ОҚМПУ-да ғылым апталығы басталды
ОҚМПУ-да ғылым апталығы басталды
1,008
оқылды
12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ғылым апталығы басталды. Апталық Қазақстанның Құрметті ұстазы, ОҚМПУ көркем сурет үйірмесінің жетекшісі Алмас Қалықовтың «Сандар сыры» атты жеке шығармашылық көрмесімен басталды. Көрменің ашылу салтанатында ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева сөз алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Сандар бүккен сыр жаратылыстың мән-мақсатына терең үңілуге жетелеп, сандардың киелі формуласын жете түсінуге үндейтінін атап өтті. Оқу ордасының «Шаңырақ» ғимаратында ұлағатты ұстаздың туындылары қойылған. Көрмедегі туындыларда әр жасырын тұрған сандардың мағынасы өлеңмен көмкеріліпті. Алмас Шулезбайұлы суреттегі идеяның қалай туындағанын, өлең жолдарының қалай шыққанын айтып берді. ОҚМПУ
«Көрмеге 11 туынды қойылды. Әр бейнеде 0-ден 10-ға дейін сан бар. Шығармамның сандар бағытына бұрылуына студенттерім себепші болды. Бір күні сабағымда шрифт түрлерін түсіндіріп, оларға графемаларды жаздырған едім. Сонда студенттердің дәптерге түсірген сандарының сөйлеп тұрғанын байқадым. Әр елдің әрпі әртүрлі болғандықтан, оны екінші ел түсінбеуі мүмкін. Ал санды барлығы дерлік ұға алады. Содан әр санның мағынасын зерттей бастадым. Зерттеу барысында өлең де өздігінен шыға бастады», – деді Алмас Қалықов.
ОҚМПУ Ғылым қызметкерлеріне арналған бұл іс-шара апта соңына дейін жалғаспақ. Апталық аясында ғылыми координациялық кеңестің кеңейтілген отырысы, білім алушылардың дәстүрлі республикалық XІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясының секциялық отырыстары мен пленарлық мәжілісі, «Ғылымдағы заманауи трендттер», «Жас ғалымдардың мүмкіндіктері мен жауапкершілігі» тақырыптарындағы ғылыми-әдіснамалық семинарлар өтеді. Отандық ғылым мен білімде үлесі бар қызметкерлер мен жастарға жүлде тағайындалған.