Бүгін әлеуметтік желіде мектеп бітіруші түлектердің «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны болмайтыны туралы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Qaz365.kz.
Блогер Сәуле Бикитеева осындай жазба қалдырған.
«Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөлімі тараптарынан 2022-2023 оқу жылын аяқтау туралы берген нұсқаулығына байланысты биылғы оқу жылы 31 мамыр күнімен аяқталады. 31 мамыр күні мектеп алаңында жалпы сапқа тұрғызып өткізетін «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны болмайтын болды. Сабақ кестесі бойынша барлық сабақтар өткізілген соң, оқу жылының соңғы сынып сағаты әрбір сынып бөлмесінде 45 минут ұзақтықпен өткізіледі. Оқу жылын үздік бітірген оқушыларға мақтау қағазын мектеп басшысының атынан сынып жетекшілері табыстайды», – деп жазған блогер.
Ол сынып сағаттарына сырттан ешқандай қонақтар, ата-аналар т.б. шақырылмайды және қатыстырылмайды деп отыр.
Пікір білдірушілер өз қарсылықтарын жазған. Көбі мұны қолдамай жатыр. Осы ретте Оғу-ағарту министрлігіне хабарласқан едік, баспасөз қызметі 15 мамырға дейін күтуімізді сұрады. Әзірге ресми ештеңе қабылданған жоқ деді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, жыл басында депутат Аманжол Әлтай министрлікке сауал жолдап, «соңғы қоңырау» кешін 31 мамырдан 1 маусымға ауыстырған еді.