Жамбылда 250-ден астам педагог заңсыз жалақы алған
Жамбылда 250-ден астам педагог заңсыз жалақы алған
Фото: paryz.kz
Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалған. Педагог 24 миллион теңге көлемінде заңсыз жалақы алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл қаражат, негізінен, мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген. Бірақ мектеп мұғалімдері оларға мүлдем сабақ бермесе де, жалақы жаздырып, алып келген. «Қазақпарттың» мәліметінше, мұндай заңсыздық Жамбыл облысының 6 ауданында, ең көбі Байзақ ауданында анықталды. Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық мұғалімі өткізбеген дәрістері үшін 11 миллион 200 мың теңге жалақы алған. Заңбұзушылықты прокуратура өкілдері анықтады. Осы іске қатысы бар делінген 253 білім саласының қызметкері жауапқа тартылды. «50-ден аса мектеп директоры, 6 аудандық білім бөлімінің басшысы, 100-ден аса мектеп директоры орынбасарлары тәртіптік жауапқа тартылды. 24 миллион теңге бюджетке кері қайтарылды», – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев. Айта кетейік, облыста 8 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 10 пайызы үйден оқытылады. Бұған дейін Жамбыл облысында көлігін оқушыларға жуғызған мұғалім туралы жазған болатынбыз.