Астана астана атанып, бас шаһарға айналғанда алғаш болып құрылған Алматы ауданына биыл – 25 жыл. Осыған орай, қала әкімдігінің қолдауымен Бейбітшілік және келісім сарайында мерейтойлық кеш өтті.
Шаһардағы ширек ғасырлық аудан
742
оқылды

Еліміздің белгілі өнер майталмандары мен жас өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламадан бөлек, аудан өмірінен сыр шертетін бейнероликтерді тамашалауға мүмкіндік туды. Туған қаласының жаңарып, жасарғанын көрген тұрғындар ұйымдастырушыларға алғысын айтып, алдағы уақытта да аудандағы іргелі істердің арта беруіне тілектестік білдірді. 

Алматы ауданы 1998 жылғы 6 мамырда Пре­зидент Жарлығымен құрылды. Осы жылдар ішінде ауданда 827 көппәтерлі тұрғын үй кешені, 28 жалпы білім беретін мектеп, 27 мемлекеттік балабақша, 3 жаңа емхана мен 4 аурухана бой көтеріп, ел игілігіне айналды. Жаңадан 14 аула клубы ашылыпты. Сондай-ақ аудан аумағында ел­дегі тарихи сәттердің куәсі болған айшықты ғимараттар да бой көтерді. Айталық, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуел­сіздік Сарайы, Оқушылар сарайы, Қазақ драма театры, Достық үйі, «Қазақ Елі», Отан қорғау­шылар монументтері, «Бейбітшілік» қабырғасы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы сияқты көр­нек­ті нысандар салынды. Одан бөлек, соңғы жылдардың өзінде ғана әл-Фараби, күйші Дина, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Рахым­жан Қошқарбаев, Мұстафа Кемал Ататүрік, Иван Панфилов, Александр Пушкин және Шарль Де Голль сияқты тұлғаларға арналған 20 ескерткіш ор­натылды. Ал гольф клубы, «Президент», «Жер­ұйық», «Жерұйық-2», «Жастар», «Ататүрік», «Триа­тлон» саябақтары қала тұрғындары мен қонақтарының уақытын көңілді өткізуіне мүмкін­дік береді. Бұдан бөлек, Алматы ауданында сән салтанаты жарасқан субұрқақтар, индустриалды парк, көкөніс қоймасы және жылыжай кешені, әртүрлі спорт және тренажер алаңдары бар. 

Қазір бұл аудан тұрғындарының саны 370 мыңға жуықтапты. Алматы ауданының әкімі Мақ­сат Саматұлының сөзінше, соңғы бес жылдың өзінде 20 тұрғын үй кешені бой көтерген. Ал 2008 жылы аудан аумағының бір бөлігі «Есіл» ауданына, 2018 жылы тағы бір бөлігі «Байқоңыр» ауданына берілген екен. «Ширек ғасыр ішінде ауданымыз адам танымастай өзгергеніне куә болдық және күн­нен-күнге көркейіп келеді. Алда көптеген жұ­мыстар күтіп тұр. Ауданымызды одан әрі дамытуға бар күшімізді саламыз», – дейді аудан әкімі.

Ширек ғасырлық мерейтойға арнайы ұйым­дас­тырылған шараға ауданның көркеюіне сүбелі үлес қосқан бұрынғы басшылық та қатысып, өнерпаздардың концертіне куә болды. Іс-шарада Алтынай Жорабаева, Қыдырәлі Болманов, До­сым­жан Таңатаров, Нұрболат Арзамас, Бауыржан Исаев, Argonya секілді әншілер әуелете ән айтса, «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі күмбірлете күй шертті. Сондай-ақ келген қонақтар Turan этно-фольклорлық ансамблі мен «Гүлдер» би ансамблінің мың бұралған бишілерінің кон­церттік бағдарламасын тамашалады.

Ж.АСҚАРБЕК