Ғалым Күнсұлу Закария жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысының өкімімен Күнсұлу Дальтонқызы Закария Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми хабарламада.
Күнсұлу Закария – әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі.
СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинаны әзірлеуге атсалысқан.
«Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналының бас редакторы.
200-ден астам ғылыми жарияланым, 8 ғылыми-әдістемелік құрал, 5 монография, 29 өнертабысқа берілетін патент, оның ішінде, 2 халықаралық патенттің, профилактикалық және диагностикалық препараттар өндірісі бойынша 7 нормативтік-техникалық құжаттың авторы.
ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемасын ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры қызметін атқарды.
2022 жылы «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымына тағайындалған болатын.