«AMANAT» партиясы өкілдері мұндай іс-шара дәстүрлі түрде тұрақты өткізілетінін атап өтті.
«AMANAT»: «Абай» операсын 100-ге жуық адам тегін тамашалады

«AMANAT» партиясының Алматы қаласы Алмалы аудандық филиалы «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында көпбалалы отбасылар мен қарттарға арналған театрда тегін көрсетілім өткізді.

Іс-шара Абай атындағы Алматы опера және балет театрында өтті. Сол күні театрға келген 100-ге жуық көрермен  (оның ішінде  20 көпбалалы отбасы) «Абай» операсын тамашалады.  

Бұл бастама қаржы жетіспейтіндіктен, мәдени іс-шараларға жиі қатыса алмайтындар үшін нағыз сыйлық болды.

«Біз мәдени іс-шаралардың қолжетімділігі барлығына тең болуы керек деп санаймыз. Экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға жиі тап болатын адамдардың да еліміздің мәдени жетістігін тамашалау өте маңызды», – деді ұйымдастырушылар.

Көрсетілім жылы және достық атмосферада өтті. Келушілер қойылымға дән риза болды. Олардың көпшілігі мұндай бастамалар мәдениетпен танысуға ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығына және қоғамдық байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, қара шаңырақ Абай атындағы опера және балет театры 15 жыл бойы партиямен осындай акция өткізіп келеді. «AMANAT» партиясы өкілдері  мұндай іс-шаралар дәстүрге айналатынын атап өтті. 

Сонымен қатар барлық ниет білдірушілерді осындай маңызды бастамаларға қосылуға шақырады.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы