ТДМ аясында журналистік білім беру мәселелері талқыланды
ТДМ аясында журналистік білім беру мәселелері талқыланды
1,164
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  “Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері” (MTIJ) атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Фараби оқулары аясында биыл жетінші рет өткізілді. Халықаралық ұйымдар мен академиялық орта өкілдерінің  және қазақстандық практик мамандардың пікірлерін тоғыстырып, тәжірибе алмасуға мұрындық болған ғылыми платформаның өзегін инновациялық технологиялар мен өнімдер, мәдениетаралық дискурс және олардың планетадағы шиеленісті және тұрақсыз жағдайдағы рөлі туралы тақырыптар құрады. ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросымен бірлесіп журналистика саласындағы оқу бағдарламаларын күшейту, Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасында коммуникация саласындағы үздік білім беру тәжірибелерін тарату, медиасфераның неғұрлым сұранысқа ие бағыттары бойынша ғылыми және қолданбалы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантаев ғылыми форумға қатысушыларды құттықтап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көпжылдық дәстүрлерді сақтай отырып, халықаралық тәжірибе арқылы жаңа медианың ең озық әдістерін әзірлейтінін атап өтті. журналист Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының коммуникациялар және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов ЮНЕСКО ұйымының медиа-жүйелердің әлеуетін арттыруға және журналистік білім беруге, демократияны, коммуникацияны және толеранттылықты қолдауға үлес қосуға бағытталған негізгі қызметімен таныстырды. БҰҰ-ның Қазақстандағы Жаһандық коммуникациялар департаментінің басшысы Властимил Самек ғылыми ортаның экология, климат өзгерісі, гендерлік саясат, көші-қон және т.б. конференцияның күн тәртібінде тұрған жаһандық мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтті. Академиялық орта өкілдері мен ғалымдар сала өкілдерімен бірлесе отырып, оқу үдерісін жаңарту мәселелерін шешуге елеулі ықпал етеді. Жаһандану, мультимедиа және медиа білімнің шекарасын кеңейту мәселелері өзгермелі медиа шындықтың өзегін құрайды. Сондықтан жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен практиктердің қатысуымен өтетін бұл конференцияда журналистік білім беруді жаңғырту модельдері талқыланады. Бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті журналист мамандарын даярлауда практиктер мен академиялық орта өкілдерін бір алаңға тоғыстырған конференция өз жемісін беріп келеді. 2015 жылы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы қабылданғаннан кейін ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы алғашқы конференцияның тұсауын кесті. Тұрақты даму мақсаттарына жету көзделген 15 жыл ішінде креативті, инновациялық әлеуеті, шығармашылық белсенділігі жоғары,  тұрақты дамуды және саяси-әлеуметтік, экологиялық ресурстарды тиімді пайдалана білетін мамандар даярлау мақсат етіп қойылды. 2016 жылы сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберілген конференция Қарарының нәтижесінде бакалавриатта «Халықаралық журналистика» мамандығы ашылды. Практик мамандар оқу үдерісіне тартылып, кәсіби маман даярлауға байланысты ұсыныстары  білім беру бағдарламаларына енгізіліп келеді. Міне, осы мақсатты көздеп 2016 жылы ЮНЕСКО кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімімен бірлескен шешім нәтижесінде тұңғыш рет өткізілген конференция Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының құрылуының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген еді.  2016-2023 жылдар ішінде конференцияға 122 халықаралық медиа өкілдері, журналистика оқытушылары және БАҚ зерттеушілері, 75 академиялық институт өкілдері (оның ішінде 43-і шетелдік) қатысты. журналист Кафедрада бірнеше инновациялық халықаралық және ұлттық жобалар орындалды. Соңғы жылдары Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер өкілдігінің, сондай-ақ АҚШ елшілігінің жобалары жүзеге асырылды. Биылғы оқу жылында кафедра журналистердің қауіпсіздігі, әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылық мәселелерін жариялау, дау-жанжалға сезімтал журналистика және климаттың өзгеруі тақырыптары бойынша ЮНЕСКО-ның ресурстарына негізделген төрт жаппай ашық онлайн курстарын Орта Азия елдерінің 19 университетіне арнап әзірлеп, іске қосты, сондай-ақ Орталық Азия аймағында гендерлік құзыреттілікті нығайту жобасын жүзеге асырды. Конференция жұмысына қатысқан Гаджи Байрам Вели университетінің журналистика факультетінің деканы Авшар Закирдің айтуынша, қазіргідей күрделі дәуірде әртүрлі елдердің азаматтарына ақпараттың алуан түрлілігін жеткізу үшін тек елдер арасындағы ғана емес, журналистер арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты сақтау аса маңызды. Бұл жерде әлеуметтік медиа мен жаңа медиа үлкен рөл атқарды. Бірақ қазір әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттардан қорғану үшін халықаралық стандарттар қолданылып, медиа білім беру дағдыларын игеру ұсынылады. Адам Мицкевич атындағы Польша университетінің профессоры Радослав Фидлер де бұл пікірді қолдап, жалған жаңалықтар, дереккөздер мен жалған ақпарат порталдары күн сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті. ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова қазір қоғамдық пікірді журналистер де, блогерлер де қалыптастыратынын атап өтті. «Күн тәртібінде климаттың өзгеруі, планетаны болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу сияқты мәселелер тұр, қоғамның бұл туралы білмеуі әбден қынжылтады. ЮНЕСКО еліміздегі экожүйені сақтауға, әсіресе Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі жобаға белсенді түрде үлес қосуда, бұл туралы халықты ақпараттандыру маңызды», – деді сөзін аяқтай келе. журналист Қызу ғылыми пікірталасқа Венгриядағы ғылыми елші, Дебрецен университетінің докторанты Назира Әбдінасыр  (Венгрия), Интернет-медиа және коммуникациялық хабар тарату қауымдастығының президенті, Sonnokta Haber, Koridor  газеттерінің бас редакторы Сердар Акжол (Түркия), Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясының президенті Мендерес Демир (Түркия), "Ала-ТОО" Халықаралық университетінің (Қырғызстан) журналистика факультетінің деканы Элира Турдалиева, Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің деканы Алтын Асанова,  Пенза мемлекеттік университетінің (Ресей) доценті Галина Зуеева, "Медиахаб" порталының (Армения) журналисі Наре Геворкян, Түркітілдес журналистер қоры ҚҚ президенті (Қазақстан) Назия Жоямергенқызы және т.б. қатысты. Әртүрлі елдерден келген конференцияға қатысушылар қоғамның тұрақты даму тұжырымдамаларын, мәдениетаралық коммуникацияның жаңа форматтарын, журналистік құралдар мен жергілікті БАҚ-тың тұрақтылықты сақтаудағы әлеуетін талқылады. Конференция ұсыныстарының ішінде журналистика бойынша халықаралық стандарттарды, оның ішінде ЮНЕСКО ұсынған стандарттарды тарату бойынша шеберлік сабақтарын жиі ұйымдастыру, үздік бағдарламаларға, жарияланымдарға, тұрақты даму проблемаларын жариялау бойынша блогтарға конкурстар өткізу, батыс және шығыс ғалымдарының ғылыми ынтымақтастығын нығайту сияқты өзекті мәселелері бар. Журналистер журналистік этиканы сақтап, қоғамға тарататын ақпаратты мұқият тексеруі, ал блогерлер осы стандарттарды ұстануы тиіс. Конференция жұмысы тәжірибелі  практик-мамандардың шеберлік сыныптарына ұласты.

Назгүл Шыңғысова, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі