Жазғы кезеңде балалардың жазатайым жағдайға түсіп, қаза табуы жиі кездеседі.
Балалардың қауіпсіздігі басты назарда
794
оқылды

Жаз мезгілінде балаларда бос уақыт көп. Сондықтан асыр салып аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Әсіресе жазғы демалыс уақытында олардың белсенділігі артады. Қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті. Ал оның соңы жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін. Салдарынан жазғы кезеңдегі балалардың негізгі жазатайым оқиғаларына су айдындарында балалардың қаза болуы кіреді.

Сол үшін жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Департамент жергілікті атқарушы орган және басқа құзыретті мекемелермен бірлесіп жыл сайын іс-шаралар кешенін тұрақты жүргізеді. Биыл да балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып отыр. Жазда балалар көбінесе ересектердің қарауынсыз қалып су айдындарына, әдетте, қайғылы оқиғалар орын алатын жабдықталмаған жерлерге шомылады. Су айдындарында балалардың қауіпсіздік мәселесі ерекше алаңдаушылық тудырады. Мәселен, соңғы 5 жылда облыс бойынша 102 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 28-і бала. Былтыр да шомылу маусымында суға батып кеткен 15 адамның 6-ы кәмелетке толмаған. Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының айтуынша, су айдындарындағы адам өліміне тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде, мас күйінде шомылу, жүзе алмау мен балаларды қараусыз қалдыру жиі себеп болып жатады екен. «Балалардың өмірі мен денсаулығына ересектер жауап береді.  Ең алдымен біздер, ата-аналар жазғы кезеңде балаларға қауіпсіз жағдай жасауымыз керек. Ата-аналар ең бірінші кезекте баланы қараусыз қалдырмауды қаперде ұстағандары дұрыс. Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында Департамент үзбелі түбіртегі бар жадынама әзірлеп, ата-аналарға қол қойғызылып, тапсырылады», – дейді департамент қызметкерлері.

Бүгінгі күні су айдындарының қауіпті, шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде 303 тыйым салу белгілері мен 77 ақпараттық стендтер орнатылған.

Былтыр қыркүйек пен биыл 28 наурыз аралығында облыс бойынша 4076 бала жүзуге оқытылған. Соның ішінде  тегін бассейндерде – 1406, ақылы бассейндерде – 2670 бала жүзудің қыр-сырын меңгеріпті. Сондай-ақ облыстың 556 білім беру мекемесінде су айдындарындағы қауіпсіздік бұрыштары құрылды. Ал шомылу кезеңіндегі төтенше жағдайларға ден қою үшін
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті 70 құтқарушыны, 20 жүзу құралы және патрульдеу үшін 12 автокөлікті дайындады. Одан басқа департаменттің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары наурыз айында 1 бала, Орал қаласының орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысын құтқарған.
Ол достарымен ойнап жүріп суға түсіп кетіп, ағаш бұтағына ілініп қалған. Оны өтіп бара жатқан адам көріп құтқарушыларды оқиға орнына шақырған көрінеді. Биыл наурызда Орал қаласы, Жеңіс алаңы ауданының «Стелла» монументінің жанында тайып, суға түсіп кетіп, артынша ағаш бұтағына ілініп қалған жасөспірімге дер кезінде көмек көрсетіліп, ажалдан аман қалды.

Биыл да жазғы кезеңде рейдтік іс-шараларды өткізу және халықты ақпаратт үшін облыстың төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы орган, полиция және көліктік бақылау инспекциясы жеке құрамының 400-ден астам адамы жұмылдырылатын болады. Сондай-ақ, еріктілерді тарту жоспарлануда. Облыс әкімінің өкімімен «Облыс су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары» бекітіліп, оның негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізілмек.

Десе де департамент өкілдері демалыс пайдалы әрі ол туралы тек жақсы естеліктер қалатындай болуын ерекше ескертеді. Бұл үшін демалыс орындарындағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы естен шығармаған абзал. Ал жазатайым жағдайды болдырмау үшін, тыйым салынған жерлерге бармау керек. Мәселен, «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға, жүзудің шекарасын белгілейтін қалқыбелгілерден кейін жүзуге, шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жүзуге, суға қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жағажайлардан, табиғи құралымдардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан секіруге болмайды. Сонымен бірге жалған дабыл айқайларын беруге, алкольді ішімдіктер ішіп және есірткіге мас күйде суға шомылуға, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге және балаларға ересектерсіз суға кіруге жол берілмейді. Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңыздылығын айтқан мамандар, төтенше жағдайға тап болғандарға 112 нөміріне хабарласу қажеттігін де қаперге салады. Сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзып, талапты орындамаған демалушыларға жауапкершілік те қаралуы мүмкін. Мәселен, ескерту белгілері мен суда жүзу ережелерін орындамағандарға Құқық бұзушылық әкімшілігі кодексінің 412-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 24 150 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

Жаздағы демалыс аймақ басшысы  Н.Төреғалиевтің жіті  назарында. Өңір басшысы бұл мәселеге ерекше мән беріп, биыл сәуір айында өткен жедел штаб отырысында барлық қажетті құрылымдарға судағы қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша тапсырма берді.