Жиналғандар оның кінәсіздігі туралы мәлімдеп, объективті тергеуді талап етті.
"2 500 АҚШ доллары көлемінде пара берген": Астанада шенеуніктің туыстары митингке шықты
852
оқылды

Астанада Антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті адамның туыстары мен достарының санкцияланған митингі өтті.

 

Антикордың баспасөз қызметі мәлім еткендей, жиналғандар оның кінәсіздігі туралы мәлімдеп, объективті тергеуді талап етті.

«Астана қаласы бойынша Антикоррупциялық қызмет «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің Ұлттық сараптама орталығы» Жетісу филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Ол Ұлттық орталық басшылығына Алматы облысына осындай қызметке ауысқаны үшін 2 500 АҚШ доллары көлемінде пара берді деп күдіктеніп отыр», – делінген Антикор хабарламасында.

Аталған адамның іс-әрекетінің саралануы прокуратурамен келісілген.

«2023 жылы 31 наурызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.