Жамбыл облысы Тараз қаласының №13 тергеу изоляторында «Қаңтар оқиғасына» қатысы бар деген күдікпен ұсталған Әділет Ахыт өз-өзіне қол жұмсау мақсатында, ішіне шеге тығып алғаны туралы ақпарат пайда болды. Жігіттің анасы Алтыншаш Бекбатшаева ақпаратты растады.
Orda.kz редакциясынан араша сұраған Алтыншаш Бекбатшаева ұлына барғанын және оның психологиялық тұрғыда шаршағанын жеткізді.
«Қазір Әділет Ахыт балама заңсыз айыптар тағылып жатыр. Соның себептерінен жалған куәгерлермен, жалған айыптауда. Оның бәрі дәлелденді, бәрі құқық қорғау органдарының қысымдарымен жасалғандығы. Енді олар тағы куәгерлерді тауып, балама «жалған айғақ» бергізіп жатыр. Қазір балама кіріп шықтым, бұндай жағдайға не үшін барғанын сұрадым, ол маған «мама психологиялық тұрғыда шаршадым. Ешқандай әділдік жоқ. Мен шындыққа жете алмадым. Мен үшін біреу қиналғанын қаламаймын. Жалған жауаптарды алып, жалған куәгерлерді тауып (жатыр-ред.). Жасалған қылмысым болса дәлелдеп берсін, болмаса мені ақтасын. Ақталмасам болып жатқан әділетсіздік үшін өміріммен өз-өзіме қол жұмсап қоштасамын» деп айтты», – дейді ол.
Күдіктінің анасы әділдік жоқ екенін алға тартады.
«Заңсыздықтарды ажыратып берсе екен. Заңды шешім қабылданбайды, әділдік жоқ. Менің қолымда құжатпен дәлелденген айғақтар бар. Оған заң органдары дұрыс көзбен қарамады. Менің балам 18 емес, 25 жаста. Балам қылмыс жасаса дәлелдеп, заңды жазасын өтесін», – дейді Алтыншаш Бекбатшаева.