Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстан елшісі  Әзербайжан Сыртқы істер министрімен кездесті

Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы жаңа тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел осы елдің Сыртқы істер министрі Жейхун Байрамовпен кездесті. Кездесу басында Ә.Байел әзербайжандық сыртқы саяси ведомство басшысына сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Ж. Байрамов Елшіні қызметке тағайындалуымен құттықтап, оған толайым табыс тіледі. Өз кезегінде Ә.Байел Қазақстан халқы мен Президентінің сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын білдірді, сондай-ақ, Министр Байрамовқа қазақстандық әріптесі Мұрат Нұртілеудің ізгі тілектерін жеткізді.

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Ә. Байел Мемлекет басшылары айқындаған бағдардың нәтижесінде бүгінде Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығының барлық салаларында стратегиялық әріптестікті тереңдету мен дамытуға мүмкіндік беретін өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейі қалыптасқанын атап өтті. Қазақстандық дипломат қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Өз кезегінде Ж. Байрамов Ә. Байелдің әзербайжан тілін тамаша меңгергенін атай отырып, бұл жайттың Елшінің жұмысы тұрғысынан айтарлықтай артықшылық болатынына сенім білдірді. Әзербайжан СІМ-нің басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы кең ауқымды екіжақты және көпжақты қарым-қатынастардың динамикасын қанағаттанарлықпен атай отырып, екі бауырлас халықтың тарихи әрі мәдени тамырлары ортақ екеніне тоқталды.

Тараптар өзара іс-қимылдың халықаралық ұйымдар аясындағы маңызды бағыттарында бірлесе күш-жігер жұмсауды жалғастыра беру қажеттігіне назар аударды. Осы ретте Қазақстан мен Әзербайжанның бастамасымен құрылған Түркі мемлекеттері ұйымының әлемдік аренадағы беделінің артып келе жатқаны ерекше аталып өтті.

Бүгінде қазақ-әзербайжан екіжақты ынтымақтастығының негізгі жобалары арасында Транскаспий көлік бағытын одан әрі дамыту, қазақстандық энергетикалық ресурстардың экспортын әртараптандыру, Каспий теңізінің түбі арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту және т.б. бар. Алдағы кезеңнің негізгі мақсаттарының бірі ретінде өзара сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізу мәселесі белгіленіп отыр.