«Құмар ойынның зынданына түскендер күн санап артып келеді» – Депутат Қазақстанда букмекерлік кеңселерге бақылауды күшейтуді ұсынды
«Құмар ойынның зынданына түскендер күн санап артып келеді» – Депутат Қазақстанда букмекерлік кеңселерге бақылауды күшейтуді ұсынды
829
оқылды
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан елдегі букмекерлік кеңселерге бақылауды күшейтуді ұсынып, Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында қазақстандықтарды құмар ойындардың құрығынан қорғау шараларын қабылдауды баса айтқан болатын. Депутат осыны негізге ала отырып аталған мәселеге қатысты бірнеше ұсыныс білдірді.
«Тамырын терең жайған құмар ойын шырмауық секілді күндіз-түні өрімдей жастарымызды шырмап, қалада да, далада да есірткіге еліткен жандай ес-түсінен айырып, түрлі онлайн интернет-казинолар мен терминалдарға телміртіп қойды. Нәтижесінде, құмар ойынға шатылғандар адам айтса сенгісіз ауыр қылмыстарға барып, қатігездіктің ошағы белең алып барады. Ірі көлемде ақшасынан ұтылған шымкенттік азамат ай-күннің аманында анасы мен атасын құрбан етті. Дәл осы Астанада оңай олжа таппақ болған отандасымыз қалтасындағы ақшасынан қағылған соң өзінің азаматтық некедегі әйелін мерт қылды. Жылдар бойы құмар ойынның құрбаны болып, 200 миллион ақшасынан айырылған желіде ашық жариялаған маңғыстаулық азаматтың күйзелістен нендей шараға барғаны есімізден шыға қойған жоқ. Қаншама жас отбасы айырылысып, перзентінің күйігіне шыдамаған неше шаңырақ күйреп жатыр?.. Мысалдарды мыңдап келтіруге болады», – деп атап өтті ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, 2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 52 млрд теңгеге артып кеткен және 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 млрд теңге) жоғары.
«Құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу – қызмет көрсету көлемі бойынша жылжымайтын мүлікті рәсімдеуден, (2,6 есе), сәулет, инженерлік ізденістер, техникалық сынақтар және талдау саласындағы қызметтен (1,7 есе), компьютерлік бағдарламалау мен консультациялық қызметтерден (1,4 есе) кейінгі орында тұр. «AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институтының» жасаған әлеуметтік зерттеуде халықтың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін айтқан. Респонденттердің 66,1%-ы  ойынқұмарлықты тәуелділік деп санаған. Бұл ретте, респонденттердің 61%-ы, әсіресе, ауыл тұрғындары (65,5%) Қазақстандағы букмекерлік кеңселердің жұмысына қатаң тыйым салу қажеттігін құптаған» – деп нақтылады депутат.
Букмекерлік кеңселер өз қызметін жарнамалауға және қазақстандықтарды құмар ойындарға барынша көптеп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Депутат олардың теледидарда, радиода және интернетте жарнамасы қызып тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Қоғамдық орындардағы ешқандай жауапты органдар бақыламайтын лотерея терминалдары азаматтардың болашағына балта шабуда. Кәмелетке толмаған, буыны қатпаған бүтін бір ұрпақ сол темір терминалдардың құрсауында жүр. Ал бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 444-бабының 2-бөлігінің талабы бойынша тыйым салынған. Жанарбек Әшімжан «AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында жарнамасына толық тыйым салу арқылы қазақстандықтарды қаржы пирамидаларынан, онлайн-казинолардан және басқа да қауіпті құмар ойындардан қорғауды жауапкершілігіне алғанын атап өтті.
«Әлемдік тәжірибеде, құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу шараларын қабылдауға ниетті тек Қазақстан ғана емес. Мәселен, Италия 2019 жылы құмар ойындар мен букмекерлік компанияларды жарнамалауға тыйым салды. Әзербайжанда 2021 жылдан бастап құмар ойындар, бәс тігу мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынды, ал Бельгия үкіметі 2023 жылдан букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды жарнамалауға біртіндеп тыйым салу туралы заңдар қабылдады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген. Біздің бесігіміз – жастар! Ал сол елге еге болады деген жастарымыз қоғам жылуын сезінбегендіктен есігі айқара ашық құмар ойындардың ошағындағы отқа жылынып жүр. Құмар ойын дегеніміз – қып-қызыл от! Ол от бүгін ұрпағымызға ауыз салса, ертең қоғамымызды өртке орайды. Сондықтан, құмар ойындардың зынданына түскендердің күн санап артып бара жатқанын ескере отырып, біз Үкіметтен мына нақты іс-шараларды жедел түрде  қолға алуын талап етеміз. Бірінші, букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек. Екінші, қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек. Үшінші, елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрондық казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет. Төртінші, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған «Lotomatic» секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек. Бесінші, жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу керек» – деп түйіндеді депутат.