары, оның ішінде автомобиль және теміржолмен, авиажелілермен, сумен, жылумен, газбен және электрмен жабдықтау, сондай-ақ байланыс, телекоммуникациямен (телефон, интернет) және басқа инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделеді», – деді министрдің міндетін атқарушы.