Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов ұлдары істі болған депутат Ж.Дайрабаевқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер Палата Төрағасынан депутат Ж.Дайрабаевтың мандатын тапсыруды талап еткен петиция жөнінде сұрады.
«Дайрабаевқа келер болсақ, тікелей өзіне қатысты заңды мәселе туындап тұрған жоқ қой?! Оның балаларына қатысты мәселе бар. Сондықтан ел аузында жүрген депутаттардың балалары, туыстары ашық кеңістікте тұр. Олардың әрекетін «микроскоппен» қарап отырады. Әрбір шалт басқан қадам жарияланады. Егер заң бұзу депутат Дайрабаев тарапынан болса, әрине, бірінші кезекте «Ауыл» партиясы өз шешімін қабылдауы керек деп есептеймін», - дейді Е.Қошанов.
Бұл тұрғыда Мәжіліс Төрағасы заңды тұрғыда Дайрабаевқа ешқандай сұрақ жоқ екенін, осы мәселе бойынша Мәжілістің репутациясына зиян келмейтінін айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев істі болған балалары үшін кешірім сұрау жөнінде сұрақтарға жауап берді.
«Маған қоятын кінәңіз болса, соны айтыңыз, сол үшін кешірім сұраймын. Балалар өз тірлігіне өздері жауап береді. Айып етпеңіздер», - деді Ж.Дайрабаев.