Батыс Қазақстан облысында Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні мерекелері өте жоғары дең­гейде тойланды. Аймақта өткен ірі салтанатты шараларға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, батысқазқастандықтарды қос мереке­мен құттықтады.
Шат-шадыман көңіл күй сыйлады
985
оқылды

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Ата­мекен» өнер ордасында салтанатты жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген әскерилер мен қоғам белсенділерін марапаттады. 

Құттықтау сөзінде өңір басшысы қуатты армия еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі екенін атап өтті.

«Біздің әскеріміз елдің тыныштығы мен шекараның беріктігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Олар туралы айту, ерлігін насихаттау – біздің мақсатымыз. Біздің тыныштығымыздың кепілі – қуатты армия», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр.  Дәл осы күні облыс әкімі қаладағы 5517 әскери бөліміне барып, әскерилер мен сарбаздармен кездесті.

Аймақ басшысы әскерилерді Қарулы күштердің құрылған күнімен құттықтады. 

Одан бөлек, әскери қызметін адал атқарып, ел ертеңі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әскери қызмет­керлер мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының арда­герлерін мерекеге орай алғыс хаттармен марапаттады.

Дәл сол күні қалада «Жас сарбаздар» патриоттық акциясы өтті. Акцияға жалпы саны 700-ден астам мектеп оқушысы қатысты.

Акция барысында оқушыларға ел әскері туралы деректер айтылып, арнайы қойылымдар арқылы әскерилердің киімдері таныстырылды.

Отан қорғаушылар мерекесінен кейін өңірде Жеңіс күні де өз деңгейінде атап өтілді. 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ардагерлер «Мәң­гілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Гүл қою шара­сына өңірге танымал тұлғалар, депутаттар, мәдениет қызметкерлері мен әскерилер қатысты. 

Мерекелік кешке жиналғандар дәстүр бойынша сұм соғыста қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін жиналғандар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Сол жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев батысқазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Соғыс салған жара аға буынның жанында әлі бар. Біз ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алып отыруымыз керек. Арамызда жүрген соғыс ардагерлерін ардақтау, олардың ерлігін насихаттау – біздің міндет», – деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы. 

Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 16 соғыс ардагері бар. Олардың дені салтанатты шараға қатысты.

Жалпы, Жеңіс күні мерекесіне орай «Бауырластар зираты», «Қазақ халқының даңқты қыздары», Г.Жуков, Т.Масин ескерткіштеріне де гүл шоқтарын қою рәсімі жүрді.

Жеңіс алаңындағы салтанатты шарадан кейін аймақ басшысы Орал қаласында тұратын ардагерлердің үйіне барып мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті. 

Атап айтсақ, облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҰОС ардагері Анастасия Чегнахаева мен ҰОС ардагері, марқұм Хамза Сафиннің жары Ралида Арсланованың үйіне барды. 

Әкім ардагерлерге зор денсаулық тілеп, сыйлықтар табыс етті.