Бұдан кейін жиналғандар «ОТАНЫМ – АМАНАТЫМ» атты мерекелік концертте еліміздің танымал өнер адамдарының орындауында әсем ән мен тәтті күй тыңдап, әскерилердің дайындаған өнерін тамашалады.
Мерекелік шараның мақсаты – жастарды патриотизмге баулу, белсенді азаматтық ұстанымды насихаттау ғана емес, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарды тәрбиелеу. Сондықтан Астана қаласы әкімдігінің Креативті индустрияларды дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен ашық аспан астындағы мерекелік концертте әншілермен қатар, Мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштердің сарбаздары және Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, орталық әскери үрмелі аспаптар оркестрінің де дайындаған бағдарламасы ұсынылды.
Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Хамзиннің айтуынша, күндіз басталған мерекелік шараға келушілердің аз болмады. Алдымен балаларға базарлық ретінде аниматорлар түрлі ойындар ұйымдастырып, қызықты интерактивті шараның көрігін қыздырды. Одан кейін көпшілікке арналған ұлттық құндылықтарға дәріптейтін көрме ұйымдастырылып, қазақтың киіз үйі мен қазақ батырларының жауынгерлік құрал-саймандары қойылды. Сондай-ақ жиналғандар спорттық ойындарда өзара күш сынасты. Бұдан кейін Ұлттық әскери патриоттық орталықтың үрмелі аспаптар оркестрі мерекелік шараға арналған концерттің шымылдығын ашып, Мемлекеттік күзет қызметі сарбаздары дайындаған бағдарлама көпшілікке көрсетілді.
«Астанаға көшіп келгеніме бірнеше жыл болды. Бұл қаладағы кез келген мереке осындай үлкен деңгейде ұйымдастырылып, әртүрлі қызықты ойындар өтуімен ерекше деп айтар едім. Бүгін өзіммен бірге ата-анамды да ертіп келдім. Олардың да көңілінен шығып жатқан секілді. Жүздері бал-бұл жанып, жастық шақтарын еске алып жатыр», – дейді елордалық Қуандық Сұлтанбай. Ал астаналық Айым Сыдықова концерттің көрермені ғана емес, сахнада өнер көрсететін жарына қолдау білдіру үшін қызы екеуі келгенін айта келіп: «Отағасы Тілек Сыдықовты қолдауға әрі мерекелік концертті тамашалауға келіп тұрмын. Ер азаматтардың барлығын мейрамымен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, табыс, денсаулық тілеймін. Ата-аналары, арқа сүйер жақындары аман болсын!» деген тілегін білдірді.
Астанаға ат арылтып Арқалық қаласынан келген қонақ Жанкелді Бақытжанұлы да концертті отбасымен бірге тамашалады. Осындай рухқа толы мерекелік шараның мән-маңызын бойына сіңіріп өскен болашақ Отан қорғаушылар нағыз ел мен жерді жаудан қорғай алатын жігерлі жігітке айналатынын айтты.
Көрермен көзайымына айналып, талантымен тамсандырып жүрген классикалық опера әншісі Азамат Жылтыркөзов айтулы мерекенің астарында үлкен тәрбие жатқанын жеткізді. Сөз соңында ол елдің тыныштығы жолында тікеден тік тұрып қызмет ететін саптағы сарбаздарға сарқылмас төзім, елімізде тыныштық болсын деген тілегін білдірді.
Жадыра МҮСІЛІМ