Қызылордада жасөспірімді соққыға жыққан 5 оқушы анықталды
Қызылордада жасөспірімді соққыға жыққан 5 оқушы анықталды
6,364
оқылды
Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнекөрініс жарияланған еді. Осы мақсатта Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, бейнероликте көрсетілген кәмелетке толмағанды ұрып-соққан адамдар анықталған.
«Бұл бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейiнгi тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігімен ("Бұзақылық") іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Қазалы ауданының әкімдігі төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілгенін хабарлады.
«Кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы екені белгілі болды. Олар 7 сәуірде аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазір соққыға жығылған бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты», – деп мәлім етті аудан әкімдігінен.