ҚазҰУ-ға Алтай Көлгінов келді
ҚазҰУ-ға Алтай Көлгінов келді
893
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобы құрамында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар. Үкімет басшысының орынбасары бастаған топ алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейіне бас сұқты. Мұнда қара шаңырақтың тарихы, жетістіктері, тұлғалары мен түлектері жайлы мәлімет берілді. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев өткен жылы университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларына жүргізілген жөндеу жұмысының барысына тоқталды. «Жөндеу кезінде ғимараттардың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынды. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізілді. Жатақханалардағы әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, сантехникалық жабдықтар ауыстырылды», – деді ректор. Содан соң вице-премьер бастаған жұмыс тобы бас ғимаратта орналасқан оқу орнының  Жағдаяттық басқару орталығының қызметімен танысты. Орталық басшылары қауіпсіздік және бақылау жүйесі барысын көрсетіп, университеттің ақпараттық бағдарламалары мен байланыс орталығының жұмысы туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Алтай Көлгінов университеттегі Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында болып, дәрілік препараттар әзірлейтін құрылғылармен танысты. Арнайы сапармен келген вице-премьерге ректор Жансейіт Түймебаев  ҚазҰУ қалашығы құрылысының ΙI даму кезеңі жайлы мәлімет беріп, болашақта салынатын жатақхана, оқу корпустары мен қызметтік тұрғын үй жобаларымен таныстырды.    width= Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 маусымда оқу ордасына келген сапарында ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарын қолдаған болатын. Жоспар бойынша қалашықта оқу ғимараттары, әкімшілік корпустар, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық пен технопарк және студенттер мен магистрларға, докторанттарға арналған жатақханалар бой көтереді.  Қазір студенттер қалашығында 3 гектар аумақта 12 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық жүріп жатыр. Университетте 24 мыңнан астам студент білім алуда, оның ішінде, 12 мыңнан астам білім алушы жатақханаға мұқтаж. Сондықтан студенттер үйі университет тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Білім алушылар арасында жатақханалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешеді. Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов ҚазҰУ-дың Процестік инновациялар орталығы,  Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтан зондтау орталықтарының жұмысымен танысып, ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми көрмесіне қатысты. Көрмеде вице-премьерге наноматериалдар негізіндегі датчиктер, энергияны үнемдейтін шамдар, микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар, Қазақстанның табиғи шикізаты негізіндегі дәрілік препараттарды өндіру, қан тамырлары патологиясының алдын алу және емдеу, туристік цифрлық контентті жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар, наноматериалдар негізіндегі суперконденсаторлар, депрессияның психофизиологиялық маркерлері және басқа да инновациялық жобалар таныстырылды.

Алматы