4 айлық сәбиге өз бауырын бөліп берген үлкен жүрек иесі – Бекарыстан
4 айлық сәбиге өз бауырын бөліп берген үлкен жүрек иесі – Бекарыстан
1,869
оқылды
Бекарыстан Аманжолов «бауыр церрозы» дертіне шалдыққан досының 4 айлық қызына донор болып, бауырының бір бөлігін бөліп берді. Донор болу – ол үлкен жауапкершілік әрі мұндай шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Партия қатарында еңбек етіп жүрген әріптесіміз, «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің консультанты Бекарыстан батырымыз ештеңеге қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу үшін өз еркімен донор болуға ниет білдірген. Aikyn.kz бейбіт күннің батыры деген атқа лайық азаматпен болған кішігірім сұхбатты назарларыңызға ұсынады. – Донор болуға шешімді қалай қабылдадыңыз, яғни оған не түрткі болды? – Донор болуға шешімді қатты бір қорыққаннан, иә  басқа да дүниенің әсерінен қабылдаған жоқпын. Бала ауырып, жағдайы белгілі болған кезде жақтастар болып арнайы чат аштық. Сөйтіп, бүкіл жолдастары болып қаржылай көмек беріп, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қолдауға кірістік. Алғашында мен ғана емес, бірнеше жолдас балалар бәріміз донор болуға ниет білдірдік. Бірақ ағзаның сәйкестігіне, денсаулыққа байланысты мен донор болатын болдым. Жалпы, кішкентай адамның, сәбидің өмірін құтқаруға мүмкіндігім бола тұра оған өз үлесімді қоспау – бұл нағыз тәкаппарық сияқты көрінді. Сондықтан ойланбастан келістім. Шыны керек, бастапқыда ештеңе ойламадым. Яғни, операция қалай болады, оның артынан қандай салдары бар екенін білген жоқпын. Бірақ соңына дейін қайтпай, әрекет еттім. Өйткені досыммен бала кезден, оқушы шақтан жақын болған соң,  олардың қайғысын мен де сезіндім. Бір жағынан өзім де әке болғаннан кейін және сүп-сүйкімді баланы аман алып қалуға тамшыдай болсын көмегім тисе, неге өз үлесімді қоспасқа деген ой келді. Бекарыстан – Өз денсаулығыңызға деген алаңдаушылық, операция алдындағы қорқыныш сезімдері болды ма? Болса оны қалай жеңдіңіз? – Алаңдаушылық та, қорқыныш сезімі де болды. Бірақ қазір емделіп жатқан Medicalpark Antalya клиникасының мамандарына сенім арттым. Бұл жақтағы мамандар осы клиникаға өте жақсы баға берді. Осында операция жасатқан өзге донорлар да алғашқы 3-5 күнде тұрып кетесіз, бәрі жақсы болады деп айтты. Бәрі рас, оған өзімнің көзім жетті. Алғаш келген кезде дәрігермен, клиникадағы басқа да мамандармен сөйлесіп, көңілдегі алаңдаушылықтан арылдым. Клиника қызметкерлері де ертіп жүріп, бәрін толықтай таныстырып, түсіндірді. Шын мәніне келсек,  отаға кіргенге дейін көңілімде қорқыныш тұрды. Оны жоққа шығарып, өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ сенің қорқынышың мен бір адамның өмірі бәсте тұрғанда қорқыныш сезімі түкке тұрғысыз болып қалады екен. Меніңше, адамдар кезінде соғысқа барарда қорықпады деген өтірік сияқты. Тек амал жоқ болып, шарасыздықтан барған болуы мүмкін. Ал мендегі сезім шарасыздық емес, ойлана келе пайда болған қорқыныш дегенге келеді. Десе де,  мамандар шынында да өз ісінің шебері екен. Бүгін отадан кейінгі үшінші күн. Кішкене жақсарып, өз-өзіме келіп, ес жинап қалдым. Medicalpark Antalya тек Анталья, Түркия емес, бүкіл Орталық Азиядағы мықты клиникалардың бірі екенін дәлелдеп жатыр. Себебі  қазірдің өзінде өзіміз білетін түркітілдес елдерден, Еуропадан көптеген адам  келіп, ем алып жатыр. Олармен сөйлескенде де барлығынан тек қана жақсы пікір естідім. – Операция сәтті өткенін естідік. Қазір кішкентай Әсияның жағдайы қалай? – Алғашқы операциямыз сәтті өтті. Маған да жақсы өтті деді. Операциядан  кейінгі процесс те жақсы жүріп жатыр деді. Тек балада бір қиындықтар болып, қайтадан операция жасалды. Енді сол отаның нәтижесін күтіп отырмыз. Операция балаға сәл ауырлау болды, себебі жаңа бауырды қабылдау ол оңай емес. Бүкіл қауіп-қатерді ескере отырып,  осындай шешім қабылдадық. Себебі  барлық мүмкіндікті көру қажет. Ал қазір бала дәрігерлердің бақылауында, жағдайдың жақсаруын әлі де күтіп отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет.