Алматыда кәмелетке толмаған балаларды ұрып-соқты деген күдікке іліккен «Райымбек батыр» қайырымдылық мекемесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Аikyn.kzКТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Полицияға арыз сонда тұратын оқушыдан түскен. Телеарна тілшісінің айтуынша, бұл ұйым «сүлейменшіл» бағытты насихаттайтын секта болуы да мүмкін. Қыста ол жақтан діни оқулықтар тәркіленсе, енді жастарды ұрып-соғады деген ақпарат ресми расталды.
Осы сияқты қайырымдылық қорының атын жамылған медреседен жапа шеккен оқушылар шетінен өз шындығын айтып жатыр. Бұл пансионаттың барлығы «Жібек жолы» қауымдастығына қарайды.
«Дәретхананы жуғызады». «Жұдырық жұмсайды». Бұл – «Райымбек батыр» қайырымдылық қорында қағажу көрген жеткіншектің инспекторға жіберген жазбасы. Іле-шала құзырлы орган жетіп, мекеме қызметкерлері қарсылық танытса да, 43 оқушыны босатты.
Алматыдағы Балаларды қолдау орталығынан 12 жастағы інісін алып кетуге келген ағасы қайырымдылық қоры қатігездік таныта ма деп аң-таң. Ата-анасы жетіп үлгермеген балалар уақытша осы мемлекеттік мекемеде болады. Көбі үркіп қалған. Одан да сорақысы, жеткіншектердің санасы уланғаны әңгіме ауанынан байқалады. Медресе деп ешкімге тіс жармай жасырып келгенін мойындады.
«Иә, жасырып келдік. Медресе деп ешкімге айтпадық. Ұстаздардың айтуы бойынша, былай, оқуымызға болады. Бірақ медресенің атын жамыла алмаймыз», – дейді жасөспірім.
13 жастағы бұл оқушының қордың қамқорлығына өткеніне бір жарым жыл болған. Аз қамтылған отбасыдан шыққан. Қауіпсіздік мақсатында жүзін жасырдық. Қатарластарын ұстаздары ұрып-соққаннан еш әбестік көрмейді.
«Егер олар ұрмаса, одан бетер шектен шығатын еді. Дін бойынша кішкентай балаларды ұрған дұрыс емес. Бірақ түзу жолға салу үшін сәл ұрған дұрыс деп ойлаймын», – дейді бала. Тақиялы бозбала да бертінде «Жібек жолы» мекемесіне қарасты «Сауран» қорынан қорлық көріп, қашып шыққан.
«Ұрып-соқты. Яғни, дәріс тапсырмасаң, дәріске кешігіп келсең. Уақытылы тапсырмасаң ұрады. Қолдан ұрады, мойынан ұрады, желкеден ұрады. Бүкіл жерден ұрады», – дейді жәбірленуші. Алматының өзінде мұндай мекеменің жетеуі бар. Құжатта «қайырымдылық қоры» деп көрсетілген. Медресе екенін жасырады.
«Иә, медресе екенін, мысалға, айтпаңдар деді. Келеді ғой енді, мысалы, бизнесмендер. Келіп таныстырады, біздің шәкірттеріміз, медресе деп. Шын мәнісінде, медресе деп айтпаңдар деді ғой», – дейді жасөпірім.
Ұйымды зерттеген теологтердің айтуынша, жасырын істейтін оғаш құлшылығы көп. Жұма намазына мешітке бармай, өз аумағында оқшау оқиды. Мүфтиятқа бағынбайды. Тіпті, жылдың бір арнаулы айында бес уақыт намаздың біреуін қалыс қалдырады екен.
Теолог Руслан Қайыргелді: «Ол кісілер осы уақытқа дейін өз мекемелерінде, пансионатында жұма намазын өткізіп, атқарып келді. Оның өзі шариғат талабына сай емес. Бір Қазақстанда, бір елде, бір қалада өмір сүре тұра, мешіттің намаз уақытынан олардың намаз уақыттары ерекшеленеді. Тіпті, мен сіздерге айтайын, жаздың бір уақыттарында, 10-15 күн арасында, олардың біздің түнгі құптан намазы бар емес пе, сол құптан намазының уақыты кірмейді деп, тек қана төрт уақыт намаз оқиды», – деді.
