Әзербайжан халқының ұлы перзентіне құрмет
Әзербайжан халқының ұлы перзентіне құрмет
497
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты. Мемлекет басшысы былтыр Әзербайжанға ресми сапары барысында Ильхам Әлиевпен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ны­ғайту жөнінде келісімге келгенін еске салып, бұл, ең ал­дымен, екі елдің достық қарым-қатынасын бекем­дей түсу үшін өте маңызды қадам екенін айтты.
– Гейдар Әлиев секілді әлемдік деңгейдегі тұл­ғаның атын ұлықтау – біздің парызымыз. Астанада оның есімімен аталған жаңа көшенің ашылуы – біздің осы игі іске қосқан маңызды үле­сіміз. Әзер­байжан халқының ұлы перзентіне де­г­ен зор ілтипатымыз әрі шынайы құрметіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттілігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті.
– «Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүруші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жолына түскен Әзер­байжанның архитекторы десек, артық айтқандық емес. Оның салиқалы басшылығымен Әзербай­жанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономика­лық өзгерістер жасалды. Ел қиын кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдік қоғам­дастықтың беделді мүшесі болды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брен­діне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанына тоқталды. Сондай-ақ оның қазақтар туралы жылы пікір білдіріп қана қоймай, түп-тамырымыз бен тарихи мұрамыз ортақ екенін үнемі айтып отыратынын еске алды. Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев біздің елімізге ресми сапары аясында осындай керемет тарихи сәтке куә болып отырғанына қуанышты еке­нін жеткізіп, Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзер­байжан мемлекетінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталды. Сонымен қатар Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті мен халқын әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен құттықтап, еліміздің халық­аралық аренадағы беделі зор екенін атап өтті. Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астана қаласындағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызды.