Олар 1984 жылы туған әкесі және төрт баласы.
Алматы облысында белгісіз заттан уланған бір отбасының бес адамы қайтыс болды
4,194
оқылды

 Алматы облысында бір отбасының бес адамы қайтыс болды. Олар 1984 жылы туған әкесі және төрт баласы. Балалары 2010, 2008, 2013, 2018 жылдары туған.

«2023 жылғы 4 мамырда сағат 16.04-те Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің Көлашы ауылында жеке тұрғын үйде 6 адам (2 ересек және 4 бала) белгісіз заттан уланғаны туралы хабарлама түсті. Нәтижесінде, 1984 жылы туған ер адам (әкесі) және төрт бала (2010 жылы туған қызы және 2008, 2013, 2018 жылы туған ұлдары) қайтыс болды. 1985 жылы туған әйел (анасы) Шамалған ауылындағы Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасына жатқызылды», - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

1985 жылы туған әйел адамның жағдайы ауыр, реанимация бөлімінде жатыр.

«Алдын ала себептердің бірі - белгісіз заттан улану. Мән-жайларды анықтау үшін шақыру орнына ТЖ департаментінің зерттеу сынақ өрт зертханасы, газ қызметі және СЭС дереу жіберілді», - деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Алғашқы жиналған материал Қарасай ауданының полиция бөліміне берілді.