Сайып келгенде, бұл – «сүлейменшілердің» ұстанған жолы.
Сүлеймен Хилми Тунахан 1888 жылы қазіргі Болгарияда өмірге келген. Ыстамбұлда 10 жылдан астам араб тілі, тәпсір, хадис және т.б. білімді үйреніп, ұстаздық қызмет ету мәртебесіне ие болады. Қазилар медресесін тәмамдайды. Түркия билігіне Ататүрік келгенде реформасына қарсы шыққан. Дүние салғанға дейін шәкірт тәрбиелеп, діни білім үйретумен шұғылданған. 1959 жылы Сүлеймен Хилми Тунахан бақилық болғасын, шәкірттері ұстазына деген құрметі үшін рухани қызмет жасаймыз деп уәде беріп, «сүлейменшілер» бағытын дамытқан.
Сүлейменнің кім екенін Қор қамқорлығындағы балалар жеті атасындай жатқа соғады. Пір тұтады.
«Бір әулие кісі болған сондай. Сол кісі дінге жақын, дінді таратып жүрген дұрыс жолда болған адам. Сүлеймен Хилмит Тұнахан деген. Оны бізге де ұстаздарымыз айтады, хазірет ұстазымыз деп. Сол кісінің шәкірттері жалғасып келе жатқан бір ұстаздық деп айтсам болады. Сүлеймен мен үшін ұстаз...», – дейді жәбірленуші.
Жасырын құлшылықтың бірі – оқушылар әулие тұтқан Сүлеймен Хилми Тунаханың суретін жатарда жастық астына салып ұйықтайды екен.
Теолог Руслан Қайыргелді: «Ғалым болғаны рас. Ол кісінің дінге қызмет еткені рас. Алайда өзінен кейін ерушілері, шәкірттері Пайғамбар дәрежесіне көтеріп жібергендері шариғатқа қайшы нәрсе. Жасырын құлшылық дедім ғой, одан кейінгі олардың шәкірттері тіпті шектен шыққаны соншалық, ол кісінің суретін сүйіп, бірге ұйықтаған кезде жастығының астына алып жатады. Сол кісінің аруағы қолдасын, сол кісінің аруағы жебеп жүрсін деген мақсатпен жастанып жатады», – дейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аты шыққан «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығымен 2021 жылы жасалған екіжақты келісімді бертінде бұзды. Келісім аясында қойылған заңды талапты орындамаған екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, ҚМДБ Қазақстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерді мәжбүрлі түрде дінге тартуға немесе олардың руханы дамуына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ екенін мәлімдейді. «Жібек жолы» қауымдастығына қарасты қайырымдылық мекемелерінің тәрбиеленушілері өзге де Қазақстан азаматтары секілді қандай да бір шектеусіз өз еріктерімен ҚМДБ мешіттері жанындағы діни сауат ашу курстарына қатыса алады.
Полиция департаменті «Жібек жолына» қарасты қайырымдылық мекемесіне қамқорлығындағы балаға зиян келтіріп, қамқоршы құқығын теріс пайдалану бабымен қылмыстық істі тергеуді бастады.
Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Екі жарым сағаттай мекеме ішіне кіре алмады. Өйткені сол пансионаттың адамдары қоқан-лоқы көрсетіп, ішке кіргізбеді. Заң нормаларына сай, олар жауапқа тартылып, іс тергеліп жатыр. Бұл балаларға қысым және көрсетілген ұрып-соғу деректері де бар болуы мүмкін. Алдын ала мәліметіміз бойынша, бұл пансионат биыл қыста қаланың басқа төңірегінде айқындалған тәріздес пансионаттың бір филиалы болуы мүмкін», – деді.
Қаңтарда балалар пансионатының атын жамылып, жеткіншектерді өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдікпен қайырымдылық мекемесіне қатысты қылмыстық істі тергеу басталған. Тінту кезінде Қазақстанда экстремистік деп танылған діни оқулықтар табылды. Бұл мекеменің де бүгін біз сөз еткен «Жібек жолына» қарайтын кейіннен анықталды.